Амангелді газ конденсаты кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Амангелді газ конденсаты кен орны - Шу-Сарысу шөгінді алабының Мойынқұм ойысындағы газ кенорны. Құрылым 1974 жылы сейсмобарлаумен іздестіру бұрғылауын жүргізуге дайындалды. 1975 жылы газ бұрқағы атқылап, кен орны ашылған.

Географиялық орны

Жамбыл облысында, Тараз қаласының солтүстігінде 165 км жерде орналасқан.

Геологиялық құрылымы, жатыс сипаты

Кен сыйыстырушы құрылым оңтүстік-шығыс қанаты біршама тікшіл келген брахиантиклиналь қатпар болып табылады. Өлшемдері (-1920 м-лік изогипса бойынша) 7x3 км, амплитудасы 240 м-ге жуық. Өнеркәсіптік газдылығы жоғарғы турне, төменгі визе, төменгі Серпухов жікқабаттарының және төменгі пермь бөлімінің шөгінділерімен байланысқан. Қойнауқаттық күмбездік типтегі жоғарғы турне жатынының биіктігі 12,5 м. Газ су жапсары шартты түрде -1776,5 м-лік белгіде қабылданған. Газды горизонттың жалпы қалыңдығы 50 м, оның тиімдісі 5,6 м. Қойнауқаттың күмбезді литологиялық қалқаланған төменгі турне жатынының шартты түрде қабылданған газ-су жапсары -1939 м-лік аюсолют белгіде, биіктігі 236 м. Газды горизонттың жалпы қалыңдығы 30 м, оның тиімдісі 19 м. Жинауыштар кеуекті және жарықшақты-кеуекті типтес. 11,5 мм-лік шайбадағы газдың алғашқы шығымы 213,4 мың м3/тәу болды. Қойнауқаттың қалыңдығы 6-8 м. Серпухов әктастарындағы қойнауқаттық-күмбездік, литологиялық тұрғыдан қалқаланған газ жатынының күмбездегі ең аз тереңдігі 1722 м, биіктігі 120 м. Газ-су жапсары шартты түрде - 1426 м-лік белгіде қабылданған. Екі-төрт қойнауқаттан тұратын газ горизонтының жалпы қалыңдығы 20 м-ден 26 м-ге дейін жетеді, оның тиімдісі 10,4 м. Кеуекті және ұралы-кеуекті типтердегі жинауыштары бар. Төменгі пермнің сульфатты-галогендік, терригендік шөгінділеріндегі жатын қойнауқаттық-күмбездік, литологиялық тұрғыдан қалқаланған типке жатады. Күмбездегі оның жатыс тереңдігі 850 м. Газ-су жапсары -782 м-лік белгіде қабылданған.

Құрамы

Жоғарғы турне-төменгі визе шөгінділеріндегі газдардың құрамы мен мөлшері мынадай (%-бен): метан - 67,25-86,2, этан - 4,52-10,53, пропан - 2,86-5,2, изобутан - 0,42-0,57, н-бутан - 0,82-0,95, т.б., 30 г/м3 дейінгі мөлшерде конденсат бар екендігі анықталды. Серпухов жікқабатына тиесілі жатында 81 - 0,45% метан, 9,99% этан, 3,0% пропан, 0,38% изобутан, 0,54% н-бутан т.б. бар. Конденсат мөлшері 12,85 г/м3. Конденсатта 0,016%-ға дейін күкірт бар. Төменгі пермь жатындарындағы газдар құрамы мен мөлшері былайша сипатталады (%-бен): метан - 9,47-26,05, этан - 0,21-1,97, пропан - 0,02-0,49, изобутан - 0,03-0,05, н-бутан - 0,07-0,09 т.б. Жатындардың режимі серпінді газарынды болып келген. Кенорын 2003 жылдан игерілуде.<ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер