Біліс Нұрпейісов

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Біліс Нұрпейісов (23 қаңтар 1919 жыл, Қарақалпақ автономиялық округі, Тақтакөпір ауданы – 23 сәуір 1945 жыл, Германия, Берлин) — Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, ұшқыш-штурман, гвардия аға лейтенанты, Кеңес Одағының Батыры.

Өмірбаяны

Ұлты — қазақ. Кіші жүздің Шөмекей руы, Бозғыл (Бозғұл) бұтағынан шыққан. Шежіресі: Біліс – Нұрпейіс – Қойгелді – Қарсақ – Шоқай – Қожамберді – Шыбынтай би – Ырысымбет би – Бекет би – Сөйін би – Келдібай батыр – Бозғұл би – Шөмекей.

Білімі және еңбек жолы

Біліс Нұрпейісов Қарақалпақ автономиялық округінің Петро-Александровский қаласындағы (қазіргі Төрткүл) Луначарский атындағы орта мектепте білім алды. Кейін Түрікменстандағы Түркменабат (бұрынғы Шарджоу) қаласында Орта Азия кеме шаруашылығының ФЗО мектебін, одан соң өзен-су көлігі техникумын тәмамдады.

Еңбек жолын «Альбатрос» жолаушылар катерінде капитанның көмекшісі болып бастады.

1935 жылы Төрткүл қаласындағы Қарақалпақ мұғалімдер институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны бітірген соң медициналық училищеде және Тақтакөпір ауданындағы орта мектепте қызмет атқарды.

1940 жылы Мелитополь әскери әуе училищесіне қабылданды.

Әскери қызметі

Ұлы Отан соғысының алғашқы кезеңінен бастап «Пе-2» бомбалаушы ұшағымен жау әскерлеріне қарсы әскери операцияларға қатысты. Әскери тапсырмаларды орындау кезінде жараланып, госпитальда емделді.

Кейін Бурят-Моңғол автономиялық республикасындағы Тайтуркен әскери авиация мектебінде арнайы дайындықтан өтті. 1943 жылы майданға қайта оралып, Жоғарғы Бас қолбасшылыққа тікелей бағынған 2-Беларусь майданының 4-әуе армиясы құрамындағы 47-жеке гвардиялық барлау авиациялық полкінде қызмет етті.

1943 жылдың күзінде экипаж құрамында (ұшқыш Дунаевский, атқыш-радист А. Волков) Жоғарғы қолбасшылықтың ерекше құпия тапсырмасымен бірнеше майдан шебінен өтіп, Берлин қаласының әуе барлау түсірілімін жүзеге асырды.

1944 жылы полк 3-Беларусь майданы құрамында Неман және Висла өзендері бағытындағы шабуыл операцияларына қатысты.

1945 жылдың наурызында Берлин маңындағы екі әуежайды барлау тапсырмасын орындап, қала орталығының батыс бөлігін жау әуе қорғанысына қарамастан суретке түсірді.

Кеңес Одағының Батыры

Әскери-стратегиялық нысандарды әуеден барлап, жойылуына үлес қосқаны үшін Біліс Нұрпейісовке КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 18 тамыздағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағыберілді.

Марапаттары

  • Ленин ордені (1945)
  • Қызыл Ту ордені (екі рет, 1944)
  • Қызыл Жұлдыз ордені (1944)
  • I және II дәрежелі Отан соғысы ордендері (1944)

Естелігі

  • Батырдың «Алтын Жұлдыз» медалі Өзбекстан Республикасының мемлекеттік музейінде сақтаулы.
  • КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығының түпнұсқа құжаты Алматы қаласында тұратын туған інісі Жүсіпбай Нұрпейісовтің қолында болған.
  • Қарақалпақстан Республикасында Біліс Нұрпейісовтің есімімен көше мен мектеп аталған.
  • Алматы қаласының Қалқаман ықшам ауданында, сондай-ақ Қызылорда қаласында батыр есімі берілген көшелер бар.
  • Қызылорда қаласындағы «Тағзым» алаңындағы ескерткіш тақтаға есімі жазылды (2015).
  • Жазушы Көлбай Адырбекұлы батырдың өмірі мен ерлігін «Жүрек жұтқан» (Алматы, 2009) деректі повесінде баяндаған.

Дереккөздер

<references/>

Үлгі:WikifyҮлгі:Stub