Бірқарын бекінісі
Бірқарын бекінісі (ортағасыр) – Маңғыстау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.
Орналасқан жері
Маңғыстау ауданы, Жыңғылды ауылынан 14 км оңтүстік-батыс бағытта орналасқан. Бірқарын аталатын жердегі жалпақ келген үстірт мүйісте орын тепкен.
Сипаты
Бекіністі 2006 жылы Маңғыстау "Маңғыстау тарихи-мәдени қорығы" мемлекеттік мекемесінің "Ескерткіштер жинағын дайындау" экспедициясы зерттеген.
Бекініс қабырғаларының ұзындығы 80 м болып, кең үстірттің мүйісті жартастың шетін шектеп тұр. Жоспарда қабырға сызығы "далаға" қарай майысқан. Қабырға 2 жартылай дөңгелек диаметрі 3,5 м мұнаралармен бекітілген. Құрылысы жағынан қабырғасы лай балшығынсыз, қуыстарын малта тастармен толтыра отырып қаланған. Қаландының қалыңдығы 2 м жетіп, сақталған құрылыс биіктігі 2,5 м. Оңтүстік-шығыс жағынан ені 2 м болатын, қабырға мен құлыманың ортасында өтетін жер бар. Бекініс маңайында қандай да бір жер үстінде жатқан кездейсоқ материал табылмаған.<ref>М19 Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Маңғыстау облысы. - Өскемен: AsT prime, 2012. - 600 бет. ISBN 978-601-06-2031-5</ref>