Венгрия революциясы (1848—1849 жж)

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Венгрия революциясы

Венгриядағы революция (184849) – Аустрия империясының құрамына кіретін Венгряилық корольдігінде болған 1848-1849 жылдардағы Еуропада болған демократиялық революцияларының бірі.

Мақсаты – елдегі феодалдық-басыбайлы құрылысты және ұлттық езгіні жою, Венгрияны ұлттық тәуелсіз мемлекетке айналдыру. 19 ғасырдың ортасында Габсбургтердің билігінде және Австрия империясының бір бөлігі болған Венгрияда ішкі қайшылық ушықты. 1848 жылы 15 наурызда Пешттің жұмысшылары, қолөнершілері, буржуазиялық элементтері Ш. Петефи және П. Вашваридің басшылығымен көтеріліс жасады. Өкімет билігі Қоғамдық құтқару комитетінің қолына көшті. Комитет цензураға тыйым салып, ұлттық гвардия құруды жариялады. 17 наурызда император Фердинанд I либералдық дворян опозициясының басшысы Л. Баттяниді Венгрияның премьер-министрі етіп тағайындады. Баттянидің үкіметі барщина мен десятинаны жою, барщиналық үлесті шаруаларға беру туралы заң қабылдады. Бұл заңды шаруалардың бәрі бірдей пайдалана алмады. Жері жоқ шаруалар барщинадан помещиктермен жеке келісім жасау арқылы ғана құтыла алатын болды.

Венгрия іс жүзінде Габсбургтер әулетіне тәуелді күйінде қалды. Бұл халық бұқарасын қанағаттандырмады. 1848 жылы қыркүйекте Л. Кошут бастаған Отан қорғау комитетінің (қорғаныс ісін ұйымдастыратын басшы мүще ретінде 16 қыркүйекте құрылған) шақыруы бойынша революциялық ұлттық армия құрылды, армия Австрия әскерлеріне, хорват баны И. Елачичтің армиясына бірқатар ауыр соққы берді.