Аджип

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Аджип(Agіp) — ЭНИ корпорациясының (Италия) мұнай мен табиғи газды барлап, өндіретін және өткізетін трансұлттық мұнай-газ фирмасы. 1926 жылы құрылған. 1959 жылы фирма Еуропадағы ашық теңіздегі тұңғыш скважинаны бұрғылады. Содан бері Аджип өзінің қызметін бүкіл дүние жүзінде өрістете отырып, аса маңызды мұнай компанияларымен біріккен кәсіпорындар түрінде жұмыс істеп келеді. Аджип көмірсутегін тазарту және өткізумен айналысатын СНАМ және Аджип Петроли фирмаларына метан мен мұнай жеткізіп береді. 1995 жылы Аджиптің жалпы табысы 11,407 млрд итальян лиріне жетті. Фирма 5 құрлықтағы 24 елге қызмет көрсетеді. Дүние жүзіндегі көмірсутегінің 58 пайызын өндіреді. Фирмада 13000 адам қызмет істейді.
Аджип аса маңызды халықар. және жеке меншік ұйымдармен берік байланыс орнатып, Ресей, Әзірбайжан, Қазақстан және Қытаймен болашағы мол жаңа жобаларды қолға алды. Соның бірі — Батыс Қазақстан облысында 1979 жылы ашылған Қарашығанақ кенішінен мұнайгаз конденсатын өндіру. Бұл жоба 1992 жылы дүниеге келген еді. Қазақстан Үкіметі кенішті игеруге тендер жариялаған кезде таңдау Аджип және “Бритиш газ” мұнай компанияларына түсті. 1998 жылға дейін бұл жерден 3,9 млрд текше метр газ және 3,3 млн тонна конденсат өндірілді. Мұнда жыл сайын 4,0 млрд текшеметр газ және 4,0 млн тонна конденсат өндіруге мүмкіндік бар. Скважиналарды жөндеуде олардың бұрынғы жетілдірілген түрлері мен шетелдік бұрғылау кондырғыларын пайдалану жөнінде кең ауқымды жұмыс жүргізу туралы “Сайпем” және “Қарашығанақгазөндірісі акционерлік қоғамы” компаниялары арасындағы біріккен кәсіпорын болып есептелетін “Ақ Жайық” бұрғылау компаниясымен шарт жасалды.
Таяудағы 40 жыл ішінде бұл кеннен 500 млрд текше метр газ және 300 млн тонна мұнай мен конденсат өндіру көзделіп отыр. Бұл газ Ұлыбритания мен Италияны он жыл бойы қамтамасыз етуге жететін қор. Серіктестер кенді игеруге бөлгелі отырған 6 млрд. АҚШ доллары Қазақстан экономикасын көтеруге игі ықпал жасап, ұзақ уақыт пайда табуға жол ашпақ. Бұдан жиналған қордың көбісі осы кеннен өндірілген газ бен мұнайды өңдейтін зауыт құрылысына және оның өнімдерін Батыс Еуропаға тасып жеткізуге жұмсалады. Қарашығанақ кенішінде инженерлік, құрылыс және конструкторлық жұмыстар жүргізу жөніндегі кешенді шарттарда жергілікті тұрғындарды жұмысқа көбірек тарту арқылы мұнайлы аймақ кеншілерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту көзделіп отыр. Фирмада қоршаған ортаны қорғау және қалпына келтірумен айналысатын арнаулы қызмет бар.
Аджип фирмасы соңғы жылдары мұнай мен газ өндірудің жаңа технол-сын енгізу саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына 300 млрд-тан астам итальян лирін бөлді. Фирма жоғары температура мен төтенше жағдайлардағы қысымнан құтқаратын қазіргі заманғы технол. жасады. Бұл әдіс мұнайды ашық теңізде 850 м, тіпті 1000 м тереңнен өндіруге мүмкіндік береді. Аджип фирмасы Каспий теңізінің қайраңының астындағы мұнай мен газ қорын барлап, оны игерудің зиянсыз және тиімді технологиясын табу мақсатымен құрылған (1993) халықар. “Қазақстанкаспийшельф” Консорциумының құрамында алға қойған міндеттерін аз уақыттың ішінде орындап шықты. Аджип фирмасы Каспий мұнайын тікелей игеріп әлемдік рынокқа шығармақшы үміткерлердің бірі.

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}