Алаша хан (қалашық)
Үлгі:Көне қалашық Алаша хан қалашығы – орта ғасыр қаласының орны, Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.
Орналасқан жері
Ұлытау ауылынан солтүстікке қарай 30 км жерде, Қаратал өзенінің солтүстік жағасында орналасқан.
Сипаты
Ә.Х. Марғұлан ашып, тұңғыш сипаттамасын жасады, кейінірек С.Ж. Жолдасбаев, Ж.Е. Смайылов кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Ә.Х. Марғұланның сипаттамасы бойынша қалашық – ірі сабан кірпіштен қаланып жəне қиыршық тастар мен өзеннің ұсақ тастарын балшықпен араластырып салынған бекініс жал мен қорғаныс қабырғалар қалдығы. Жалдың жалпы көрінісі тік төртбұрышты болып келген, ұзындығы – 200 м, ені – 115-120 м, қалыңдығы – 8-12 м, биіктігі – 2 м-ден 4 м-ге дейін. Бұрыштарда биіктігі 8 м-ге жететін, диаметрі 20 м-дей мұнаралардың қалдығы сақталған. Қабырғалар ормен қоршалған.
Бекініс екі: алдыңғы жəне артқы қамалдардан тұрады. Біріншісінің ауданы – 6000 м², екіншісінікі – 3528 м².
Үлкен бекіністің орталық алаңы жалдар қоршауынан көтеріңкі орналасқан. Шамасы, ол бекініс қабырғасының ішіндегі қираған саз балшықты құрылыстардың əсерінен пайда болса керек. Əр жерден салынған шурфтар балшық қабатының 60-80 см екенін көрсетті. Оның астында қалыңдығы 30 см жұмыр жəне қиыршық тастармен тапталған еден жатыр. Бекініс қабырғасының ішінде айтарлықтай мықты құрылыстар табылмады. Соған қарағанда, қабырғаны жағалай саз балшық пен талдардан жасалған киіз үй секілді баспаналар тұрған болса керек, алайда олардан ештеңе қалмаған.
Үлкен бекініс қабырғасының ішін бір-бірімен туыстық қатынаста болған біршама əскери тұрғындар паналаған. Ал ішкі қамалдың орнында тұрған кіші бекіністе аймақ басшысы немесе ханның өзі орналасса керек. Екі қабырға бір-бірінен ені 3 м, тереңдігі 3-4 м ормен бөлінген. Бірінен екіншісіне өту үшін алмалы-салмалы көпір қолданылған. Қауіп туа қалған жағдайда кіші бекініске жау өте алмас үшін көпірді алып тастайтын. Ішкі бекіністің құрылысы мен үйлері жайлы ешқандай дерек жоқ. Оның ар жағында еш ғимарат болмаған, тек киіз үйлер мен шатырлар ғана тұрғаны əбден мүмкін.
<ref>Қазақстанның ежелгі қалалары. – Алматы: «Аруна Ltd.», 2007. – 384 б. – Қазақстан балалар энциклопедиясы (қайта өңделіп, толықтырылған2-басылымы), ISBN 9965-26-049-4.</ref>
Алашахан ескерткіштерінің түрлі құрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып, ғалымдар оны XV-XVII ғасырларға жатқызады.<ref>Қазақ энциклопедиясы</ref>