Ақсу-Аюлы Кешені

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Ақсу-Аюлы Кешені – қола дәуірінің орта және соңғы кезеңдерінің ескерткіштері. Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы кентінен солтүстікке қарай 3 км жерде орналасқан. Қорымда 36 мола бар. Оның 24-і Андронов мәдениетіне, қалған 12-сі Бегазы-Дәндібай мәдениетінің өтпелі кезеңіне жатады. 1952 Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (Ә.Х. Марғұлан) зерттеген. 3 үлкен қоршаулы обалар ашылды. Аса құндысы 3-ші оба. Оның қазғанға дейінгі диаметрі 30 м, биіктігі 1,8 м. Үйіктің іргесін үлкен тастарды қырынан көміп бекіткен. Ішінен тағы да екі қабатты қоршау мен үлкен қабір ашылды. Көлемі 2,5х1,45 м, тереңдігі 1,6 м. Бетін екі үлкен жалпақ таспен жапқан. Ішінен басын батысқа қаратып, шалқасынан жатқызылған кісі сүйегі табылды. Қабір көлемі 4,45х3,4 м, бұрыштары доғал төртбұрышты бірінші қоршаумен және оның сыртынан ішкі көлемі 7,9х7,6 м дөғалдау келген екінші қоршаумен қоршалған. Қабырғаларына ірі жалпақ тастарды қалаған. Үстіңгі жағы ортасына қарай күмбезбен бүрмеленген. Сақталған биіктігі 1,5 м, қалыңдығы 2 м. Беті бөренелермен баспалдақты пирамида тәрізді етіп жабылған. Оның өртенген қалдықтары, үстінен жапқан қамыс пен бұтақтары, күлі сақталған. Қоршаулар ішінен саз ыдыс сынықтары мен мал сүйектері шықты. Ыдыстардың кейбіреуінің сыртындағы оюлар Андронов мәдениетіне тән геометриялық өрнектер болса, бірқатары Беғазы-Дәндібай мәдениетінің өрнектерімен безендірілген. Осы белгілер кешеннің Бегазы-Дәндібай мәдениетінің бастауында тұрған рудың немесе қоғамның көсемі құрметіне б.з.б. 12-11 ғ. салынғанын көрсетеді.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Дереккөздер

<references/> Үлгі:Stub: Қазақ мәдениеті {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}