Бас тарту

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Бас тарту - кәде, жиын-той, аста, қонақ күткенде сойылған малдың басын қадірлі адамға сыбағалы, кәделі, сыйлы мүше ретінде тарту. Бас мүшесін дүниенің, жаратылыстың, әлемнің бастаушы күші деген ежелгі наным-сенімге байланысты оны жасы үлкен, сыйлы қонаққа немесе мәртебесі жоғары адамға Бас тарту байырғы ортада ежелден орныққан.

Үйтілген қойдың басын піскен соң мандайынан айқастыра тіліп, табаққа салып әкеліп тарту ырымы қазақ арасында біркелкі атқарылады. Шығыс Қазақстан, Моңғолия, Қытайдағы қазақтар мұны бастың жолын ашу деп атайды. Онысы тігінен түскен біздің жол, көлденең түскен сіздің жол дегенді ырымдағаны. Бұл қонаққа жасаған құрметтің белгісі болып табылады. Қазақ арасында қой басының құйқасын тілуді қасқалдақтау деп те атайды. Айқас тілу немесе қасқалдақтау (қас таңбасы) ұқыптылықты қажет етеді. Яғни қасқалдақтағанда бас сүйегі құйқа арасынан ырсиып көрінбеуі тиіс.

Бас тартудың аймақтық ерекшеліктері қалыптасқан. Сырдың төменгі ағысы бойындағы Қазалы өңірінде, Арал бойында қазақтар қонаққа бас тартқанда оң жақ құлағын кесіп алып, оны үйдің кішікене баласына береді де, қонаққа оң құлақсыз тартады.

Бұл ырысым, несібем өз үйімде, өз босағамда қалсын дегенді ырымдағаны. Бұл жоралғы көршілес қарақалпақтарда да дәл солай атқарылады және этномәдени байланыс барысында олардың Қазалы өңіріне ықпалы болғанға ұқсайды. Оң құлақтың орнын жілік толтырады. Яғни басқа асық, ортан жілік сияқты кәделі жілік қосылады. Солтүстік, Орталық және Оңтүстік, Батыс қазақтарында қандай малдың басы болса да, тісі қағылмаған бас тарту «арам» деп саналады. Ал Жетісу, Шығыс, Моңғолия, Қытай қазақтары мал басының тісін қақпай, арасын шимен мұқият тазалап жуып асады. Осы өлкенің қазақтары бас тартылған қонақ тісіне қарап, «жас мал сойылды ма, кәрі мал сойылды ма, соны аңғарады» деп түсіндіреді және малдың тісін қағу, жалпы сүйек шағу мал басын кемітеді деп санайды.

Бас тартылған адам әуелі бастың тұмсығын өзіне қарата ұстап, тұмсық ұшын Меккенің топырағын иіскеген деп кесіп алып отқа салып, одан кейін езуімізден май кетпесін деген ырым бойынша бастың оң жақ езуі құйқасынан бастап кесіп алдымен өзі ауыз тиіп, табақтастарына құйқадан жағалай ауыз тигізеді. «Құлағың сақ, жақсылыққа үйір болсын» деп, құлағын сол үйдің баласына немесе келініне береді. Көзін көзімдей бол деп жақын тартқап адамына, таңдайын сөзге шебер деген адамға немесе дәм татып отырған үйдің қызының алақанына жезтаңдай әнші бол, таңдайың тақылдаған шешен бол немесе таңдай өрнегіндей кестеші бол деп алақанына ұрып береді. Сосын басты тұмсығын ілгері қарата үй иесіне қайтарады. Ол келесі табаққа ұсынады.

Адамның және малдың басын қадірлеу көшпелі түркі моңғол халықтарында көптеген ырым-жосындармен айқындалады. Ер баланың жаны, құты, қуаты төбесіндегі орайы мен еңбегінде болады деген ырым бойынша оған қайшы, пышақ, ұстара тигізуге болмайды.

Қонаққа тартылатын бастың төбе құйқасын қазақтар бастың жолын ашу деп маңдайынан қасқалап сара тілсе, моңғол жұрты төбе құйқаны дөңгелектей тіліп, жолаушының жолын ашу тәрізді ырым-жоралғылармен астастырады. Қазақ арасында қасқалдақталған құйқаның үстіне екі немесе бір жапырақ майлы ет қойып бас тарту салты әлі орындалып келеді. Меркі өңірінде екі жапырақ еттің бірін бас ұстаған адам үй иесіне немесе бас табақты тартушы жігітке беріп, келесісін өзі жесе, Жаркент өңірінде тілінген құйқа үстіне қойылған бір жапырақ етті табақ тартушыға береді. Мұндағы ас иесіне ұсынудағы мән - ырыс басқаға кетпесін деген ырымнан туындаған. Бас кесуші осы маңдай құйқасынан «маңдайыңнан бақ кетпесін» деген ырыммен табақтас біреуіне ұсынады.

Қазақта әкесі тірі адам бас ұстамайды деген ырым бар. Бұл жөнінде Ә.Диваев: «...қазақтарда қойдың әрбір сүйегін қызметіне қарай болу әдеті қалыптасқан. Осындай бөлініс кезінде бас үлкен адамға тиеді. Әкесі бар адам алдында өз әкесі сияқты үлкен адам болғандықтан, басты пайдалана алмайды», - дейді. Бұл үлкенді сыйлау әдебін көрсетеді, әкең тұрғанда әкеңнен үлкенсіп бас ұстау әдепсіздікті танытады.<ref>Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}



{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Бас тарту|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}