Бақсы сарыны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Бақсы сарыныәдет-ғұрыптық әндердің бір түрі.

Көне заманнан келе жатқан бақсылыққа байланысты туып, ата-баба аруағын қастерлеу, Көк тәңірге табыну, болашақты болжау, ауруды жын-перілердің жәрдемімен айықтыру, т.б. байланысты қалыптасқан.

Оның негізгі сипаты — синкреттілігі. Бақсы сарынын орындаушы әрі ақын, әрі биші, әрі сазгер. Ол аруақтармен өлең-жыр арқылы тілдесіп, іс-әрекетін би қимылдары арқылы жүзеге асырған. Бақсы сарыны халық поэзиясына тән 7 — 8 буындық жыр немесе 11 буындық қара өлең өлшемінде құрылып, арнайы музыкалық сарынмен орындалған. Ерте кездерде бақсылар асатаяқ, кепшік секілді ұрмалы аспаптарды пайдаланса да, негізгі құралы — құлағына қоңырау, шанағына айна орнатқан қасиетті қобыз. Бақсы сарыны ұлттық музыка мәдениетінің тарихи негіздерін, стильдік ерекшеліктерін зерттеу үшін аса қажетті, маңызды мұра болып табылады. Оның фольклорлық-этнографиялық үлгілерін әдебиетші-ғалымдар Ә. Қоңыратбаев, М. Ғабдуллин, С. Қасқабасов, т.б. зерттеп, өнер саласында А. Затаевич, Б. Ерзакович, Б. Қарақұлов, Т. Бекхожиналар бірқатар үлгілерін жазып алып, нотаға түсірген. Бір-біріне ұқсай бермесе де, сол негізде Бақсы сарынының кейбір стильдік ерекшеліктерін саралауға болады. Олар: музыкалық-әуенді-сөздік құрылымы, октава көлемінен аспайтын шектеулі диапазоны, аралас метрикалық өлшемі және бірде диатоникалық, бірде хроматикалық жүйеге жуық әуендік негізі. Бақсылық үрдістің бірте-бірте жойылуына байланысты бақсы сарыныда сирек құбылысқа айналып, қазірде өмірден өшіп бара жатқан әдет-ғұрыптардың санатына қосылған.<ref>“ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6</ref><ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

Үлгі:Stub: Қазақ әдебиеті