Беткей

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Анықтама

Беткей — Жер бетіндегі және су астындағы табиғи объектілерде (тау, төбе, жота, ойыс, кемер, қия) экзогендік (сыртқы) және эндогендік (ішкі) процестер нәтижесінде қалыптасатын еңіс бет. Беткейдің құрылысы тау жыныстарының құрылымына, абсолюттік және салыстырмалы биіктігіне, беткейді түзеуші гравитациялық қозғалыстардың қарқындылығына тәуелді. Беткейдің негізгі көрсеткіші — оның құламалығы (қиялығы). Пішініне қарай беткейлер құламалы (900-қа жуық), тіктеу (550 шамасында) және еңістеу келген (200-қа дейін) болып ажыратылады. Беткейдің жер бедерін құрайтын жыныстардың гравитациялық қозғалысына қарай ысырынды, опырмалы, жылжымалы, сырғымалы (солифлюкциялы), шайынды (делювийлі) және эрозиялық болып жіктеледі.<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref>

Қосымша

Беткей - құрлықта (таулардың, қыраттардың шегінде, өзен аңғарларының бойында және тағы да басқалары), сонымен қатар теңіз бен мұхит түбінде эндогендік және экзогендік процестер нәтижесінде қалыптасқан жер бетінің еңісті бөліктері. Беткейлердін сипаты оларды түзетін тау жыныстарынын құрамына, құрылысына, жердің абсолют және салыстырмалы биіктігіне, беткейлік процестердің қаркындылығына, климат ерекшеліктеріне, өсімдік түрлеріне, беткейлер экспозициясына және табиғи ортаның басқа да құрамбөліктеріне байланысты. Қандай да бір түрінің гравитациялық қозғалыстарының басымдығы бойынша және бедер түзуші процестердің сипатына байланысты опырылымды, жылжымалы, солифлюкциялық, делювийлік, эрозиялық және тағы да басқалары деп бөледі. Бедердің маңызды көрсеткіші - олардың еңістігі. Таулы бедердің орташа еңістігі 20°-тан жоғары, ал жазық өлкелерде 2—3° шамасында.

Уақыт өткен сайын беткейлердің пішіні мен еңістігі өзгеріп тұрады.<ref name="ReferenceA">Қазақ тілі термињдерініњ салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: География және геодезия. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. — 264 бет. ISBN 9965-36-367-6</ref>

Беткей етегі, таулар етегі

Планда таулы құрылысты шектейтін және оның құламалы беткейлерін төмендеу жатқан тегіс және жайпақталған жазықтардан бөлетін сызық немесе енсіз жолақ беткей етегінің деңгейінен төменірек жерде эрозиялық және денудациялық процестер күрт азаяды.

Беткейдің (горизонтальдың) жатысы

Топографиялық картадағы көрші екі горизонтальдың арақашықтығы; беткейдің құламалығы мен бедер қимасының биіктігіне байланысты. Жатысты өлшеу беткейдің тіктігін жер бетінде тікелей бақылау жүргізбей-ақ анықтауға мүмкіндік береді.

Беткейдің құлдилығы

Беткейдің горизонталь жазық пен көлбеу бетінің арасындағы бұрыш. Әдетте градуспен өрнектеледі. Оны топографиялық карта бойынша анықтау үшін горизонтальдарды орналастыру шкаласы қолданылады.

Беткейлердің климаты

Беткейлердің экспозициясына, биіктігіне және тілімденуіне сәйкес калыптасатын тау беткейлерінің климат ерекшеліктері.

Беткейлерді терассалау

Суаруға қолайлы өңделген жер ауданын арттыру үшін, сонымен қатар топырақтың су эрозиясына қарсы күрес жүргізу мақсатында белестер арқылы шектелген алаңдар түрінде беткейлерде жасалған сатылар (жасанды террасалар). Беткейді терассалау ежелден бері жер бедері таулы және төбелі елдерде, әсіресе Жапония, Қытай, Филиппин, Индонезия, Үндіқытай, Оңтүстік Азия елдерінде таралған. Бірінің үстіне бірі орналасқан жасанды террассалар аталған елдердің едәуір аумағын алып жатыр. Сонымен қатар мұндай террасалар Оңтүстік Африкада, Түркияда, Грекияда, Италияда, Молдавияда, Кавказда және Орталық Азияда кездеседі.

Беткейлердің жайпақтануы

Денудация процестері мен материалдардың беткей етегінде шөгуінің бірлескен әсерінен беткейлердің төмендеуі мен тегістелуі. Көбінесе гумидтік климатты аудандарда денудация базисі неғұрлым тұрақты жағдайда пайда болады.

Беткейлердің инсоляциясы

Горизонт жазығына көлбеу жатқан жер бетінің сәуле түсіруі.

Беткейлердің шегінуі

Беткейлерді түзген тау жыныстарының физиқалық үгілуінен және денудация салдарынан баурайынан үгілу өнімдерінің жойылуынан беткейлердің шегінуі. Аридті және семиаридті климат аймақтарында тектоникалық тұрақты жағдайларда қарқынды түрде жүреді. Нәтижесінде, шегінген беткейлер шетінде педименттер қалыптасады.

Беткейлердің экспозиясы

Тау, аңғар беткейлерінің, оң және теріс бедер пішіндерінің дүние тұстарына (мысалы, беткейдің солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс экспозициясына) және көкжиек жазықтығына қатысты орналасуы. Беткейлердің экспозиясы жергілікті жердегі жылдың әр маусымында беткейге түскен Күн жарығының ұзақтығын анықтайды (инсоляциялық Беткейлердің экспозиясы). Беткейлердің экспозиясы басым жел бағытына (жел жақ беткей, ық жақ беткей), ылғал көздеріне — мүхиттар мен теңіздерге қатысты тау беткейлерінің орналасуына да байланысты болуы мүмкін.<ref name="ReferenceA"/>

Дереккөздер</span>

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}