Дала уәлаятының газеті

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Дала уалаятының газеті - 1888 жылдың 1 қаңтарынан 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде "Акмолинские областные ведомоства" газетіне қосымша ретінде шығып тұрған ресми газет. Оның жарыққа шығуы — 1882 ж. құрамына Ақмола, Семей және Жетісу облыстары кірген Дала генерал-губернаторлығының құрылуымен байланысты. Газеттің басты мақсаты — жергілікті халықты үкімет жарлықтарымен таныстырып отыру. Қазақшасының редакторлары — Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхамед Сұлтанғазин.

Газеттің бейресми бөлімінде Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов туралы деректер басылған. Абай,М.Ж.Көпеев, Шәкәрім, Ә.Бөкейханов, А.Құрманбаев, О.Әлжанов, С.Шорманов, М.Жанайдаров, К.Жапанов, Б.Сыртанов, Ж.Ақбаев, Ж.Айманов, т.б. шығармалары, хаттары, мақалалары басылып тұрған. Оларда бұдан бір ғасыр бұрынғы қазақтардың қоғамдық-саяси өмірі бейнеленуі, әлеуметтік жағдайы, экономикасы, шаруашылығы, мәдениеті, салт-дәстүрі, т.б. туралы мол мәліметтер берілген. Қазақ ауыз әдебиетінің нұсқалары ("Қозы Көрпеш — Баян сұлу", "Нөрік батыр", "Еңлік-Кебек", "Бозжігіт"), Алдаркөсе, Жиренше шешен, Қожанасыр аңыздары, Шығыс сюжеттері ("Мың бір түн", "Шаһнаме", "Фархат —Шырын"), мақал-мәтелдер, жұмбақтар, орыстың белгілі ақын, жазушыларының кейбір шығармаларынан аудармалар жарияланған.

"Дала уалаятының газеті" басында көлемі 1/2 баспа табақ болып 4 бетке басылып тұрған. 1888 жылғы 8-санынан газет көлемі екі есе көбейтіліп, тұтас бір баспа табаққа жетіп, 8 бет болып шыққан. 4 беттік сандарында газет беті екі бөлікке бөлініп басылған. Сол жақтағы 1-бөлігінде араб әріптерімен жазылған қазақша мақалалар, оң жақтағы 2-бөлігінде орыс тіліндегі материалдар басылған. Ал 8 беттік нөмірлерінде алғашқы төрт беті түгел қазақша, қалған төрт беті орысша басылған. "Дала уалаятының газеті" аптасына бір рет, алдымен жұма сайын, кейіннен жексенбі сайын шығып тұрған. Ү.Сұбханбердинаның құрастыруымен "Дала уалаятының газетінің" материалдар жинағы 150 б.т. тұратын 4 кітап болып, 1996 ж. "Дала уалаятының газетінің" 5-кітабы, мазмұндалған библиофилософия көрсеткіші жарыққа шықты.<ref>Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}