Адай көтерілісі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Адай көтерілісі - Қазақстандағы шаруа қожалықтарын күштеп ұжымдастыру тарихында бұл қозғалыстың шығу себептері, сипаты, қозғаушы күштері де Созақ көтерілісімен және тағы басқа үлкенді-кішілі шаруалар наразылықтарымен өзара үндесіп және ұштасып жатыр. Адай, Табын руларының сол кездегі Қазақ өлкесі партия комитетінің басында отырған Голощекиннің қанқұйлы теріс, өктем саясатына, зорлық-зомбылығына карсы толқуы 1931 жылдың маусым-шілде айларында басталды. Ол зорлық пен өктемдік, елден салық жинау саясатының өрескелдігінен, ұжымдастырудын ел еркінен тыс, жойқын әкімшілік тұрғыда іске асырылуынан көрініс тапты. Қазақстандағы ұжымдастырудың ірі трагедияларының бірі - Адай көтерілісінің орталығы Маңғыстау ауданы болды. Адай даласы атанған көрші үш ауданды қамтыған бұл өлке 1928 ж. байларды жаппай тәркілеу және жаппай ұжымдастырудан босатылған өлке болатын. 1925 ж. Қазақстанға келген бетте-ақ Голощекин жергілікті жағдайды саралап, талдап, төзімділікпен төңірегін жан-жақты шолып алудың орнына күн тәртібіне "ауылды кеңестендіру" ұранын төтенше қойған. Қазақ ауылын кеңестік жолмен дамытуды ақылға сыйымды балама жолдарын ұсынған С.Сәдуақасов, С.Қожанов, С.Меңдешев тәрізді азаматтардың пікірлеріне құлақ аспаған Голощекин Маңғыстау тәрізді саясаттан іргесі аулақ жатқан оқшау аймақтарда да ТОЖ-дарға (бірлесіп мал бағу серіктіктері) біріктіруді көздеді. Мұндай төтенше әрекетті көшпелі өмірге әбден көндіккен төңірек қолдай қоймады. Асықпай үгіт-насихат жүргізу мәселесі назардан тыс қалды. Қазақстанның ОГПУ (біріккен мемлекеттік саяси басқарма) органдарының 1930 ж. қазан айында контрреволюциялық ұйым туралы аңызды ойлап шығаруы жағдайды ұшықтыра түсті. Голощекиннің және Құрамысовтың атына жолдаған ресми хатында Қазақстан ГШ ОГПУ-ы бастығының орынбасары Альшанский мұндай контрреволюциялық ұйымның Форт-Александровскіде ашылғанын, оның бұрынғы Адай округінде әрекет жасағанын баяндады. Осы ұйымға қатысты деген сылтаумен 68 адам тұтқынға алынып, ал патша өкіметінің қызметкерлері 30 адам байлар мен саудагерлер ретінде айыпталған болатын. Бұл ұйым мүшелеріне төмендегідей айыптар тағылды: Ұйым "өзіндегі" қазақ коммунистерін жұмылдыру негізінде 1922 ж. Форт-Александровскіде қарулы көтеріліс дайындады; Адайлар еуропалықтарды қуып жіберу үшін барлық шараларды қолданып бақты, осыған байланысты жергілікті ұлтшылдық ерекше көрініс берді; Түгелдей байлармен, саудагерлермен және чиновниктер элементімен толтырып, округтегі кеңестік партия аппаратын басып алды. Сондай-ақ, партия ұйымы да әлеуметтік жат элементтермен бүлінген; Орталықтан жіберілген қазақ қызметкерлерге ықпал етудің орнына оларды соққыға жығу мен Адай жерінен қуып шығуға дейінгі барлық шараларды қолдана отырып, оларды ұйымдасқан қуғын-сүргінге ұшырату орын алған. ҚазОАТком мүшесі Ералиевті өлтіруді ұйымдастырған; Революциялық заңдылық бұрмаланды және шариғатпен - ақсақалдар салтымен ауыстырылды, құн, барымта және осы тәрізділер әдеттегі құбылыс болып алды; Ұйым округ таратылған соң, округтің таратылуына қарсы контрреволюциялық үгіттеу жүргізетін "Адайды құтқару" тобын құрды. Түркістанға және Ауғанстанға халықтың көшіп кетулерін ұйымдастыру туралы барлық адайлықтарды шақырған, контрреволюциялық үндеуді басып шығарды және таратты. Осыған байланысты 1929 ж. халық Түркіменстанға жаппай көшті; Ұйым өзінің үндеуінде қарулы бас көтерулерге бандалар, соның ішінде Қ.Қошановтың бандасын ұйымдастыруға шақырды; Ұйым халық шаруашылығының барлық салаларын, әсіресе қаржыландыруды, кооперативтендіруді және даярлауларды түгелдей қамтитын экономикалық зиянкестікпен айналысты, осының салдарынан мемлекет осы жылдары миллиондаған шығынға батты. Көшпелі қазақ қоғамының, соның ішіндегі Адай даласының рулық тұрмысқа негізделген әдет-ғүрып, салт-дәстүрлерінің бәрі мұнда қылмыс ретінде қаралған. <ref>Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х</ref>

ОГПУ өздері ойлап шығарған контрреволюциялық ұйымды басшылықсыз қалдыруға болмайтынын да түсінді, сондықтан да идеологиялық басшы ретінде өздері "Адай ханы" деп ат берген ірі бай Тұбанияз Алланиязовты атап көрсетті. Осыған байланысты бұл мәселемен ұсталғандар кейде "Алланиязов ісімен" айыпталғандар деп те аталды. Адай көтерілісі - бір ғана рудың емес, осы Маңғыстау өңіріндегі барлық халықтың әділетсіздікке қарсы ұлттық наразылығы. Сипаты жағынан халықтық көтеріліске кедейлер мен батырақтар жаппай қатысқан, негізгі қозғаушы күші болған - орташалар. Уәкілдердің жергілікті жерлерде ұйымдастырған "социалистік жарыстары" да халықтың ашу-ызасын туғызды. Оның үстіне адайларға тек ет салығын ғана салған жоқ. Олар адамның ойы тұрмақ түсіне кірмес әртүрлі салықтар төлеуі тиіс болды. 1928—29 жылдың қыс айларында «Қызыл жүн» аталған жүн салығы, онымен қатар тері, сүйек, шүберек жинап тапсыру міндеті қойылды. Салық мөлшері өте көп болып, оны өтеу мүлде мүмкін болмады. Сондықтан қыстың қақаған аязында, ұлыған боранға қарамай кой қырқылды, түйе күзелді. Тұрғындар көрпелерін сөгіп, жүнін алды, алашаларын, арқанын түтіп жүн етті. Осындай құлақ естімеген, көз көрмеген әрекеттерге барғанның өзінде де «Қызыл жүн» жинау жоспарын орындай алмағандар айдауға түсті. Байлар мен кулактарды құрту кезінде оларға көмектесті деген желеумен кінә тағылған зиялылар да қамауға алына бастады. 7700 шаруа қожалығынан тұратын Маңғыстау ауданы 1931 ж. шілдеде шамамен мынандай топтарға бөлінді: халықтың 30 пайызы бейбіт жағдайда еңбек етіп жатты, ал 60 пайызы көтерілісшілермен болды, 10 пайыздайы кімдердің жағына шығарларын білмей абдырды. Бірлі-жарым ауылдар болмаса, Табын ауданындағы халық түгелдей дерлік кәтерілісшілерге қосылды. Олармен бірге сондай-ақ Жылқосы ауданының 11 әкімшілік ауылы және Доссор ауданының екі ауылының кейбір азаматтары көтеріліп, қолға түскен нәрсемен қаруланып, көтерілісшілер қатарын толықтырды. Үкіметтің күш қолдану саясатына бекем бел байлағанын, Адай даласына самсаған әскер түсіріп жатқанын көрген көтерілісшілер кәсіпшіліктерге, кооператив ұйымдарына, дайындау пункттеріне әділетсіз өкімет ошақтары деп қарап, жиі-жиі оларды талқандап, өртеп кетті.

Барлау арқылы жалпы Маңғышлақ ауданында әр түрлі бағыттарда осындай ұрыстар жүргізіп жүрген жекелеген көтерілісшілер топтарын есептемегеннің өзінде, 600-800 адамдай топтасқан көтерілісшілер қолдары жасақталған. Бұл олардың солтүстік қанаттағы күштерінің негізгі саны болатын. Ал енді көтерілісшілердің оңтүстік күштері Оразбай атты бұрын мемлекеттік комиссияға жол сілтеуші болған адамның басшылығымен 150 адамдық азғантай отрядтарға бөлініп алып, Қарабұғаз шығанағының оңтүстіктігіндегі кәсіпшіліктерді түгелдей өздеріне қаратты. Оразбайдың өзі басқаратын 100 адамдық негізгі отряд түрікмендермен бірігіп әрекет жасау туралы келіссөздер жүргізді. Адайлар мен табындар жаппай көшіп, көтерілісші сарбаздарға ілесті. Маңғыстау өңірінде бұрын-соңды болмаған жаппай дүрлігу, босу басталды. 14 тамызға қарай Рагозин бастаған қалың қол Қоңырат құдығы маңында Үстірттен шығыста, дәл Түрікмен жерімен шекарада Оразбай қолын қоршауға алды. Форт-Александровскіден шыққан қарулы күштер Қарабұғаздың оңтүстік-шығысында Дейме құдығы ауданында тағы да бір мыңдай адамнан тұратын жасақтарды қоршап алды. Әскер бөлімдерінің көтерілісшілермен болған қантөгіс қақтығысы көтерілісшілердің 5 мыңдай қожалығының берілуімен аяқталды.

Көтерілісшілердің үлкен отрядтары Барсакелмес батпағында ұсталды. 22 қыркүйекте Сенек құдығы маңында Ротермель бастаған отрядтар солтүстікке ұмтылған көтерілісшілермен қақтығысып тағы да жеңіске жетті. Жалпы қыркүйек айындағы әскери қимылдардың нәтижесінде үкімет өскерлері көшіп бара жатқан 3500 қазақ қожалықтарын кейін қайтарып әкелді. 196 көтерілісші, олардың ішінде 26 көтеріліс басшылары Фортта түрмеге қамалды. 128 тұтқын Гурьевке жөнелтілді. Қыркүйек айында басқа да аудандардан тағы 97 адам тұтқындалды. 66 адамның тергеу ісі жедел түрде аяқталып, істері сотқа берілді. Аман қалған көтерілісшілердің кейбір топтары Түрікмен жеріне, Қарақалпақ арқылы Орта Азия республикаларына өтіп кетіп, Ауғанстан, Иран асты.<ref> Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3 </ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}