Бестерек петроглифтері
Бестерек петроглифтері – Шығыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген қола дәуірінің ескерткіштері.
Орналасқан жері
Ұлан ауданы, Бестерек ауылының жанындағы Қалба жотасында, Тоқсабай, Қошанай, Түлеке, Қамысты Қарымсақ, т.б. қоныстар мен елді мекендер маңында тасқа қашап және сызу әдісімен салынған суреттер. Ерте темір дәуіріне жататын Бестерек 1 петроглифтер тобы Бестерек ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10-12 км, бұрынғы Медведка кенішінде орналасқан, Бестерек 2 петроглифтер тобы Бестерек ауылынан оңтүстік-шығысқа және солтүстік-шығысқа қарай 1-10 км жерінде орналасқан.
Петроглифтер сипаты
Адамдар мен аңдардың бейнелері көлемді әрі сол кезеңдерде кең тараған геометриялық төртбұрышты, қос үшбұрышты кейіпте салынған. Көпшілігі қола дәуірінің әр түрлі кезеңдерін (б.з.б. II-мыңжылдықтың ортасы — б.з.б. I-мыңжылдықтың басы) қамтитын бұл петроглифтерді 1970-80 жылдары Қазақстанның Ғылым Академиясының экспедициясы (жетекшісі З. Самашев) зерттеген.<ref name="source1">«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том</ref><ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>
Дереккөздер
Әдебиет
- Самашев З., Наскальные изображения Верхнего Прииртышья. А.-А., 1992.