Асқар Сүлейменов
Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Асқар Сүлейменов (29 желтоқсан 1938, Шорнақ елді мекені, Түркістан ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы – 15 мамыр 1992, Алматы) – жазушы, әдебиет сыншысы, драматург. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (дүние салғаннан кейін,1996ж).
Мазмұны
Өмірбаяны
- 1959 жылы ҚазПИ-дің әдебиет-тарих факультетін(қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.
- 1962 жылы ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) аспирантурасын бітірген.
- 1961 жылы алғашқы сын мақаласы “Жол басы” “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетінде жарияланған.
Шығармалар
- “Бесін” (1970)
- “Адасқақ” (1988)
- “Бесатар” (1996) прозалық шығармалары
- “Кек” (2001) драмалық жинағы
- “Болмыспен бетпе-бет” (2001) сыни-эстетикалық, өнертанушылық жинағы
- Төрт томдық шығармалар жинағы (2007-2009)
- “Арғымақтар мен адамдар” деректі фильмінің (1977),
- "Ас" ("Құлагер") көркем фильмінің (1976) сценаршысы
- "Баянел" ("Қозы Көрпеш-Баян сұлу") сценарийін жазған
- "Кек" драмасы Шымкент (қазіргі ОҚО) облыстық драма театрында (1980, режиссері Қ.Жетпісбаев)
- "Төрт тақта-жайнамаз" (1989), "Жетінші палата" (1993), (Қыздай жесір-штата қысқарту" (1994) драма-диалогтары
Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылды. Режиссері Ә.Рахимов.
Сүлейменов жаңа идеяларды генерациялауға, қоғамға, ұлтқа қызмет етуге, идеяшылдықтан азат жаңа әдебиет жасауға ұмтылды, өз идеалы үшін күресті. Сүлейменов шығармаларын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады:
- Сыншылық кезең. Алғашқы кезеңде ол көркем сын жанрына жекелік сипат дарытуға ұмтылды, көркем шығарманы көркем мәтін қағидасынан тыс талдады. “Түр туралы бірер сөз” (“Жұлдыз” журналы, 1963) мақаласымен әдеби ортада үлкен айтыс тудырған Сүлейменовтің көркемдік-эстетикалық ұстанымдары негізінен осы кезеңде қалыптасып айқындалды. “Өнердің өмірден айырмашылығы – өнер өмірден үйренбейді. Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар. ...Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді” деп түсінген суреткер сыншы ретінде көркем шығармаға қояр биік талабын проза мен драматургияда жүзеге асырды. Ойы құнарлы, көркемдік құрылымы айрықша шығармалар туындатты.
- Прозалық кезең. Прозалық кезеңде Сүлейменов шығармаларында XX ғасыр прозасының қағидалары толығымен дерлік көрініс берді, ол модернист қаламгер саналды. Қазақ әдебиетінде құбылыс ретінде бағаланған “Бесатар” повесі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен Созақ көтерілісін соны көзқараста зерделеді.
- Драматургиялық кезең. Суреткердің драмалық кезеңіндегі шығармалық жаңа өнер философиясы аясында талдауды талап етеді. Ол С.Ахмадтың “Келіндер көтерілісі”, М.Булгаковтың“Жендеттер”, Б.Брехттің “Сычуанның мейірі”, Э.Хемингуэйдің “Бесінші колонна”, Т.Уильямстың “Әйнек айуанхана”, т.б. пьесаларын қазақ тіліне аударған.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>
Марапаттары
- “Ситуациялар” үштағаны үшін (“Жетінші палата”, “Қыздай жесір – штат қысқарту”, “Төрт тақта жайнамаз” драма-диалогтары) Сүлейменовке ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді (1996).
Асқар Сүлейменовтің құрметіне
- Сүлейменов есімі Созақ ауданындағы өзі оқыған мектепке (1994)
- Сарыағаш қаласындағы бұрынғы Ильич атындындағы мектепке (1999) берілген.<ref>“ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6</ref>
- Асқар Сүлейменовке арналған ескерткіш жазушының туған жері - Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Шолаққорған ауылында оның атындағы мектеп алдына 2011 жылдың 21 желтоқсанында орнатылды. Ескерткіш жазушының жақын досы Ө.Исаевтың ұлы, белгілі кәсіпкер К.Исаевтың демеушілігімен орнатылды. Ескерткіштің ашылуына А.Сүлейменовтің отбасы, туыстары, достары, пікірлестері, аудан зиялылары жиналды. Жазушының туған жерінде оның есіміне аса құрметпен қарайтынын айта кету керек.
А.Сүлейменов туралы кітаптар
- Ө.Қырғызбаев. "Асқар ұшқан ұя”. Деректі повесть. (1997)
- “Парасат падишасы”. А.Сүлейменов туралы естеліктер кітабы (1998)
- Д.Тұрантегі. "Асқар әлемі". (2004)
- А.Қалшабек. “А. Сүлейменов шығармашылығындағы рухани-көркемдік ізденістер”. Зерттеу.(2006).
- Ә.Рахимов. "Пьесадан спектакльге дейін". (2011)
- Т.Әсемқұлов. "Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр". Эсселер. (2012)
- Шығармашылығы ғалымдар Р.Сыздықова, Б.Құндақбаев, М.Қойгелдиев, Г.Пірәлиева, Ж.Жарылғапов, т.б.,
- сыншылар Т.Тоқбергенов, З.Серікқалиұлы, С.Жұмабек, Б.Сарбалаев, Ә.Бөпежанова, т.б. еңбектеріне арқау болды.
Өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан беріде Асқар Сүлейменов өз шығармашылығымен замандастарына үлкен әсер етті. Оның әдебиеті бостандыққа, тарихи тамырларды, ұлттық өзіндік ерекшелікті сақтап қалуға шақырды. А.Сүлейменовтің әдеби мұрасында көптеген көркем аудармалар бар. Оның аудармалары арқылы оқырмандар Т.Карлейль, Мольер, Э.Хемингуэй, М.Булгаков, Б.Брехт, Т.Уильямс шығармаларымен таныса алды.<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref><ref>А.Сүлейменов. 4 томдық жинағы, "Қазығұрт" баспасы, 2007-2009</ref>