Гастрит

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Гастрит

Асқазанның созылмалы қабыну сырқаты жиі кездесетін аурулардың бірі. Асқазанның созылмалы аурулары көбіне мектепке дейін және мектеп жасында басталады. Созылмалы гастриттер көп жағдайда бұл ауруға тектік бейімділігі бар балаларда байқалады. Асқазанның созылмалы паталогиясының қалыптасуына аналардағы жүктілік кезінде паталогиялар болған, жасанды тамақпен қоректендірілген, тегінде ауыр аллергиялары бар балалар бейім. Сырқаттың туындау себептері - астан улану, ішек жұқпалары, тамақтану уақыты мен сапасы бұзылғанда, тамақты құрғақтай жеу, асығып шайнау, ұзақ дәрілер ішуден, басқа да ас қорыту ағзаларының зақымдануынан, өт жолының, бауырдың, ішектің асқазанға рефлекторлық әсерінен, ішек құрттары, ішек дисбактериозы пайда болады. Балалардағы созылмалы гастрит клиникасы ересектердікіне ұқсас келеді. Белгілері - іштің ауруы, ауырсыну, ұстама тәріздес эпигастрит тұста байқалады, лоқсу, өт аралас құсық, кекірік болуы мүмкін. Тері түсі бозғылттанады, көз асты көгереді, салмағы түсуі мүмкін. Үлкен дәреті бұзылып, іші қатады. Қолмен басып қарағанда іштің жоғарғы бөлігі ауырады, кіндік тұсы да ауырсынады. Нақтама қою үшін фиброгастродуоденоскопия жасатып, бауыр, өт жолдарын УЗИ, ішек құртына зерттеулер жүргізу қажет. Негізгі емі - емдік тамақтану. Ащы, қышқыл дәмді, қақталған, ысталған тағамдарды, кока-кола секілді газдалған сусындарды ішіп-жеуге болмайды. Ботқалар, шырышты сорпалар, буға пісірілген котлеттер, қайнатылған ет, балық, көкөніс пен жемістердің езбелері, жеміс шырындары, сүзбе, омлет, айран беріледі. Тамақтан кейін таза ауада 30-40 минут серуендеу пайдалы. Балаларға қатты жүгіруге, секіруге, ауыр заттарды көтеруге болмайды. Ауыз, тіс тазалығын сақтау міндетті. Емдік дәрілер асқазанның секреторлық қызметінің жағдайына байланысты тағайындалады. Ауырған бала уақытында дәрігерге қаралып,кеңес алу қажет, жазылып кетеді.

Созылмалы гастрит

Созылмалы гастрит - асқазан кілегей қабығының жасушалық инфильтрациясымен, регенерациясының бұзылысымен жүретін және үнемі бездік эпителийдің атрофиясына, кілегей қабықтың ішектік метаплазиясына алып келіп, асқазанның секрециялық моторикалық инкрециялық функцияларының жетіспеушілігін туғызатын, асқазан кілегей қабығының созылмалы қабыну ауруы.

Этиологиясы

Созылмалы гастрит- полиэтиологиялық ауру. Асқынуына алып келетін себептер: • хеликобактерлік инфекция (95%) • аутоиммундық фактор (15-18%) • дуоденогастральдік рефлюкс; • ұзақ қолданған дәрмектердің әсері, стероидтық емес қабынуға қарсы дәрмектердің, калий хлоридінің, резерпиннің, туберкулезге қарсы дәрмектердің т.б. әсері; • алиментарлық факторлар (уақытымен тамақтанбау, тамақты дұрыс шайнамай жұту, аса өткір, ыстық немесе салқын тағамдарға әуесқойлық) • зиянды әдеттер; • өзге ағзалардың аурулары (анемия, өкпенің, жүректің, бүйректің жетіспеушілігі, созылмалы холецистит, панкреатит, дуоденит); Созылмалы гастрит дамуының ең басты себебі - хеликобактерлік инфекция - 90-95%.

Патогенезі

Аталған факторлардың ұзақ әсер етуінен асқазан эпителийінің регенерациялық қасиеті төмендейді, қабыну процессі дамиды, жүре келе қалыпты эпителий мен бездер жойылып, асқазанның кілегей қабығында атрофиялық және ішектік метаплазия процесстері туындайды. Кілегей қабықтың атрофиясы ақырында асқазан секрециясының жетіспеушілігіне әкеледі.

Жіктемесі

Созылмалы гастриттің 3 түрін айырады: атрофиясыз; атрофиялық; ерекше түрлері. Атрофиясыз гастриттің басты себебі - Н.Pylori. Атрофиялық гастриттің өзі 2 түрге бөлінген: аутоиммундық және мультифокальдық.<ref>http://www.kazref.kz/newtemp.php?id=246</ref>

Дереккөздер

<references/>