Растошинское газ кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

19:43, 2015 ж. мамырдың 21 кезіндегі Салиха (Талқылауы) істеген түзету

Растошинское газ кен орны - Каспий маңы ойысының солтүстігіндегі газ кен орны. Батыс Қазақстан облысында, Орал қаласынан батыста 15 км жерде орналасқан. 1993 жылы белгілі болды. 1-ші іздестіру ұңғымасын сынамалау кезінде башқұрт жікқабаты шөгінділерінен газ ағымы (112 мың м3/тәу) алынды.

Геологиялық құрылымы

Құрылым визе-башқұрт ернеулік кемерін күрделілендіретін болжамды органогендік горизонтпен байланысты. Өлшемдері 3,0x10,0 км, биіктігі 200 м-ге жуық. Төменгі башқұрт жікқабаты бөлігінің және Серпухов жікқабатының жоғарғы бөлігінің органогендік әктастары өнімді. Жинауыштары кеуекті, кеуекті-ұралы. Кеуектілігі 4,4-12% (орташа мәні 6,1%). Жапқыш қызметін қалыңдығы 6 м-ден ондаған метрге дейін жететін верей горизонтының аргиллиттері атқарады, тұрақты түрде көмкерген жағдайда күнгүр шөгінділері де жапқыш қызметін атқаруы мүмкін.

Жатыс сипаты

Жатын шомбал бітімді. Шөгінділердің өнімділігі 4670 м-ден 4676 м-лік белгіге дейін анықталған, бұл өнімділік биіктігі 69 м. 6 мм-лік шайбада газ шығымы 119,3 мың м3/тәу-ті құрады. Бастапқы қойнауқаттық қысымы 54,9 МПа, температурасы 102°С.

Құрамы

Газ негізінен метанды (89-95%), басқа түрбөлшектер, пайызбен(%): этан 0,6-4,1, пропан -0,04-0,06, бутан жене өзге гомологтар -0,02-ға дейін, күкіртсутек -2,85-3,56, көміртек диоксиді -3,4-4,03, азот -2,79-ға дейін болады. Башқұрт шөгінділеріндегі жатыннан басқа, кенорында 1-ші ұңғыма оқпанының 4218-4395 м аралығында ашылған калинов карбонатты горизонтының өнімділігі анықталды. Одан алынған газ ағымының шығымы 32,9 мың м3/тәу болды. 4760 м-лік белгіден темен алынған башқұрт жатынының табанасты суларының тығыздығы 1142 кг/м3, минералдылығы 207 г/л хлоркальцийді көлтұздықтар. 727 м-лік орташа динамикалық деңгейдегі су шығымы 30,4 м3/тәу-ті құрайды. Кен орнында жұмыс тоқтатылған. <ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер