Браулез

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Браулез (ара биті) – браула соска жәндігінің аналық немесе жұмысшы ара денесіне жабысып, қатты мазасыздандырып, ақырында тез арада өлтіріп тынатын инвазиялық ауру.

Қоздырғышы

Қоздырғышы– браула соска. Ол қызыл-күрең түсті, көлемі 1,1-1,3мм, денесі түкті, өте қозғалғыш үш жұп аяқтылы жәндік. Ара ұясында үш аптада толық өніп-өседі. Сақа браулалар артқы аяқтарымен аналық, жұмысшы аралардың басына мықтап жабысады. Алдыңғы аяқтарымен аралардың үстіңгі ернін тырналайды. Осының салдарынан ара аузына жем салғанда қатты мазасызданып, аузындағы шырынды қайта құсады. Осы сәтті аңдып тұрған браулалар дереу сорып алады. Браулалар өте қозғалғыш бір жерден екінші жерге еркін ауысады. Ара денесінен сыртқа түссе 2-3 күн тіршілік ете алады. Кейде бір аналық араға жүзден астам браулалар жабысып, бүкіл тыныс мүшелерін бітеп тастайды. Бұл жағдайда аналық ара жұмыртқалауын тоқтатып, әлсіреп өледі. Ал браула жабысқан жұмысшы аралардың гүл тозаңын, шырын жинау қабілеті төмендейді.

Ауруды анықтау

Ауруды анықтау – үшін браулаларды жинап алып, балға, глицеринге немесе спиртке салып лабораторияға жөнелтеді.

Емі

Емі– ауырған ара семьяларын фенотиазин түтінімен ыстайды, 1,5 г фенотиазинді қызарып шоқталған түтіндеткішке салып ақшыл қызғылт түтін шыққанда әр ұяның есікшесінен 30-40 рет үрлейді. Келесі ара семьясын осы әдіспен емдеп, ең соңында екі ұяға да қосымша 20 будақтан түтін жібереді. Емдеу жұмыстарын үш күн ұдайы кешке қарай жүргізіп, 10 күннен соң қайталайды. Ұядағы төселген қағаз үстіне құлап түскен браулаларды жинап өртейді.

Алдын алу шаралары

Алдын алу шаралары– омартаны карантинге жауып мал дәрігерлік- санитарлық қағидаларға сәйкес төмендегідей жұмыстар жүргізеді.Карездерді ұялардан алып уақытша қоймаға апарып қою арқылы браулалардың личинка, қуыршақтарын өлтіреді. Араға он күн салып қя едендерін, рамаларды тазалайды. Бал жинаған ұяшалардың бетін пышақпен кесіп ашып, браулалардың жүретін жолдарын бұзады.

Санитарлық баға

Санитарлық баға – араларды, ара аналықтарын және ара өнімдерін басқа шаруашылыққа және райондарға сатуға қатаң тиым салынады. Ұяшықтардан паразитті және личинкаларын тазалау мақсатында іс шаралар жүргізу қажет. Браулалардан басқа араларда басқа да паразиттер кездесуі мүмкін: шыбын личинкасы сенотаинии, қоңыздардың мелае тұқымының личинкасы, восктік қаракүйе (үлкен және кіші) және тағы басқа. <ref>Семей мемлекеттік университеті ,«Өсімдік, балық және ара шаруашылығы өнімдерін ветеринариялық санитариялық сараптау», оқу әдістемелік кешені, ПОӘК 042-14-03.01.20.9/032012ж</ref>

Дереккөздер

<references/>