Баянауыл ұлттық паркі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Қорық аймақ Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркі 1985 жылы ҚССР Министрліг № 276 қаулысымен құрылған. Баянауыл ауданының аумағында орналасқан, жалпы аумағы 50 688 га құраған. ҚР Үкіметінің қаулысымен 2007 жылы 27 желтоқсанда №1305 парк аумағы кенейтілді. Қазіргі кезде БҰМТП 68 452,8 га құрайды. Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің шешімімен «Қызылтау» қаумалы БҰМТП қорғауға бекіттілді, жалпы аумағы 60 000 га құрайды.

Ұлттық парктің аумағы үш орманшылығына бөлінген.

  • Баянауыл орманшылығы — 19 188 га,
  • Жасыбай орманшылығы — 22 904 га,
  • Далба орманшылығы — 8 596 га.
  • Кенейтілген парк аумағы — 17 764,8 га

Климаты тым континенттік (жазы - ыстық, қысы суық). Жер бедері жекелеген жақпар тасты тау шоқыларынан тұрады. Баянауыл тауларының етегінде көптеген бұлақтар, суы мөлдір көлдер (Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр) бар. Саябақта 20-дан аса археологиялық ескерткіштер, қола дәуірінен қалған қорғандар, тастағы жазулар мен таңбалар, үңгірлер (“Әулиетас”, “Драверт”, “Құмыра”, т.б.) бар. Ұзақ жылдар бойы жел мен судың әрекетінен түрлі мүсіндерге айналған жартастар (“Найзатас”, “Жұмбақтас”, “Көгершін”, “Атбасы”, т.б.) саябақ табиғатына ерекше көрік береді. Саябақтың өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемі де алуан түрлі. Өсімдіктердің 400-ден астам түрі (қарағай, қайың, қандыағаш, таңқурай, мойыл, долана, т.б.), сондай-ақ, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген жабысқақ қандыағаш, көктем жанаргүлі де осында өседі. Омыртқалы жануарлардың 100-ден аса түрі кездеседі. Сүтқоректілердің 40-тан аса түрлері (арқар, елік, қасқыр, түлкі, сілеусін, борсық, тиін, т.б.) мекендесе, құстардың 50-ден астам түрлері (аққу, қаз, үйрек, құр, шіл, бүркіт, т.б.) ұялайды. Арқар, бүркіт, сұңқылдақ аққу Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Балықтың 8 түрі (шортан, сазан, оңғақ, алабұға, т.б.) бар. Саябақ аумағы атқаратын қызметіне қарай қорықтық, қорықшалық және демалыс белдемдеріне бөлінген. Қорықтық белдемде шаруашылық жұмыстардың қай түріне болса да тыйым салынып, биологиялық алуан түрлілік, экожүйелер қорғалады. Қорықшалық белдемде шаруашылық жұмыстар белгілі бір тәртіппен шектеулі түрде жүргізіледі. Демалыс аймағына келушілер саны да реттеліп отырады. Баянауыл ұлттық табиғи саябағының табиғат қорғауды, адам игілігі үшін ұқыпты пайдалануды насихаттау ісінде алатын орны ерекше, ғылыми, мәдени және эстетикалық маңызы зор.

Үлгі:Commonscat

Үлгі:Қазақстан ЕҚТА-лары