Батыс Опақ газ кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

20:58, 2017 ж. ақпанның 15 кезіндегі Liquorkaru (Талқылауы) істеген түзету

Сурет:Батыс Опақ.png
Батыс Опақ газ кен орнының жабын бойынша құрылымдық карталары

Батыс Опақ газ кен орны - Шу-Сарысу шөгінді алабының Мойынқұм ішкі ойысындағы газ кен орны. Қызылорда қаласының солтүстік-шығысында 215 км жерде орналасқан. Құрылым 1980 жылы іздестіру бұрғылауын жүргізуге дайын болды.

Геологиялық құрылымы

Кен орнын сыйыстырушы құрылым оңтүстік-батыс бағытта созылған жарылым бойына орналасқан антиклин түрінде ошарылады. Антиклиннің өлшемдері фамен жікқабатына тиесілі өнімді түзілімдердің беті бойынша (-1750 м-лік изогипса) 15x3,2 км, амплитудасы 173 м, ал төменгі Серпухов жікқабатына тиесілі газды әктастардың беті бойынша (-1150 м-лік изогипса) 18,5Х3 км, амплитудасы 148 м.

Жатыс сипаты

Қатпар дөңесіндегі фамендік жатынның тереңдігі 1861 м, биіктігі 13 м. Газды горизонттың жалпы қалыңдығы 13,6 м, тиімді қалыңдығы 5,2 м. Жинауыштарының кеуектілігі 9-14%, олар жарықшақты қүмтастардан құралған, жарықшақты-кеуекті типке жатады. Газға қанығу коэффициенті 0,76. Бастапқы қойнауқаттық қысымы 18,4 Мпа. 6,6 мм штуцерде бастапқы дебит 30 мың м3/тәу. Төменгі турне жікқабатына тиесілі бөлігінің ангидриттері мен сульфаттанған әктастарды жапқыш рөлін атқарады. Төменгі Серпухов жікқабатына тиесілі жатын 1286 м тереңдікте аршылды, биіктігі 50 м-ге жуық. Әктастардан құралған кеуекті-аралық және аралас типті жинауыштардың ашық кеуектілігі 3-10%. Ашық оқпанда бастапқы шығым 2-3 мың м3/тәу-ті қүрады. Қалыңдығы 25 м-ден 128 м-ге дейінгі көнелігі шамалас ангидриттер жапқыш рөлін атқарады.

Құрамы

Фамен жікқабатына тиесілі жатын газдарының құрамы: метан - 55,34-83,45%, этан - 2,75-5%, пропан - 0,86-1,7%, изобутан - 0,15-0,5%, бутан - 0,15-0,4%. Серпухов жікқабатына тиесілі жатын газдарының құрамы, %: метан - 81,31, этан - 13, пропан - 6,0 т.б. Хлоркальцийлі құрамды фамен шөгінділерінің қойнауқаттық суларының тығыздығы 1192 кг/м3, минералдылығы 258 г/л, онда өндірістік мелшерде йод, бром, бор, литий шоғырланған. Төменгі Серпухов горизонттарының хлоркальцийлі типті қойнауқаттық суларының тығыздығы 1180 кг/м3, минералдылығы 218,1 г/л, өндірістік мелшерде йод, бром, бор және литий шоғырланған. Кен орнында жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ.<ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер