Ашқарақ
Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Сөз төркіні бұдан бұрын шыққан бір еңбекте талданған болатын. Қазіргі қазақ тіліндегі мағынасы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» мен осы сөзді төркіндетуші авторлар мақаласында анық, айқын, дұрыс берілген. Мәселе, сөздің мағынасында емес, оның шыққан тегі, төркіні туралы болғандықтан, біз оларды қайталап жатуды артық санадық.
«Ашқарақ» сөзінің төркінін зерттеушілер пікірінше, бұл сөз тілімізде жиі қолданылатын «аш» (тамақ ішпеген, нәр татпаған мағынасындағы) сөзі мен кейбір түркі тілдерінде (тува, хакас, якут, сары ұйғыр) «көз» мағынасын беретін «қарақ» немесе «харах» тұлғаларының қосындысынан туғандығы байқалады. Түркі тілдерінде, жалпы тілдерде, сөздердің бірігуі арқылы үшінші бір сөз жасалып, өзгеше мағынаға ие болатынын теріс деуге, әсте, болмайды. Сондықтан да «ашқарақ» сөзінің төркінін зерттеушілердің болжамы көңілге қонымды, ойға оралымды екендігінде дау жоқ. Алайда, кейбір тілдік деректер бұл жорамалға жасқана, күдіктене қарауға мәжбүр етеді де, сөз төркінін басқаша қарастырса қалай болар еді деген ойға жетектейді.
Тіліміздегі «аш» сөзі тува, хакас, якут тілдерінде де дәл осы дыбыстық құрамаға сәйкес — аш, ас, ачык тұлғаларында айтылса, ал біздегі «көз» бұл тілдерде карак, харах (хакас, якуттарда) болып қолданылатыны да рас. Осылай бола тұрса да бұл тілдерде «аш» пен «харах» сөздері қосылып, қазақ тілінде «тамақсау», «қомағай» мағынасын беретін — «ашқараққа» дыбыстық жағынан сәйкес келетін сөз тудырмауы және мұндай мағынадағы сөздер: туваша — тотпас, хакасша — тоспас, якутша — топпот болып тұлғалануы таңдандырады. Дәлірек айтқанда, «ашқарақ» сөзінің төркіні боларлық тілдерден оған сәйкес тұлға таппаймыз. Сондықтан біздің жобалауымызша, сөз төркіні парсы тілі демекпіз. Мұны сол тілдің мына сияқты деректері дәлелдей түседі. Ең алдымен, парсыша: хош — жақсы; хорак — тамақ. Бұл сөздердің қазақ тіліне сіңгендігі сондай, кейде тідімізде басқа сөздермен де тіркесіп, түсінік бере алады (қош келдіңіз, хош иіс, қорек ету, қорегі жоқ т. б.). Одан әрі, парсы тілінің өзінде осы екі сөздің бірігуінен жаңа мағыналы сөз туатынын да көреміз: хошхорак —
- жақсы және көп ішіп-жеуді ұнататын адам;
- тамақ талғамайтын адам
- деген мағыналарда қолданылады. Осыларды көрсете отырып, тіліміздегі «ашқарақ» сөзі парсының «хошхорак» сөзінің туындысы болар деген тұжырымға келеміз. Бұл ойымызды тіліміздің заңдылықтары да қуаттайды. Араб, парсы тілінен ауысқан сөздердің басындағы «ғ», «х» дыбыстары кейде біздің тілімізде түсірілуіне байланысты алғашқы хөз бірінші дыбысынан айырылып, «ош» одан әрі «аш» тұлғасына дейін өзгерген. Ал екінші — «хорак» сөзінде «х» орнына «қ», бірінші буындағы «о»-ның орнына «а» дыбысы қолданудан «қарақ» қалпына жетіп, қазақ тілінде «ашқарақ» түрінде тұлғаланып тұр. Болжамымызды қырғыз тілінің дерегі де анықтай түседі: ашкорок — түскі тамаққа арналған үзіліс. Мұнда мағына жағынан өзгеріске душар болған. Тағы бір ескеретін нәрсе — «ашқарақ» пен «аш көз» сөзін синоним ретінде қараудың өзі де ой салады. Өйткекі «ашқарақ» тек қана тамаққа субъектінің көзқарасынан туған сөз де, ал «аш көз» дүниеге жалпы көзқараспен байланысты. Сондықтан да оның мағынасы ,көп жағдайда «сараңдық, қараулыққа, күншілдікке» нұсқайды.<ref>Бес жүз бес сөз.— Алматы: Рауан, 1994 жыл. ISBN 5-625-02459-6</ref>
Дереккөздер
<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}
{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}