Бұқпа тағамы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Бұқпа - жазда марқаның етінен пісірілетін дәмді әрі жеңсік тағамдардың бірі. Кейде бір үйге сирек келетін, шақырып келтіре алмайтын сыйлы азаматтар келіп қалады. Олар сәлемге, әрі сусындап кетуге аз уақытқа ғана соққан. Мұндай кісілерге бір тоқтының басын көрсетпесе салт, дәстүр, жөн-жосық бойынша үй иесінің азаматтығына тағы мін. Дегенмен мұның жолы бар. Қымыз сапырылып, шай қайнап жатқанда үй иесі бір марқаны алып ұрады да дәмді әрі тез пісетін бұқпа әзірлей береді. Марқаның терісі сыпырылғаннан кейін, жіліктері мен омыртқалары өткір балтамен шабылады да қазанға салынады, аздап су құйылады. Қазан беті тығыз жабылады да ет өз буымен піседі. Піскен етті нан салмай-ақ қонақтар алдына қояды. Оңтүстік жақта бұл сірне деп аталады.

Дереккөз

• <ref>Қазақтың дархан дастарқаны - Алматы "Алматыкітап" ЖШС - 2005 ISBN 9665-24-559-2

</ref><references/>