Бедеу

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

17:33, 2012 ж. қарашаның 11 кезіндегі BolatbekBot (Талқылауы) істеген түзету

Бедеу - туу, бала көтеруге қабілетсіз әйел. Малға (биеге) да қатысты айтылады. Құлындамайтын биені бедеу бие дейді. Ер адамның бала таптыру қабілетінің болмауын белсіздік деп атайды. Байырғы ортада ұста дүкенінде (шеберханада) түнеп шыққан бедеу әйелдер мен жүйке ауруларына шалдыққан адамдардың дерттен құлантаза айығып кеткені жайлы деректер кездеседі.

Бедеулікті емдеу

Ертеде бала көтермеген әйелді ішірткі беру арқылы емдеген. Бедеу әйелге алғашында емші он күндік ішірткі оқып береді. Он күн ем қабылдап болған соң, тамырын ұстап, әйелдің денсаулығын бақылап, тағы он күнге ішірткі береді. Осылайша он-он күннен бөліп үш рет ішірткі ішкізіп, жалпы отыз күн ем қабылдайды. Осы емделген күндері ерімен қатынас жасауына тыйым салынады. Емді түгел алып болған соң емделуші әйел жуынып-шайынып, ғұсыл дәретімен емшіге қайта келеді. Емші тағы да әйелдің тамырын ұстап, оның тамыр қағысын бақылайды. Емшінің бақылауынша әйелдің денсаулығы жақсы болса, оның ауруын біржолата тазалау үшін қара қойға көшіреді. Емшінің тапсыруымен қажетті заттардың барлығын емделуші әйел алып келеді. Ауруды көшіруге қажетті заттар: қара қой және әйелдің ескі-құсқы киімдері (көйлегі, бір іш киімі, орамалы), пішінін келтіріп қолдан жасалған жеті қуыршақ (екеуі ұл, бесеуі қыз баланың пішінінде болуы тиіс) әкеледі. Ауруды көшіретін күнді белгілеп, жұма күнге сәйкес келмейтіндей етіп келіседі. Аптаның сәрсенбі, бейсенбі және сенбі күндерін ауруды көшіруге өте колайлы күн деп есептейді. Ауруды кешіру кешқұрым уақытта жүргізіледі. Емші әйелді ертіп, қолына қойды жетектеп, дайындалған жеті қуыршақты бір уысына ұстап, ауылдың сыртына шығып, үлкен жолдың бойына әйелді отырғызады. Емші әйелдің үстінен қара қойды үш рет өткізіп «дертіңді саттың ба?», - деп үш рет сұрайды. Әйел «саттым», - деп үш қайтара жауап береді. Содан соң жеті қуыршақты өртеп, әйелді аластай бастайды. Қуыршақпен аластағанда да емші үш рет сұрап, әйел тиісінше жауап береді. Қара қоймен көшіріп, қуыршақпен аластап болғаннан соң емделуші әйел артына қарамастан ешқайда соқпай, өз жолымен кетеді. Егер әйел артына қараса, ауру қайта жабысады деген сенім бар. Емделуші әйел емшінің емін ынтасымен жасап, нақ сеніммен қабылдар болса, әйел ауруынан айығып бала көтереді. Осындай емнен кейін ауруынан айығып бала көтерген әйелдер ел арасында жоқ емес.

Бедеу әйелді емдеуді бақсылар, емшілер жүргізген. Маңғыстау жерінде өмір сүріп, 98 жасында дүниеден озған емші Әбіш емін сәтті күн сәрсенбіде бастаған, дұға оқып үшкіріп, содан соң май шырақ арқылы дауалаған. Әбден қураған бұтақтың басына жұқалап мақта орап, оны ешкі немесе сиырдың әбден шыжғырып алынған таза майына шылайды. Бір қарыс шыбықтың түбіне 3 елі мақта орап, бірнеше шырақтар дайындайды. Емдеуді бастайтын алғашқы сәрсенбі күні құм толтырылған ыдысқа екі шырақ, келесі күні үш шырақ, үшінші күні төрт шырақ жағып, осы төртеумен емді он күнге дейін жалғастырады. Емделетін бедеу әйел жалаңаштанып, шырақтың жылуы сыртқа шығып кетпейтіндей көлемді киім бүркеніп, жағылған шырақтың үстіне шырақ жанып біткенше түрегеліп тұрады. Осы он күндік емді қабылдап болғаннан кейін әлгі әйел тағы да тамырын ұстатып, емшіге жағдайын бақылатады.

Сонымен қатар бедеу әйелді емдеу кезінді, әдетте бақсылар ұрғашы түйені бейнелесе, кейде бура болып кісінейді. Мұндай іс-қимыл әркеттің барлығы өсіп-өну, көбею нышандарын бейнелей білдіреді. Қарауыл руынан тарайтын Жылан бақсы бедеу әйелдерді емдеу барысында мынадай өлең жолдарын айтқан:

Бағың байланған. 
Белің байланған, 
Дерт жайланған 

- деген жолдармен емдеу тәсілдерін бастаған.

Этнотілдік ұжымда «Баласыз әйел — байлаусыз бие», «Бедеу қатын - бедерлі түйме», «Бала таппаған әйелден, лақтаған ешкі артық», «Қоспасыз қос бедеу - бір төсектегі екі еркек» деген сөз оралымдары кездеседі. Бедеулік қазақтар арасында сирек кездескен. Бедеуліктен арылу үшін әулие-әнбиелердің басына түнеген, түрлі ем-домдарға жүгінген, емделіп, араға ұзақ жылдар салып балалы болатын жандар да болған.

Баланың кіндігін бедеу әйелге көрсетпей көміп тастайтып болған. Егер бедеу әйелге білдіртпей нәрестенің кіндігін екі-үш тілім етіп кесіп, қуырып, қуырдаққа араластырып жегізсе, бедеулігі босанушы әйелге көшіп, бедеу әйел бала көтереді деген сенім болған. Бұл нәрестенің жолдасы мен кіндігінде оның жанының бір бөлшегі болады деген сенімнен туындаған ырым болса керек.

Бақсылар бала көтермеген бедеу әйелдерді сарын айтып емдеген. Арғыннан шыққан Қайырбек деген бақсы бедеу әйелдерді сарын айтып ойнап емдегенде, аурудың маңайына жиналған елге мынадай бәдік өлең айтқызады екен:

Би-ағалар, би-ағалар,
Би-ағалардың көтіне сиза қағылар.

Перзентсіздікті көне танымда Тәңірдің қарғысы тигендік деп ұққандықтан, ондай адамдардың әлеуметтік мәртебесі төмен болған. Мәселен, бұрынғы ертегі, жырларда той, жиын үстінде баласы жоқ патшаға немесе байға тіл тиеді де, ол жиынды тастап, Жаратқаннан перзент сұрап, тентіреп кетеді. «Ұлы жоққа отыра тұғын орын жоқ, қызы жоққа қымыз жоқ, бұл тойға келмесін!» деп жар салып тойға шақыру дәстүрден тыс қалыпты фольклорлық мотив екені көрінеді.

«Әлібек батыр» ертегісінде баласы жоқ бай әулиелерден бала сұрап жүріп, бір тойға тап болады. Тойға барса, оған: «Ұлдыларға орын бар, қыздыларға қымыз бар, ұлы, қызы жоқтардың бұл жиында несі бар?» дейді. Бай кетіп қалады. Ал, «Қорқыт ата» кітабында былай баяндалады: «Байындыр хан той жасап, аттан айғыр, түйеден бура, қойдан қошқар сойғызды. Бір жерге ақ отау, бір жерде қызыл отау, бір жерде қара отау құрғызады: «Кімнің ұлы, қызы жоқ, қара отауға қондырғын, астына қара киіз төсегін, қара қойдың етін тартыңдар, жесе жесін, жемесе тұрып кетсін!» — деді. Ұлы барды ақ отауға, қызы барды қызыл отауға қондырғын. Ұлы, қызы болмағанға Аллаһ Тағаланың қарғысы тиген, біз де қарғауымыз керек, бәрі білсін, — деді. Тойға артынып-тартынып келген Дерсе хан қайтып кетеді».

«Айман-Шолпанда» Маман бай да «тоғыз нарға тоғыз саба артып», он алтын масатыдан кілем жауып, үлкен асқа келеді. Бірақ оны ешкім ұлың жоқ деп сөкпейді, керісінше, Маманға лайық деп, алтынды үйге кіргізеді. Көтібар батыр да «тоғыз нарға тоғанақтан қант пен шайын артып», шалғай жерден келгенде, оны «жадағай киіз үйге» сілтейді. Көтібар намыстанып кірмейді, Маман жатқан алтын үйді талап етеді. Екеуі егесіп, іс насырға шабады. Бір қарағанда, Маман мен Көтібардың ерегесі екі адамның болмашыға таласуы, я болмаса екі рудың тартысы болып көрінуі мүмкін. Шындығында олардың жанжалы халықтың ертеден келе жатқан салтын бұзудың салдарынан туған. Ежелгі салт бойынша, ұлы жоқ адам құрметті қонақ та бола алмайды, үйге де кіргізілмейді. Ал ұлы жоқ Маманның алтын үйге орналасқандығы Көтібардың намысына тиеді. Оның малы да бар, баласы да бар. Ас беріп жатқандар «Баласы аса жұрттың мейман келді, Мамеке-ау, кірген үйің бермейсің бе?» деп, Көтібардың атақты ұлы бар екенін айтып, алтын үйге сол кіруі керек деген ойларын айтады. Бірақ Маман өзінің байлығын айтып, Көтібарды кедей деп қорлайды. Маманның бұл мінезі Көтібарды одан әрі ызаландырады. Алтын үй өзіне тиесілі екенін айтып, Көтібар ата салтын бұзған әрі өзін қорлаған Маманды шауып, екі қызын тұтқынға алады.

Мұндай фольклорлық әдеби мәтіндерден байқайтынымыз халық баланы Тәңірдің ерекше сыйы деп бағалаған да, бедеулікті қорлық санаған. Перзентсіз ата-ананы жексұрын көруінің астарынан халықтық осындай түсінікті байқаймыз.

Кейбір мәлімет берушілер қазақ қариялары балалы бола алмай жүрген келінді емдеу үшін санаға сыймайтын ауыр шартты той-жиында әдейі орындатқан дегенді айтады. Мәселен, кей жағдайда ондай келінге қария «Егер балалы болғың келсе, қазір бұтындағы дамбалынды шешіп, жұрттың көзінше көрсет» деп шарт қойған. Бұндай ұятты істерді қорланып, жылап жүріп жасаған келін артынан балалы болған деседі. Осындай деректерден перзентсіз бедеулікті емдеудің магиялық шараларының қатарына қорлау, жылату, қудалау, қара үйге отырғызу, қара қой сойып қара ет беру, бет-жүзіне күйе жағу секілді ауыр жазалар жататынын да байқауға болады.<ref>Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Бедеу|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}