Білтелі мылтық

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Білтелі мылтықбілтемен от алатын мылтық атауы.

Білтелі мылтық оқпан түбіндегі түтікшеге тамызық-дәрі салып, білтені шақпақпен тұтатып от алдыру жолымен атылады. Білтелі мылтық атауы арабтың “фатила” деген сөзіне байланысты шыққан. Мұндай мылтықтар ең алғаш шығыс елдері мен арабтарда пайда болды. 15 ғ-дың соңы 16 ғ-дың басында мылтыққа білте қыстыратын түтікше орнына серіппелі құлақша және оны қозғалысқа келтіретін шүріппе қондырылады. Бұл от беру процесін біршама жеңілдетті. Шүріппелі мылтықтар әуелде Испанияда, содан соң Германия, Франция, Ресейде пайда болды. Мұны еуропалықтар мушкет деп атады. Оны бастапқы кезде мушкетерлер ғана қолданды. Ату сәтінде қатты тебетін болғандықтан, олар иықтарына былғарыдан мият (жастықша) байлап алатын болды. Бұлардың калибрі 20 мм шамасында, салмағы 8 — 10 кг болатын. Кезінде қазақтар арасына кең таралған бұл ауыр, ескі мылтық түрі туралы М.П. Вяткин былай дейді: “Қазақтар білтелі мылтық ұстаған. Мұндай мылтықты аттан түсіп, оның сирағын жерге тіреп барып атқан. Бұған сирақты көбінесе киіктің мүйізінен істеген”. Шындығында, қазақтар да Білтелі мылтықты жетілдіріп, атқан кезде тіреп қоятын жиналмалы ағаш сирақ қондырды. Жерге нық тұру және берік болу үшін оларды мүйізден не темірден жасады. Білтелі мылтықты қолдануға қажетті оқшантай, дәрі салынатын құты — дәндәку, шақпақ, т.б. кісе белдікке ілінеді. Білтелі мылтық 17 ғ-дың соңынан бастап алдымен Францияда, сонан соң өзге елдерде бірте-бірте қолданыстан шыға бастады. Қазақ жауынгерлері Білтелі мылтықты 19 ғ-дың аяғына дейін пайдаланып, ұсталар оны одан әрі жетілдірді. Білте орнына мыс оталғыш (пистон) қыстырып, қарауыл темір орнатты. Жауынгер бабаларынан қалған Білтелі мылтықтарды кейбір ұрпақтары 20 ғ-дың 60-жылдарына дейін сақтап, кейін музейлерге табыс еткен.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том</ref><ref>Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Әскери іс. Алматы:"Мектеп" ААҚ, 2001</ref><ref>Айбын. Энциклопедия. / Бас редакторы Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. ISBN 9965-893-73-Х</ref>

Дереккөздер

<references/>

Үлгі:Stub:Әскери іс {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}