Аушы құсты тамақтандыру

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Аушы құсты тамақтандыру. Қыран қүспен саятшылық құрғанда оның аңды ілу-ілмеуі, ұзақ сонарда шаршамай қажыр-қайрат көрсетуіне, шүйліккен кездегі арынына, аңды бүргендегі күш-қуатына құстың бабына келгендігіне тура байланысты. Ал бап пен күйді қамтамасыз ететін бірден-бір фактор құсты жемдеуге тікелей қатысты болады. Сондықтан сан алуан құнарлы-құнарлы жемдерді дер кезінде таңдап, құстың жаратылыс ерекшелігі мен талғамына сай сәйкестендіре берудің маңызы зор. Қыранның жасына, жынысына, көңіл күйіне, арық-семіздігіне, баптауына, саят кезеңіне байланысты оған берілетін жемінің дайындалуына қарай бірнеше түрге бөледі. Олар құнарлылығы мен беретін қуатына қарай мыналар:

Қан соқта - мал немесе аңның қаны сорғалаған жылы еті. Әл беретін қуатты жемге саналады. Түлек және саят кезінде беріледі.

Су соқта- бір тәулік суға салып жасытқан семіз ет. Құсты ширықтыру үшін беріледі.

Тоят - құстың аузын толтыра асайтындай, ұстаған аңының жас, бір кесек ыстық еті. Аңның сан етінен кесіп алып, құсқа бір-екі дүркін жұлғызса, оны да тоят дейді.

Қызыл - қан-сөлі бойында, суға шайылмаған түйір-түйір ет.

Алажәукім - майы аз ет. Оған көбіне балықтың еті таңдалады. Ол түлекте отырған құсты дереу түлетеді.

Құнар - саятшылық кезінде берілетін алдын ала дайындалған кепкен ет. Аң кезікпей, ала алмай зеріккенде, ашыққанда әлдендіру үшін немесе қиқар мінез танытып аулаққа ұшқанда шақырып алу үшін беріледі.

Тартпа - аңның немесе малдың сіңірлі сөлсіз етінен дайындалған шандырлы жем.

Жанышпа - сүйегімен бірге жаныштап дайындалған ет. Бұлар құстың қоңын көтеру үшін беріледі.

Сары бөртпе - туралған соң екі-үш мәрте суға жуылып, сығымдалып, сөлінің жартысынан арылған, түсі бозалаңдап, қызыл-сары түске енген ет. Бұл да құнарсыз болғандықтан құсты шымырландырады, азғана күш-қуат береді.

Бөртпе - етті суға бір тәулік бойы бөрттіріп, сөл, майынан арылтып, құнары азайтылған жем түрі. Ол құстың іш майын арылтып, қара етін толтырады.

Ақ жем - жапырақтап турап, инемен пісіп шабақтап,жылы суға бес-алты рет шайып, сығып, бар сөлінен арылған, түсі ақ шүберектей болған ет. Ақ жемді көбіне қайырған кезде береді. Саят кезінде тоқ болғандықтан, аңға түспей қойған кезде де береді.

Ағарттық - бұл да ақ жем, тек өте ұсақ туралған түрі.

Тартпа - аңның немесе малдың сіңірі, толарсағы сияқты сөлсіз жерлерінен дайындалған жем. Сөлсіз болғандықтан қуатсыз, әлсіз жем ретінде пайдаланылады. Семіз құсты арытады.

Боз өкпе - үрлеп, аязға тоңазытқан мал өкпесі. Құнарсыз жем болғандықтан тойынып аң аулауға зауқы болмай кеткен құсқа беріледі.

Қойдың өкпесін тұтастай бөлектеп алып, кеңірдегі арқылы үрлеп үлкейтіп, ішіне суды толтыра құйып, суық жерге іліп тастайды. Ол біраздан кейін ішіндегі қаны суға шайылып сыртына шығып тамшылап ағып, бозарған құр сірнесі қалады. Мұны қол аба дейді. Қолабаны бүркітке жем аяққа турап, көлкілдетіп, мол берсе, іш майын таусып, қарнын ашырады. Ұсақ аушы құсқа берілетін жем бүркітке берілетін жемнің жартысындай ғана көлемде болады. Құсты баптау, қайыру кезінде құсбегілер "бап дегеніміз жем, жем дегеніміз бап" дейді. Осы кезеңде құсқа қолаба, сары бөртпе, ақ жем береді. Қайыру кезінде берілетін жемді май, шандыр жібермей, неғұрлым жұқарта жапырақтап турап, саптыаяққа салып, үстіне суық су құйып, бөрттірген соң қанын сығып шығарып, қайта-қайта шайып, қан-сөлсіз, құнарсыз жем дайындалады. Аушы құсқа ешқашан тұздалған, сасып-борсыған, көгерген, піскен немесе ескірген сүр ет беруге болмайды.<ref>Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы. - Алматы: "Алматыкітап", 2007. - 208 бет, суретті. Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. ISBN 9965-24-813-3</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}