Барақ сұлтан

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Барақ (т.ж.б. — 1750) — қазақ сұлтаны. Шыңғыс ханның тұқымы. Жәдік әулетінен. Әкесі — Тұрсын хан. Ағасы — Күшік хан Орта жүздің ханы болған. Барақ сұлтан алдымен Орта жүздің найман, қоңырат, қаракесек руларын, кейін Ұлы жүздің Дулат тайпасының бір бөлігін билеген. 1720 жылы Жоңғар және Еділ қалмақтарына қарсы шайқастарда қолбасы болған. Оңтүстік Қазақстан мен Сыр өңіріндегі Иқан, Сауран, Отырар, Түркістан, Өгізтау, Созақ қалаларына билік жүргізді.

18-ғасырдың 30-жылдарынан бастап Кіші жүз ханы Әбілқайырдың басты бақталасына айналады. Шыққан тегі жағынан Әбілқайыр ханнан артықшылықтарын алға тартқан ол Шыңғыс хан ұрпақтары өкілдерінен жоғары билікке өзін ғана лайықты деп санайды. Оның Әбілқайырмен тақ үшін таласын Орынбор генерал-губернаторы И.И. Неплюев Ресейдің отаршылдық мақсатына пайдаланды. Барақ сұлтан екі жақты саясат жүргізді. Ол 1742 жылы қарашада өзінің Ресейге бодандығын мойындап ант бергенімен, Жоңғар хандарымен байланыс жасап, үлкен ұлы Сығай сұлтанды аманатқа береді. Әбілқайырдың ықпалын көре алмаған Барақ сұлтан 1748 жылы 1 тамызда оны күші басым жасақтарының көмегімен өлтіреді. Көптеген рубасылардың бұл оқиғаға теріс қарауы Барақты билер сотына жүгінуге мәжбүр етеді. Өзіне тәуелді 3—4 адамнан тұратын билер соты Барақ сұлтанды “ақтап шыққанымен”, кейін Қазыбек би, Төле би, Абылай хан, т.б. Барақтың жазаға тартылуын талап еткен. Сол себепті ол жақтастарымен Түркістан өңіріне көшіп кетеді. Оның Әбілқайырдың ұлы Нұралы ханмен бітісуге деген ниеті нәтижесіз аяқталады.

1750 жылдың көктемінде, кейбір деректерге қарағанда, Әбілқайырдың кегін қайтарушылар Қарнақ қаласында Барақты және екі ұлы мен қызметшісін у беріп өлтірген.<ref>Қазақ Энциклопедиясы</ref><ref>Отырар. Энциклопедия. – Алматы.«Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2</ref><ref>Вельяминов-Зернов В.В., Исторические известия о киргиз-кайсаках и сношениях России со Средней Азией со времени кончины Абулхаир-хана (1748 — 1765), Уфа, 1853;</ref><ref>Моисеев В.А., Джунгарское ханство и казахи. ХVІІ — ХVІІІ вв., А.-А., 1991;</ref><ref>Ерофеева И.В., Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик, А., 1999.</ref>

Дереккөздер

<references/>

Үлгі:Қазақ хандары