Өзтемiр жорығы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Өзтемiр жорығы — ойраттардың Әбiлхайыр хандығына қарсы Өзтемiр тайшы бастаған тонаушылық жорығы. 1457 жылы ұйымдастырылды.

XV ғасырдың 20-30 жылдары Iле және Ыстықкөлге дейiн шапқыншылықтар жасап тұрған ойраттар 50-шi жылдары Сырдария өңiрiне жетедi. Ойраттар Iле өзенiне келген соң қызметшiлерi мен арбаларын қалдырып, әскерi Әбiлхайыр хандығының астанасы - Сығанаққа аттанады. Көккесене деген жерде Әбiлхайыр хан мен Өзтемiр тайшы әскерлерiнiң арасында ауыр шайқас өтедi. Шайқаста Әбiлхайыр хан жеңiлiске ұшырап, шегiнедi де, Сығанаққа тығылуға мәжбүр болады. Бұдан кейiн қарсылық кездестiрмеген ойрат әскерi Түркiстан, Ташкент аймақтарын тонаушылыққа ұшыратып, көптеген тұтқындарды құлшылыққа әкетедi. Өзтемiр тайшы қайтарында Әбiлхайырмен келiсiм-шарт жасасады. Бұл Әбiлхайыр үшiн қорлық бiтiм едi. Күйрей жеңiлген Әбiлхайыр Түркiстанның талан-таражға салынған қалаларын тастап Дештi Қыпшаққа кетуге мәжбүр болады (Сыр бойына 1460-шы жылдары ғана оралады). Бұл жеңiлiстен кейiн Әбiлхайыр өзiнiң ұлыстарында қатал тәртiп орнатуға кiрiседi.