Бесбұлақ қалашығы
Үлгі:Көне қалашық Бесбұлақ қалашығы (ортағасыр) – Маңғыстау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.
Орналасқан жері
Маңғыстау ауданы, Сайөтес ауылынан 37 км оңтүстік-батыс бағытта орналасқан.
Сипаты
Ескерткіш Батыс Қазақстан археология экспедициясының барлау жұмыстарының нәтижесінде 1990 жылы табылып, "Маңғыстау тарихи-мәдени қорығы" мемлекеттік мекемесі "Ескерткіштер жиынтығын" түзу экспедициясы 2006 жылы зерттеген.
Қалашықтың қалдығы Үстірттің батыс шың-кемерлеріндегі Бесбұлақ сайының шығыс жиегімен шектесіп жатыр.
Ескерткіш 2 нысаннан тұрады. Бірінші нысан - көлемі 17×15 м аса үлкен емес, бұрыштарында анық шығып тұрған жарты шеңберлі мұнаралардың қалдығы көрінетін және солтүстік-шығыс қабырғасында есік қуысы бар бекініс қалдығынан тұрады. Алайда, қабырғалық қаланды іздері көрінбейді. Тас үйіндінің ені 6 м, биіктігі 5 м-ге дейін жетеді.
Бекініс аса биік емес жарлы төбешікте орналасқан. Бекіністің солтүстік бұрышынан төмен қарай табиғи бұлаққа апаратын текшелер бар.
Екінші нысан жардың қасында орналасқан, аса үлкен емес, төртбұрышты бекініс орны. Қабырғалардың ұзындықтары 44×45×45 м құрайды. Жардың маңындағы оңтүстік-батыс қабырғада, бір-бірін қалқалап тұрған қабырғалардан пайда болған, бекініске кірер қақпасы бар. Қабырғалар қазіргі қалыңдықтары 5-6 м, биіктіктері 1,2-1,5 м, жоғарғы жағынан жалпағына қаланған қаланды іздері байқалатын, тас пен топырақ аралас үйінді ретінде көрінеді. Қабырға құрылымында 2 қатар, жалаң тас қаландыдан тұрады және ортасындағы қуысты топырақ пен тас араластырып нығыздалған.
Қаландының ені 1,3-1,5 м, сақталған биіктігі 1,3 м шамасында. Кіші бекіністің шығыс бұрышы мен үлкен бекіністің оңтүстік бұрыш жағы бір бірінен аса үлкен емес 7 тас үйігімен және ені 2 м, ұзындығы 8 м топырақ үйіндімен доға тәрізді болып келіп түйіскен. Бұл қабырға қалдықтары өз заманында 2 бекіністі бір-бірімен жалғап тұрып, кейінгі уақытта малды суға түсіретін тоған шұқыр қабырғасын бекітуге тасып алынған. Қалашық маңында арнайы шарықта жасалған XIV-XV ғасырларға жататын қызыл, қыш құмыралардың ұсақ сынықтары кездеседі.<ref>М19 Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Маңғыстау облысы. - Өскемен: AsT prime, 2012. - 600 бет. ISBN 978-601-06-2031-5</ref>