Дермене тұрақтары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Дермене 1, 2, 3, 4 тұрақтарынеолит дөуірінен сақталған ескерткіштер. Ордабасы ауданы, Дермене ауылының төңірегінде. 1974 ж. Оңтүстік Қазақстан кешенді археология экспедицияның тас ғасырын зерттеумен айналысатын отряды (жетекшісі Х. Алпысбаев) ашқан. Дермене тұрақтары тас құралдарының арасынан палеолит бұйымдары да ұшырасады. Бұл аталмыш өңірді адамдар ерте кезден мекендегендігін көрсетеді. Еңбек құралдары ашық-сұр халцедон мен шақпақтасты порфириттен дайындалған. Тас жаңқалары басым. Дермене ауылының маңынан 4 жерден тас бұйымдар жиынтығы табылган.

  • Дермене-1 тұрағы ауылдан солтүстік батысқа қарай 2 км жерде. Тұрақтан пышақ тәрізді тас тілікшелер, жаңқалар табылған.
  • Одан солтүстік-батысқа қарай 600—800 м жерде Дермене-2 тұрағы орналасқан.
  • Дермене-З нысаны ауылдан солтүстік-батысқа қарай 5 км жерде.
  • Дермене-4 ескерткіші ауылдан солтүстік-шығысқа қарай 2,5—3 км жерден анықталған.
    Жоғарыда аталған тас құралдарынан басқа кескіштер, түзетілген бұйымдар жинастырылған. Табылған тас тілікшелерінің тұрпаты мен өңделуіне қарап және оларды терең талдай келе X. Алпысбаев Дермене тұрақтарын неолит заманына жатқызады. Үлкен тас жаңқасынан жасалған бірнеше кескіштер кездескен. Қыш ыдыстар табылмаған. Соған Карағанда Дермене тұрақтарын мекендеушілер жануарлар терісінен жасалынған ыдыстарды пайдаланған болуы ықтимал.<ref>Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2</ref>

Дереккөздер

<references/>