Ақпан ғибадатханасы
Ақпан ғибадатханасы – Маңғыстау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген б.з.д. IV-II ғасырлардағы археология ескерткіші.
Мазмұны
Орналасқан жері
Бейнеу ауданы, Тұрыш ауылынан 28 км солтүстік бағытта орналасқан.
Сипаты
Ақпан ғибадатханасы Үстірттік ғибадатханалар тобына жатады. Көлемі бойынша ең ірі ескерткіштердің бірі.
Құрылыс көлемі
Ғибадатхананың алғашқы көлемі – 20,4 м, биіктігі 7-9 м-ден кем емес. Негізгі ғұрыптық құрылым екі дөңгелек пішінді қабырғадан тұрады. Сыртқы қабырғаның қасбеті жақсы өңделген. Құрылымның ішкі кеңістігінің диаметрі – шығыстан батысқа қарай 7,7 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай 7,8 м. Құрылымға оңтүстік-шығыстан дәліз тәрізді (дромос) жерден кірген. Кіреберіс дәліздің ұзындығы – 5,7 м, ені – 0,68-0,86 м. Кіреберістің солтүстік-батысына қарағанда оңтүстік-шығыс жағы кең келген. Ғибадатхананың ішіндегі топырақты еденнен кіреберіс табалдырыққа дейінгі биіктік – 1,66 м. Ғибадатхана құрылысы мен дәліз тәрізді кіреберіс біртұтас жоба бойынша бір мезгілде салынған.
Ғибадатхананың оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс жағынан құрбандық шалуға арналған төрт шұңқырдың орындары анықталды. Шұңқырларға көптеген жануар сүйектері мен қыш ыдыс сынықтары көмілген. Есікке қарсы ғибадатхананың сыртқы қабырғасының іргесінде арнайы төңкеріліп қойылған төрт қыш ыдыс аршылған.
Уақыт өте келе, ғибадатхана өзге мақсаттарға да пайдаланылған болуы мүмкін. Ғибадатхананың негізгі сиынатын оңтүстік-батыс бөлігі қайта тұрғызылған. Ғибадатхананың ішінен әртүрлі тереңдіктен бес адамның қаңқасы ашылған. Бір адам қаңқасының жанынан киімге тігілетін 13 алтын қапсырма шықты.
Ғұрыптық, салттық рәсімдер
Ғибадатхананың ішін тазарту кезінде еденнен ошақтың іздері мен жануарлардың сүйектері табылды. Жануарлардың көптеген сүйектерінің шұңқырлардан табылуы арнайы көмілген деген ойға итермелейді. Бұл жерден түлкі мен қарсақтың сүйектері де кездесті, олар шамасы іннен қалған болса керек. Сүйек қалдықтары өте күрделі құрамды болып келеді. Олар кем дегенде бес кешенге енеді: құрбандық малдың сүйектері, ғұрыптық қалдықтар, тағам қалдықтары, еңбек құралдары және табиғи жолмен өлген жануарлар сүйектерінің қалдықтары.
Сүйек қалдықтарының басым бөлігі жабайы тұяқты аңдар – киік пен құланға тиесілі, олар барлық сүйектердің 80% құрайды. Асылған құланның етін ғибадатхананың айналасында жеп, ал ақбөкеннің көбінесе басы мен алдыңғы мүшелерін пайдаланған. Негізінен жас қойларды сойған, кәрі құлан және ақбөкенді аулаған. Этнографиялық мәліметтерге сүйенсек, жылқыны алдымен құрбандыққа шалып сойып, кейін ас ретінде жеген. Басқа тұяқты жануарларды да солай жасауы мүмкін. Үш түрлі жануарларды (қой, жылқы, киік) сою мерзімін талдау Ақпан ғибадатханасының маңында көктемнің соңы, яғни жаздың басы мен күзде рәсімдер орындалғандығын көрсетті.
Ғибадатханадағы рәсімдер көшпелі өмір салтымен тікелей байланысты деуге болады. Ол рәсімдер көктем мезгілінің соңына қарай қыстаудан жаз жайлауға көшкенде немесе күзде сол мекенге қайтып оралған кезеңдерде орындалып отырған.
Ескерткіш ежелгі ғұрыптық құрылыс ретінде киелі орын болып табылады. Зерттеу нәтижелері барысында алынған материалдар тек ежелгі ғұрыптық және салттық сипатты ғана емес, көшпелілердің қоғамдық өмірінің шаруашылық бағыты, құрылыс ісі, сәулет өнері және т.б. бірқатар мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Осыларға байланысты ежелгі дүниетанымның бірқатар аспектілері көшпелілердің мәдениетінде екі мыңжылдық бойы, қазіргі этнографиялық уақытқа дейін сақталып келді.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>
Әдебиет
- Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Маңғыстау облысы. – Өскемен: AsT prime, 2012. – 600 б.
- Оңғар А. Үстірттегі Ақпан ғибадатханасы // Мәдени мұра. – 2016. – № 6. – 38–45 бб.
- Онгарулы А., Ольховский В.С., Астафьев А., Дарменов Р. Древние святилища Устюрта и Восточного Приаралья. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – 320 с.
- Оңғар А., Чотбаев А., Қиясбек Ғ. Ақпан 1 үйігіндегі зерттеулердің алғашқы нәтижелері // Қадырбаевские чтения-2012: матер. III междунар. научн. конф. – Актобе, 2012. – 194–202 бб.