Азамат пікір-сайыс клубы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жалпы мағлұмат

Сурет:Azamatlogo.jpg
Клуб логотипі

«Азамат» пікірсайыс клубы қазақ жастарының интеллектуалды пікірсайыс клубы. Бұл клуб Қазақстандағы пікірсайыс қозғалысының ажырамас бөлігі және барша студент қауымы үшін ашық болып табылады. Оның құрылу, әрі даму тарихы тоқсаныншы жылдардың аяғынан бастау алады. 1998 ж. білім берудің озық технологияларының бірі пікірсайысты насихаттап дамыту мақсатында Ұлттық пікірсайыс орталығы қоғамдық қоры құрылған. Араға бір жыл салып пікірсайыс технологияларын меңгерген қазақ жастары бас қоса отырып, қоғамның өзекті мәселелерін талқылайтын клуб құруды қолға алады. Жаңадан іргесі қаланған клубтың жарғысын қабылдай отырып, оның атын «Азамат» деп қоюды абзал көреді. Осы кезден бастап Алматы қаласының барлық дерлік ЖОО орындарының белсенді студенттері «Азамат» клубының қатарына қосылып, оның алдағы уақытта жемісті қызмет етуіне жол ашады. Алғаш 7-8 студенттен құрылған клуб студенттік толқынға байланысты 35-50 адамға дейін өсті. 10 жыл ішінде клуб қызметіне ат салысып, белсенділік танытқан жастар саны 500-ге жуықтады.

Клуб мақсаты – рухани, интеллектуалдық және адамгершілік деңгейі жоғары, ұлтжанды, өзінің қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін сезінетін қазақ тілді жастар буынының қалыптасуына ықпал ету. Клубтың алға қойған мақсаттары:

  • Қазақ тілді студенттердің арасында пікірсайыс бағдарламасының кеңінен таралуына ат салысу;
  • Клубтың әр мүшесінің пікірсайыс теориясын жетік меңгеруін және осы бағытта үнемі ізденісте болуына ықпал ету;
  • Жинақталған білім мен тәжірибенің тереңдетіліп, келесі лектегі пікірсайысшыларға жеткізілуіне септігін тигізу, яғни ұрпақтар сабақтастығы;
  • Қазақстан Республикасының Жастар саясаты жөніндегі заңы аясында басқа да шаралар атқару және оларға қатысу;
  • Қазақ халқының Ұлттық шешендік өнерінің жаңғыруы мен қазақ тілінің таза, ыңғайлы ресми стилінің қалыптасуына ат салысу;

Клубтың ұйымдастырылуы мен қызметі

Негізгі институттар: Жалпы Жиналыс, Үйлестірушілік орталық және Хатшылық

Жалпы Жиналыс – клубтың жоғарғы органы болып табылады, ол клуб мүшелерінен тұрады. Жалпы Жиналыс құзіреті: Клуб Жарғысын бекітіп, оған өзгертулер мен толықтырулар енгізу; Клуб қызметінің негізгі бағыттары мен бағдарламасын анықтау; Клубқа мүшелікке қабылдау және мүшеліктен шығару сұрақтарын қарау;

Үйлестірушілік орталық клуб жұмысының ұйымдастырылуы мен тұрақты жұмыс істеуіне жауапты. Ол Жалпы Жиналыста көпшілік дауыспен сайланатын Үйлестіруші және оның орынбасарларынан тұрады. Клубтың алғашқы үйлестірушісі Рауан Кенжеханұлы; кейінгі тізгінді ұстаған Лаура Жақсылық; Нартай Әшім ерен еңбегімен есте қалды; кейін үйлестіруші қызметін Әділ Абдрахман атқарды; Рақат Жақсыбай өз кезегінде бесінші үйлестіруші болды; келесі жылы үйлестірушілік Руслан Желдібайдың еншісіне тиді. Кейіннен клубтың үйлестірушісі Әбілғазы Ахмет Шах болды. Қазіргі таңда клубтың тізгіні Жалмурзин Мираста.

Хатшылық клубтың әр жиналысының хаттамасын жүргізіп отыратын, клуб жұмысына байланысты құжаттар мен қағаздардың жүйелілігі мен дұрыстығына жауапты орган. Клубқа Университет қабырғасында оқитын, Клуб Жарғысын қолдайтын және оның мақсат – мұраттары мен қызметіне ат салысуға дайын кез – келген азамат мүше бола алады.

«Азамат» – сұхбат алаңы

Осы күнге дейін клуб «Ұлттық пікірсайыс орталығы» қоғамдық қорының аясында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Ең алдымен, 2001 жылы «Хабар» арнасымен бірлескен жоба – «Азамат» жастар бағдарламасы пайда болды. 8 жылдық тарихта бағдарлама форматтары бірнеше рет өзгеріске түсті, жастар тікелей эфирде де жұмыс жасады. Алғашқыда бағдарлама пікір-сайыстың американдық үлгісі: 2-2 жүйесі бойынша жүрсе, кейінірек «Конгресс», яғни студенттің сарапшылар алдында өз ұстанымын қорғауы, содан соң 1-2: белгілі бір қоғам және мәдениет қайраткерлері, саясаткерлер, әртүрлі сала мамандары мен екі жастың өзара сөз сайыстыруы түрінде жүргізілді. Ал 2006 ж. қыркүйегінен бастап, «Азамат» бағдарламасы сөз сайысының 1-1 үлгісіне көшті. 2008 ж. «Азамат» бағдарламасы қайта түлеп, «Азамат жастар парламенті» түрінде эфирге шығып жүр. Қазіргі таңда бағдарлама қатысушылары еліміздің заң шығарушы органында талқылауда жатқан заң жобаларымен тікелей жұмыс істеп, соларға қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп келеді. Сонымен бірге, әлеуметтік, саяси, экономикалық тақырыптар да жастар назарынан тыс қалмайды.

Бағдарламаның сегіз жылдық тарихында бірнеше жүргізушілер ауысты: Рауан Кенжеханұлы, Дәурен Қуат, Нартай Әшім, Орынбасар Тілепберген, Ринат Думанұлы, Әділ Абдрахман, Рақат Жақсыбай, Данияр Қанқожа. Соңғы қызметті Руслан Желдібай атқарды. Жалпы есеппен, осыған дейін 900-ден арта әртүрлі саладағы өзекті мәселелер мен түрлі бағыттағы тақырыптар талқыға салынды. «Азамат» бағдарламасы 2007 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты байқаудың және Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік тілді насихаттайтын БАҚ өкілдері арасында өткізген байқауының жүлделі бірінші орнын иеленеді. Телебағдарлама жастардың Қазақстан Республикасы Парламентімен етене жұмыс жасайтын жалғыз жобасы емес. «Ұлттық пікірсайыс орталығы» қорының бастамасымен «Парламенттің қоғамдық көмекшілері» атты жоба соңғы 4-5 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл жобаның аясында клубтың ең белсенді де қабілетті мүшелері ҚР Парламентінде іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндік алып отыр. Қоғамдық көмекшілердің басты мақсаты талқылаудағы заң жобаларын сараптап, өз ұсыныстары мен толықтыруларын енгізу, депутаттардың күнделікті қызметімен танысу. Парламентке іс-тәжірибеден өтуге жолдама алған жастардың әрбір легі жұмыс комитеттерінің талқылауларына, хат алмасу процесіне, заң жобаларын талқылауға етене араласа отырып мол өмірлік, әрі кәсіби тәжірибе жинақтайды, өз білімдерін асыра түседі.


Азамат және қоғам

«Азамат» клубының жастары ауыл мәселесіне де ден қойып, «Студенттік десант» жобасының арқасында бірқанша шараларды жүзеге асырды. Бұл жобаның мақсаты ауыл тұрғындарын азаматтық қоғамның өзекті мәселелері турасында ақпараттандырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмылдыру болатын. Осы орайда студент жастар пікірсайыс технологиясына негізделген семинарлардың модульдерін өз беттерімен жасап шығып, оларды Алматы облысындағы ауыл мектептерінің оқушыларына өткізіп қайтты. Әрбір семинар мол ақпарат пен пікірсайыс элементтерін қамтығандықтан, оқушылардың танымдық қызығушылығын тудырса, ұстаздар тарапынан семинардың педагогикалық аспектілері елеусіз қалмады. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын әзірлеу, түрлі мекемелердегі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын айқындауға барғытталған «100 мекеме» акциялары тәрізді іс-шаралар жүзеге асты. Жастардың арасында құқықтық сананы көтеру мақсатымен «Өз құқығыңды біл, жолаушы», «Өз құқығыңды біл, жүргізуші», «Тұтынушы, құқығыңды біл!» деген тақырыптағы акциялар жасалды. Клубтың жұмысы тек оның мүшелеріне ғана бағытталмайды. Клуб мүшелерінің жеке бастамасымен ел аузында жүрген зиялы қауым өкілдерімен, үлгі болар саясаткерлермен болған кездесулеріне әрбір жоғарғы оқу орындарының көптеген студенттері қатысып ой білдіреді. Еліміздің өзге жастар ұйымдарымен біріге отырып, өнер сайыстары, баспасөз маслихаттары, конференциялар, мәдени іс-шаралар мен бас қосулар жиі өткізіледі.


Сілтемелер