Атмосфералық қысым. Торричелли тәжірибесі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сендер Жердің бетін ауа қабығы - атмосфера қоршап тұратынын білесіңдер. (Атмосфера - Үлгі:Lang-el - бу, ауа және сфера - шар деген екі сөзінен құрылған.) Атмосфера бірнеше қабаттан тұрады. Ауырлық күшінің әрекетінен оның жоғарғы қабаттары төменгі қабаттарына қысым түсіреді. Атмосфера - газ, сондықтан ол Паскаль заңы бойынша өзіне түскен қысымды барлық бағытта таратады. Соның салдарынан Жер бетіне және ондағы барлық денелерге атмосфералық қысым түседі.

Тәжірибе

Мынадай тәжірибелер жасап көрейік. Шыны воронканың бетін ауа шарының резеңке қабығымен жабады да, воронканың ішіндегі ауасын сорғымен сорып шығарады (1-сурет). Сонда резеңке қабық ішке қарай тартылады. Ауаны сорып шығарғанға дейін қабыққа екі жағынан бірдей қысым әрекет етеді де, ол тегіс болып тұрады. Воронкадан ауаны сорып шығарған кезде оның ішіндегі ауа азаяды, ал сыртқы атмосфералық қысым қабықшаны ішке қарай қабыстырады. Екінші тәжірибеде ішкі қабырғаларына тығыз кептеліп тұратын жылжымалы поршені бар шыны түтік алынады. Оны ішінде суы бар ыдысқа батырып, поршеньді сумен жанасқанға дейін түсіреді де, сонан соң қайтадан жоғары қарай жылжытады (2-сурет). Сонда поршеньмен ілесіп, су да жоғары көтеріле бастайды. Мұның мәнісі мынада. Атмосфера су бетіне төмен қарай әрекет етеді. Паскаль заңы бойынша ол қысымды түтікке төменнен жоғары қарай жеткізеді. Міне, суды поршеньмен ілестіре көтеретін осы атмосфералық қысым.

Торричелли тәжірибесі

Ал енді XVII ғасырда итальяндық ғалым Э. Торричелли жасаған тәжірибені қарастырайық. Онда ұзындығы 1 м, бір жағы бітеу шыны түтік сынаппен толтырылады. Содан кейін түтіктің аузын жауып, оны төңкереді де, сынап құйылған ыдысқа батырады. Сынаптың ішінде түтіктің аузын ашады. Сонда сынаптың кішкене ғана бөлігі ыдысқа төгіледі. Ал түтік ішінде биіктігі 76 см сынап бағаны қалады (3-сурет). Э. Торричелли алғаш рет сынап бағанын атмосфералық қысым ұстап тұрады деп ой түйді. Атмосфералық қысымның ауа райына байланысты өзгеретінін де алғаш байқаған Торричелли болатын. Кейін Торричелли қондырғысы атмосфералық қысымды өлшеу үшін пайдаланыла бастады. Атмосфералық қысымды сынап бағанының биіктігі бойынша есептейді. Атмосфералық қысымның бірлігі ретінде 1 миллиметр сынап бағаны (1 мм сын.бағ.) алынады.
1 мм сын.бағ.=133,3 Па=1,33 гПа.
Сөйтіп, атмосфера бізге және басқа барлық денелерге қысым түсіреді. Атмосфералық қысым адамдардың көңіл күйіне, денсаулығына елеулі әсерін тигізеді. Атмосфераның күйіне (температурасына, ылғалдылығына) байланысты атмосфералық қысым да өзгеріп отырады. Сол себепті, ауа райын болжау үшін, басқа мәліметтермен қатар, міндетті түрде, атмосфералық қысымның да мәні ескеріледі.<ref>Физика және астрономия. - Алматы: Атамұра,2007.ISBN 9965-34-634-8</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}Үлгі:Phys-stub