Билер кеңесі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Билер кеңесі — дәстүрлі қазақ қоғамында өкілетті негізде қызмет атқарған ең жоғарғы кеңесші орган.

Билер кеңесі жылдың бір мезгілінде, әдетте, ел жайлауға көшіп болған соң өткізілген. Көбінесе, Сайрам маңындағы Мартөбеге, Сырдариядағы Күлтөбеге не Түркістан жанындағы Битөбеге шақырылған. Оған хан, сұлтандар, үш жүздің елге сыйлы, “қара қылды қақ жаратын” әділдігімен даңқы шыққан билері, батырлары қатысқан. Осындай кеңестің бірінде “қырық рудың өкілі” — қырық би қазіргі Сырдария облысы (Өзбекстан) Ангрен өзенінің сол жағасындағы “Ханабат” (Күлтөбе) деген жердегі Тәуке хан (1680 — 1718) ордасына жиналып, қазақ халқының заң кодексі — “Жеті Жарғыны” қабылдаған. Рулық алауыздықты жойып, қазақ ұлтын біріктіру, мемлекеттік тәртіпті нығайту мұратын көздеген Тәуке хан ел ішінде беделді билерге сүйене билік жүргізді. Ұлттық тұтастыққа іріткі саларлық ірі жанжалдар — руаралық “жер дауы, жесір дауы” өршігенде, ел шетіне жау тиіп, соғыс қаупі төнген кезде, көрші елдермен байланыс жасап, түрлі қарым-қатынас орнатар шақта билер кеңесін шақырып, негізгі мәселелерді бұқара өкілдері — билермен ақылдаса отырып шешкен. Билер кеңесінің шешімдерін ешкім бұза алмаған, хан да, қара да оны орындауға міндетті болған. Тәуке хан қалыптастырған осы демократиялық-құқықтық қағиданы қазақ даласын билеген кейінгі хандар да қатаң ұстанған. Билер кеңесінің шешімдері хан беделінен жоғары қойылғанымен, орталықтандырылған билік пен басқару ісіне қайшы келмеген. Ханның ұсынуымен мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылаған кезде “тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген моральдік принципке сүйенген. Қара бастың, ағайын-туыс пен аталастың ғана намысын қорғап, ру мүддесін ұлт мұратынан жоғары қоятын қылығы байқалған билер ел сенімінен, хан құрметінен айырылған. Ондай әділетсіздікпен, пайдакүнемдікпен аты шыққан адамдар билер кеңесіне шақырылмаған. Тәуке хан тұсында билер кеңесіне Ұлы жүзден үйсін Төле би Әлібекұлы, Орта жүзден арғын Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзден алшын Әйтеке би қатысқан. Сондай-ақ Едіге би, Тайкелтір би, Байдалы би, Шақшақ Жәнібек (би әрі батыр), Шеген би, Сасық би, Сәмеке би, т.б. көрнекті өкілдер болған.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том</ref>.<ref>Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}