Белгісіз сағана

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Үлгі:Ғимарат Белгісіз сағана — XVI–XVII ғасырларға жататын сәулеттік және археологиялық ескерткіш. Түркістан қаласындағы Республикалық маңызы бар тарихи нысандардың бірі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-батыс беткейінен 45 метр қашықтықта орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 218 м.<ref name=":0">«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты тарихи-мәдени ескерткіштер»: жинақ / «Service Press» баспасы, 184 б. Алматы 2025 ж. 70 бет. - ISBN 978-601-7316-24-2</ref>.

Зерттелу тарихы

Құрылыс 1975 жылы жер тегістеу кезінде кездейсоқ табылған. Алғашқы зерттеулерді археологтар Л.Б. Ерзакович пен Б. Нұрмұханбетов және сәулетші А. Ордабаев жүргізген. Қазба кезінде табылған сүйектер антропологиялық зерттеу үшін Алматы қаласына жіберілген. Археологиялық деректер бойынша, құрылыс XVI ғасырда салынған және XVII ғасырдың бірінші жартысына дейін шамамен 150 жыл пайдаланылған<ref name=":0" />.

Сипаттамасы

Нысанның тек төменгі бөлігі жер асты мүрдеханасы жақсы сақталған. Жоғарғы бөлігі бұзылған, оның қандай болғаны белгісіз. Ішкі қабырғалары сыланбаған, едені саздан жасалған. Мүрдехана ішінде ағаштан жасалған ашық типтегі табыттар орнатылған, олардың ішінде жеті ересек адам мен бір жас баланың сүйегі табылған. Бұл жерде жерленген тұлғалар жөнінде дерек сақталмағандықтан, құрылысқа «Белгісіз мазар» атауы берілген. Сағананың ішкі кеңістігі төрт қабырғалы болып салынған, қабырғаларында тереңдігі шамамен 0,8 м, ені 4,33 м және биіктігі 2,8 м төрт ниша-ойық бар. Құрылыс күрделі жер асты кесене типіне жатады, орысша ғылыми әдебиеттерде «склеп» деп аталады. Мұнда мәйіттер көмілмей, кебінге оралып еденге жатқызылған. Осы себепті нысанды «сағана» емес, «мүрдехана» немесе «мәйітхана» деп атау ғылыми тұрғыдан дәлірек. Құрылыстың сыртқы өлшемдері — 9×8,75 м. Есігі оңтүстік-шығыс беттен шығарылған, биіктігі – 2,5 м, ені – 0,8 м, тереңдігі – 1,2 м. Күмбезі уақыт өте келе отырып, бүгінде тайпақ күйге түскен. Күмбездің ұшы мен жиегі арасындағы биіктік 1,16 м ғана, бұл шамамен 35 см-ге шөгіп кеткенін көрсетеді<ref name=":0" />.

Архитектуралық ерекшелігі

«Сағана» сөзі архитектуралық терминологияда «төртқұлақ» ұғымына сай келеді — моланың үстін қоршай қаланған төртбұрышты, үсті ашық құрылыс. Алайда бұл нысан жер астында орналасқан және үсті күмбезбен жабылғандықтан, классикалық сағана емес, жер асты мүрдехана болып саналады. Құрылыстың үстінде бір кездері кесене тұрған, оның іргетасы бүгінге дейін сақталған. Іргетастың биіктігі – 0,6 м, ал өлшемі жер асты құрылысындағы ниша-аркалардың жалпы көлемімен сәйкес келеді (6,76 м)<ref name=":0" />.

Құқықтық мәртебесі

1994 жылы жарық көрген «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресі» жинағының Оңтүстік Қазақстан облысына арналған томына №590.8 тіркеу нөмірімен енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.

Маңызы

Белгісіз сағана — XVI–XVII ғасырлардағы Түркістан өңірінің жер асты сәулет дәстүрлерін айқын көрсететін ерекше нысан. Ол жанұялық немесе рулық мүрдехана әрі шағын кесене қызметін қатар атқарған. Құрылыстың құрылымы мен жерлеу дәстүрі бойынша, ол ортағасырлық Түркістанның жерлеу мәдениетін, архитектуралық шешімдерін және діни нанымдарын зерттеуде маңызды археологиялық ескерткіш болып саналады<ref name=":0" />.

Нысан бүгінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығынің қорғау аймағында орналасқан және жергілікті маңызы бар археологиялық ескерткіштер қатарына енгізілген.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

Әдебиеттер

  • Ерзакович Л.Б., Нурмаханбетов Б. Ордабаев А. Подземное погребальное сооружение в Туркестане // Археологические раскопки в Отраре. – А-Ата, 1977. – С.59-72.
  • Мазар безымянный, ХҮІ в. // Свод памятников истрии и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область. Алматы, 1994. –С. 279. №590. 8.
  • Тұяқбаев М.Қ. Ескі Түркістан пантеоны // М.Елеуовтың 70 жылдығына арналған конференция материалдары. А., 2016. 191-197 бб.
  • Словарь иностранных слов. М.,1998.- С.358.

Үлгі:Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері