Әлихан Мұхамедияұлы Бәйменов

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Мемлекеттік қайраткер

Алихан Мұхамедияұлы Байменов (25.03.1959, Қарсақбай ауылы, Жезді ауданы, Жезқазған облысы) - Қазақстанның мемлекет қайраткері, Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб басқарушы комитет төрағасы <ref>Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5</ref>.

Өмірбаяны

Білімі

Қарағанды политехникалық институтын (1981) инженер – механик мамандығы бойынша; Мәскеу автожол институтының аспирантурасын (1988) тәмамдаған. Техника ғылымдарының кандидаты (1988), доцент (1991). Ұлттық инженерлік Академиясының корресподент-мүшесі және Жаратылыстану ғылымдары Ұлттық Академиясының мүшесі.

Қызмет жолы

1988 жылдан 1992 жылға дейін – Жезқазған тау кен - технологиялық институтының аға оқытушысы, доценті, декан орынбасары.

1989—1990 — Облыстағы алғашқы қоғамдық ұйым - «Ұлытау» қозғалысын құрады, «Невада-Семей» ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыстың Жезқазған облыстық бөлімшесін басқарады. Қалалық атқарушы комитеттің қысымына қарамастан, «Ұлытау» қоғамдық қоғалысын тіркейді. Ұйым аймақтағы экологиялық, әлеуметтік, мәдени, қоғамдық мәселелерді көтереді. Мәселен, «Байқоңырдан» ұшырылатын зымыран сынықтарының қоршаған ортаға зияндылығын айтып, олардың жинастырылуына, Жезқазғанға жақын орналасқан радиолокациялық стансаның алынып тасталуына қол жеткізеді. Жергілікті тұрғындар арасында ағартушылық-насихат жұмыстарымен айналысады. «Отырардан – Ұлытауға дейін» атты экспедиция ұйымдастырады. Қазақстан тәуелсіздігі жарияланбай тұрып, «Ұлытау» қозғалысы мүшелері көк тумен шығады. Ұлытаудың үкімет қаулысына сай ұлттық тарихи, мәдени және табиғи мұражай қорығы ретінде құрылуына ықпал етті. «Невада-Семей» қозғалысының іс-шаралары Жезқазған өңірінде «Ұлытау» қозғалысы арқылы жүзеге асты.

1990 жылы Жезқазған облыстық халық депутаттары Кенесінің депутаты болып сайланды.

1992 жылдан бастап – Жезқазған облысы әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған.Облыстағы алғашқы тәуелсіз басылым - «АСУ» (Адам.Сана.Уақыт) газетінің ашылуына қолдау көрсетеді. Жас ғалымдарды жаңа ғылыми зерттеулерге ынталандыру мақсатында арнайы стипендиялар тағайындалды.

1993-1994 – Жезқазған облыстық «Қазақстанның халықтық бірлігі одағы» ұйымының басшысы.

1994 – 1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

1995 – 1996 жылдары – Қазақстан Республикасы Еңбек министрінің орынбасары, министрдің бірінші орынбасары.

1995-2001 – Қазақстан Халықтары Ассамблеясы төраға орынбасары.

1996 – 1997 жылдары – Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігінің ұйымдастыру - бақылау бөлімінің меңгерушісі.

1997 – 1998 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер - министрі Кеңсесінің жетекшісі.

1997 - 2001 – Қазақстан Президенті жанындағы азаматтық мәселелер жөніндегі Комиссия төрағасы, Қазақстан Презиенті жанындағы адам құқығы бойынша Комиссия мүшесі.

1998 – 1999 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жетекшісі.

1999 – 2000 жылдары – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы. Осы жылдары алғаш рет мемлекеттік қызметке ашық байқау арқылы іріктеу жүйесі енгізілді. Мемлекеттік қызметкерлер саяси және әкімшілік болып бөлінді. 1999 жылғы «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданған соң, аймақ елдері Қазақстанның тәжірибесін негізге ала отырып, ұқсас заңдар қабылдады, арнайы мемлекеттік органдар құрды.

2000 жылдан 2001 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.ТМД елдер арасында тұңғыш рет кешенді әлеуметтік қорғау тұжырымдамасы жасалып, соның ауқымында қазіргі сақтандыру қоры құрылды. Жұмыс берушілердің жұмысшылар алдындағы жауапкершілігі заңмен бекітілді.

2001 жылдың қарашасынан бастап – «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы, саяси кеңесінің мүшесі.

2002 жылдың наурызынан бастап – Ақ жол демократиялық партиясы құрылтайшыларының бірі, тең төрағасы. Партиялық тізім бойынша «Ақ жол» 30 пайыздай дауыс жинады, бірақ ресми түрде партияға 12 пайыз дауыс есептелді. Биліктің сайлау нәтижелерін бұрмалаушылығына қарсылық ретінде депутаттық мандаттан бас тартты.

2005 - 2011 – Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясының төрағасы

2005 қыркүйегі – Қазақстан Президенттігіне үміткер.

2006 – Саяси реформалар бағдарламаларын даярлау және нақтылау бойынша мемлекеттік комиссия мүшесі.

2006 - 2007 – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

2011 - 2014 - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы. Бұл кезеңде мемлекеттік қызметті кәсібилендіруге назар салынып, «А» басқарушы корпусы құрылды, мемлекеттік қызметке іріктеу және жоғарылату жүйесі меритократия қағидатына сай жетілдірілді.

2014 жылдың қыркүйегінен бастап - Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб басқарушы комитет төрағасы. Астанадағы мемлекеттік қызмет бойынша Өңірлік хаб 2013 жылы мемлекеттік қызмет саласында үздіксіз тәжірибе мен білім алмасудың институционалды негізі ретінде 25 ел және 5 халықаралық ұйымның қатысуымен құрылған. Қазіргі таңда Хабқа ЭЫДҰ, ТМД, Орталық Азия мен ASEAN елдерін қоса алғанда 34 қатысушы ел мүше.

«Зерде» Қоғамдық қорының (2002 жылдан бастап), Тоғызқұмалақ бойынша республикалық федерацияның президенті (2005 жылдан бастап), дүниежүзілік федерациясының ұйымдастырушысы және алғашқы президенті (2008 жылдан бастап), «Темірқазық» пікірсайыс клубының негізін қалаушы әрі жүргізуші (2003-2012), «Менеджментті Дамыту Қазақстандық Қоры» Қоғамдық қорының Қамқоршылар Кеңесі теңтөрағасы. «Зерде» қорының негізгі мақсаты – қоғамдық-ағарту жұмысы болды. Ғасырлар бойғы ізденістер арқасында адамзаттың алдыңғы қатарлы елдерінде қалыптасқан рухани құндылықтарды қазақ тілінде жеткізу үшін «Зерде кітапханасы» ауқымында алғаш рет Карл Поппер, Шарль Монтескье, Жан-Жак Руссо, Джон Локк сияқты ойшылардың еңбектері қазақ тіліне аударылды. Қор жұмысы аясында қазақтың саяси тарихына, қуғын-сүргін кезеңіне қатысты зерттеулер жасалып, кітаптар жарыққа шықты. «Зерде» қоры бастамасымен Мұстафа Шоқай шығарған «Яш Түркістан» журналының жеке мұрағаттарда сақталған түп нұсқалары Ұлыбританиядан Қазақстанға әкелінді. Құнды тарихи құжаттар Ұлттық мұрағатқа, Ұлттық кітапханаға, Мұстафа Шоқайдың ауылындағы мектепке тапсырылды. 31 телеарнадан қоғамның, мемлекеттің, елдің дамуы мәселелері қазақ тілінде талқыланған «Темірқазық» авторлық бағдарламасының (2003-2004) жүргізушісі. Тоғызқұмалақ ұлттық ойынын әлемдік деңгейде кеңінен насихаттауға үлес қосуда. Тоғызқұмалақтан үш мәрте әлемдік чемпионат өткізілді.

Кітаптар авторы:

«Государственная служба в Республики Казахстан» (2000),

«Государственная служба. Международный опыт. Казахстанская модель» (2000),

«Вместе во имя настоящего и будущего Казахстана» (2003, авторлардың бірі),

«Ак жол, Казахстан!» (2003, авторлардың бірі),

«Темірқазық» (2004),

«Конституционная реформа: назревшая необходимость» (2005),

«Перемены без потрясений» (2005).

Әлеуметтік қорғау, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет, менеджмент, саяси және партиялық құрылыс мәселелері бойынша көптеген мақалалар авторы.

Отбасы: Көп балалы отбасында дүниеге келген, тоғыз баланың сегізіншісі. Анасы – Хадиша Байменова (1920-2000). Әкесі – Мұхамедия Байменов (1902 -1984) – діни білімі бар, шағатай, парсы, араб тілдерін меңгерген, 80-ші жылдары Жезқазғандағы алғашқы мешіттің негізін қалаушы әрі ұйымдастырушысы. Үйленген, қызы, екі ұлы бар.

Марапаттар: «Қазақстан республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі «Парасат» ордені (14 желтоқсан 2013)

Дереккөздер

<references/>