Абзал Жұмашұлы Ералиев

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Мемлекеттік қайраткер

Абзал Жұмашұлы Ералиев — (28 наурыз, 1960 жыл, Нағи Ілиясов ауылы, Сырдария ауданы, Қызылорда облысы) — Қазақстанның Еңбек Ері (2013 жылы), Қызылорда облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының Президенті, «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының мүшесі және Қызылорда облыстық мәслихат депутаты.

Өмірбаяны

Ералиев Абзал Жұмашұлы 1960 жылы 28 наурызда Қызылорда облысы қазіргі Сырдария ауданының Нағи Ілиясов атындағы ауылдық округінде Ералыұлы Жұмаш (Ербатыр) пен Сәрсенбайқызы Кенжегүлдің отбасында дүниеге келген.

Әкесі – Ералыұлы Жұмаш (Ербатыр) Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра ауылының тумасы. 1939 жылы медицина мамандығын дайындайтын курсты бітірген уақытында әскерге шақыртылып, азаматтық борышын өтеп жүрген уақытында Ұлы Отан соғысы басталады. Бұл сұрапыл уақыттарда Ералыұлы Жұмаш (Ербатыр) фельдшер-санинструктор қызметін атқарады. 1946 жылы елге оралып, келісімен мамандығы бойынша 12 жыл бойы Аламесек, Шымбөгет, Ақарық, Қосарық, Бесікті ауылдық округтерінде фельдшер қызметін атқарады. 1958-1996 жылдар аралығында Нағи Ілиясов ауылдық округінің учаскелік ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарады.

Анасы – Сәрсенбайқызы Кенжегүл Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Ақарық ауылының тумасы. 8 баланың анасы.

Ералиев Абзал Жұмашұлы 1967 жылы қазіргі Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Түймебай Айтбаев атындағы қазақ орта мектебінің бірінші сыныбына барады. 10 жылдық оқу орнын бітірген шағында, 1977 жылы Жамбыл гидромелиоративтік – құрылыс институтының Қызылорда қаласындағы филиалына оқуға түседі. 1982 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп шығады.

1982 жылы әскер қатарына шақыртылып, Отан алдындағы борышын Ресейдің Череповец қаласында Кеңес әскерінің қатарында жүріп өтейді.

Еңбек жолы

  • 1984 жылы әскерден оралып, Қызылорда үй құрылыс комбинатында құрылыс шебері болып өзінің еңбек жолын бастайды. 1994 жылға дейін аталмыш мекемеде 10 жылға жуық мастер, прораб, құрастыру учаскесінің бастығы қызметтерін атқарады.
  • 1994 жылы Қызылорда облысының негізгі еңбек көзі – асыраушысы болып есептелінетін күріш өндірісімен айналысуды ұйғарады. Сойтіп, осы жылы күріш өсірумен және оны өңдейтін «Абзал және Компания» толық серіктестігін ашып, осы компанияның директоры болып қазіргі таңға дейін қызметін атқарып келеді.
  • 2008 жылдан бастап қоғамдық негізде Облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының президенті болып сайланады.
  • 2011 жылдан бастап «Нұр Отан» халықтық – демократиялық партиясының белді мүшелерінің қатарында.
  • 2012 жылдан бастап Қызылорда облыстық мәслихат депутаты болып табылады.

Жетістігі

  • 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 25 тамыздағы Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
  • 2010 жылы Мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін, еліміздің әлеуметтік – экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 7-ші желтоқсандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденімен марапатталды.
  • 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 10-шы қарашадағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
  • 2012 жылы Қазақстан Республикасының білім беру саласына қосқан айрықша үлесі үшін «Меценат» алтын медалімен марапатталды.
  • 2013 жылы қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісімен наградталды.
  • 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің желтоқсандағы Жарлығы бойынша елге жасаған ерен еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Отан» орденімен марапатталды.

Отбасы

Ералиев Абзал Жұмашұлы 1987 жылы отбасын құрады. Жары – Ильясова Алтынай Абдикаримқызы 1964 жылы 14-ші қаңтарда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жанұясында 1 ұлы және 1 қызы бар. Қызы – Ералиева Гулнұр Абзалқызы Ұлы – Ералиев Мағжан Абзалұлы

Сыртқы сілтемелер