Ақсай меңгірлер тобы
Ақсай меңгірлер тобы – б. з. д. II-I мыңжылдықтар, Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археологиялық ескерткіш.
Мазмұны
Орналасқан жері
Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 10,8 км жерде.
Стелалар топтары және сипаты
Атасу өзенінің оң жақ алқабында орналасқан Ақсай кешені бүгінгі күнге дайін жақсы сақталған ғұрыптық ескерткіштердің бірі. Стелалардың 10 шақты тобы жазықтың шығыс жақ бөлігінде, тегіс алқапта бір-бірінен 1-2 км арақашықтықта орналасқан. Стелалардың түрлеріне байланысты бұл қасиетті орын 500-600 жылдан кем емес, яғни қола дәуірінен ерте темір дәуіріне дейін қызмет атқарған. Ерте кезеңдегі ескерткіштерге, дөрекі тегістелген қимасында тікбұрышты стелалар, мұқият өңделген жоғарғы бөлігіне қойдың немесе жылқының басы бейнеленген сүйір бағаналар, кейде жоғарғы бөлігінде мүйіз немесе күн тәрізді шеңберлер бейнеленген стелалар жатады.
Бірінші топ
Негізінде үшбұрыш жасап орналасқан үш стела ерекше көңіл аудартады. Олардың төбесі ішіне қарай қисайған және үшеуі бір-біріне ұқсамайды. Олардың бірі – қарама-қарсы екі бетіне сақиналары және ойықпен белгіленген белдігі бар жалпы еуразиялық типтегі бұғы тас. Кескінінде біршама тар "бас" бөлігінің бір шеті (алдыңғы немесе артқы жағы) кертпештеліп орындалған, бас жағы тегіс. Екінші стеланың жоғарғы бөлігі сынған, сақталған бөлігінде бейне жоқ, негізінің жанында жерден екі жалпақ тас шығып жатыр. Үшінші стеланың жоғарғы жағына қашалған бет пішін қайта жаңғыртылған. Ол басқа екі стелаға қарап үштікті құрап тұр. Бұл үш нысанның топтастырылуы олардың үйлесімділігін куәландырып, антроморфты бұғы тасының өмір сүруін дәлелдейді. Сонымен қатар бет перделі бұғы тастар Еуразияның шығыс аймақтары ескерткіштері арасында белгілі.
Екінші топ
Үш стеладан солтүстікке қарай 200 м жерде екінші топқа жатқызылатын әр түрлі кезеңдермен мерзімделетін стелалар шоғырланған. Бұлардың ішінде істік келген мұрны көкке қараған, әрі мұқият өңделген біршама ерте кезеңнің қойтасы жатыр. Осы жерден анықталған шағын "мұртты" оба (тас тізбегі шығысқа қарай созылған) жанында биіктігі 4 м болатын жоғарғы бөлігінде адам беті қашалып жасалған стела орналасқан.
Бұл топтың бір кешенде әр түрлі наным-сенімдер жиынтығы: жануарларды құрметтеу, ер адамға – жауынгер мен аңшыға тағзым, ата-бабалар культі. Күнге сыйынуды бейнелейтін үш түрлі ғұрыптық нысанмен үйлесуі қызығушылық туғызады.
"Ақбикеш" – "Атасу сұлуы"
Ақсай жазығының солтүстік-шығыс бетінде 4 км жерде ерте темір кезеңіне жататын стела орналасқан. Биіктігі 4 м болатын оның жоғарғы бөлігінде адам бейнесі бейнеленген. Жергілікті халық оны "Ақбикеш" – "Атасу сұлуы" деп атаған.
Стела шығысқа қарай бағытталған, бедерленіп қашалған және екі жағында әшекейлі сырға бейнеленген. Ескерткіш қасында малшылардың қыстауы орналасқан. Шопандар бұл жер басқа жерлермен салыстырғанда шаруашылықпен айналысуға қолайлы жер екендігін және мал өлімінің аз болатындығын айтады.
Кешеннің құндылығы
Ақсай кешені "мұртты" оба және стелаларымен бірге еске алу ғұрпын жүргізумен байланысты орын болған деп айтуға болады. Бұл жерде ежелгі көшпелі тайпалардың жылқыны құрбандыққа шалуымен қатар түрлі діни-дүниетанымдары тоғысқан. Стела және тас мүсіндерді орнату дәстүрлері, оның ішнде "мұрты" бар обалар жүйесі элиталы кесенелері бар беғазы-дәндібай мәдениетінің ерте қола дәуірінен түркі кезеңіне дейін дамығандығын аңғартады.
Стелалар, бұғы тастар және тас мүсіндер культтік жерлермен байналысты. Олар ежелгі ғибадатханалар мен құрбандық кешендерінің ажырамас бөлігі болып табылады. Олардың мақсаты құрбандық шалу идеясымен байланыстырылады.
Тас стела, бұғы тас, тас мүсіндер – б. з. д. I мыңжылдықтағы көшпелі мәдениеттің бірден-бір ерекшелігі. Олардың қола дәуірінің жерлеу, еске алу кешендерінде орналасуы кейінгі атты әскерлердің қоғамдағы діни идеологиясына өз әсерін тигізді.
Ақсай кешенінің құндылық бағыты ғұрыптық ортамен сипатталады.<ref> Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>