Абайдың əдеби-мемориалдық мұражайы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Абайдың əдеби-мемориалдық мұражайыАбайдың əдеби мұрасын сақтап, насихаттауға арналған тарихи-мəдени мекеме. Ол Семей қаласында орналасқан. Абай жақын ағайындарын жұмылдырып, 1892 жылы Əнияр Қожабайұлы Молдабаевқа қаладан үй сатып əперген. Сол үй Абай, Шəкəрім, Көкбай, Ақылбай, Əбдірахман, Тұрағұл, Мағауия, Кəкітай т.б. қалаға келгенде қонатын үйіне айналған. Комиссар көшесіндегі № 116 үйде кейін де ел зиялылары, алаш азаматтары бас қосып, жиын өткізетін болған. Əнияр Молдабаевтың екі қабатты осы үйі 1940 жылы сəуірде Абайдың туғанына 95 жыл толу мерекесі қарсаңында Абайдың əдеби-мемориалдық мұражайына айналдырылды. Мұражай қорында 13 мыңға жуық (оның ішінде 7500-і негізгі қор саналады) құнды жəдігерлер қойылған. Абайдың өзі 1885 жылы Семейдегі тарихи-өлкетану мұражайы қорына тапсырған байырғы ұлттық бұйымдар, ақын шығармалары, алғашқы кітаптары, Абайдың дүние жүзі халықтары тілдеріне аударылған өлеңдері, Абайдың əдеби мектебінің аса ірі өкілдерінің шығармалары, сондай-ақ абайтанушы ғалым-зерттеушілердің бірегей еңбектері сақтаулы тұр.

Дереккөздер

«Сен білесің бе?» энциклопедиясы./Құраст.: Қ.Ж. Райымбеков, Қ.Т. Байғабылова. – Алматы: «Аруна» баспасы. – 700 бет. ISBN 9965-26-407-4