Әлібек Қоңыратбайұлы Қоңыратбаев

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Әлібек Қоңыратбайұлы Қоңыратбаев (7.10.1907, бұрынғы Сырдария губерниясы Ақмешіт уезі Шиелі болысы, 7-ауыл – 2.12.1937, Алматы) – жазушы, аудармашы, сыншы.

Ташкенттегі Халық ағарту институтының екі курсын, ҚазПИ-ді бітірген. 1931 – 33 жылдары Қазақстан жазушылар одағының жауапты хатшысы, төралқа мүшесі, 1934 – 37 жылы “Әдебиет майданы”, “Қазақ әдебиеті” газет-журналдарында әдеби қызметкер, "Қазақстан" баспасында бөлім меңгерушісі болған. М.Жолдыбаев, М.Әуезовпен бірге “19 ғасыр мен 20 ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің оқу кітабы” (1933) және “19 ғасыр мен 20 ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің хрестоматиясы” (1934); М.Жолдыбаев, М.Қаратаевпен бірге “Әдебиет хрестоматиясы” (1934), А.Әлібаевпен бірге “Хрестоматия” (3-сынып) атты оқулықтар мен оқу құралдарын жазған. Мольердің “Сараң” комедиясын, Тургеневтің “Әкелер мен балалар” романын, Чеховтың “Ванька”, “Хамелеонын” т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударған. 1935 ж. Гүлнар Дулатоваға қосылып, артында бір қызы қалған. 1935 ж.М. Дулатовтың ұлы қайтыс болғанда жерлеуге ер адамдардан А.Байтұрсынов екеуі ғана қатысқан. Саяси қуғын-сүргін құрбаны, 1937 жылы 17 наурыз күні тұтқындалып, сол жылдың 2 желтоқсанында НКВД-ның тергеу камерасында атылған. 1956 жылы толық ақталған. 2008 жылы шығармалар жинағы (Астана: "Фолиант") жарық көрген. Құрастырушы - Т.Қоңыратбай.<ref>Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса - Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009 жыл</ref><ref>Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6</ref>

Шығармалары

  • М.Жолдыбаев, М.Әуезов, Әл.Қоңыратбаев. XIX ғасыр мен XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің оқу кітабы. А., 1933;
  • М.Жолдыбаев, М.Әуезов, Әл.Қоңыратбаев. XIX ғасыр мен XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің хрестоматиясы. А., 1934;
  • М.Жолдыбаев, М.Қаратаев, Әл.Қоңыратбаев. Әдебиет хрестоматиясы. А., 1936;
  • Әл.Қоңыратбаев, А.Әлібаев. Әдебиет хрестоматиясының оқулығы. 4 класс. А., 1933;
  • Оқпен тілдесті, 1933;
  • «Қаскелең» поэмасы туралы. «Әдебиет майданы», 1934;
  • Екі Жүсіптің айтысы. «Әдебиет майданы», 1934,
  • Абай творчествосы. «Әдебиет майданы», 1934,
  • Неміс ақыныЛессинг туралы. 1928;
  • М.Горький қазақ әдебиетінде. 1929;
  • Ұлт өнерін өркендетелік. 1933;
  • Мольер. «Сараң» комедиясы. Аударма. 1935;
  • Жас қырандар. Пьеса. 1936.
  • Әлібек Қоңыратбаев. Шығармалары. Астана "Фолиант", 2008.<ref>Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. А., 2004, 6-том</ref>

Дереккөздер

<references/>