Әлемдік валюта жүйесі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Әлемдік валюта жүйесівалюталық қатынастарды ұйымдастырудың және реттеудің мемлекетаралық келісіммен баянды етілген нысаны.


Әлемдік валюта жүйесі атқарымының сипаты мен тұрақтылығы оның құрылымдық қағидатының дүниежүзілік шаруашылықтың құрылымына, күштердің орналасуына және жетекші елдердің мүдделеріне сәйкес келуі дәрежесіне байланысты. Осы шарттар өзгергенде Әлемдік валюта жүйесі дүркін - дүркін дағдарысқа ұшырап отырады. Әлемдік валюта жүйесі ғалами әлемдік шаруашылық мақсаттарды көздейді. Олар: халықаралық айналымды сенімді төлемдік және есептесу қаражатымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету; халықаралық валюталық қатынастардың біршама тұрақтылығын және валюталық тетіктің әлемдік шаруашылықтағы өзгерістерге және әлемдік орталықтар күштерінің ара салмағына икемділікпен бейімделу. Әлемдік валюта жүйесі ұлттық валюта жүйесімен тығыз байланысты. Әйтсе де ұлттық валюта жүйесінің Әлемдік валюта жүйесінен міндеттері, атқарым және реттеу қағидаты, жекелеген елдердің экономикасына және әлемдік шаруашылыққа ықпал етуі жағынан өзгешеленеді. Бұл байланыс пен айырмашылық олардың элементтерінде көрініс табады. Әлемдік валюта жүйесі алғаш рет 19 ғасырда өздігінен қалыптасып, 1867 жылы Париж конференциясында мемлекетаралық келісіммен заң жүзінде ресімделді. Онда алтын әлемдік ақшаның бірден бір нысаны деп танылды. Ұзаққа созылған валюталық аласапыраннан кейін 2 Әлемдік валюта жүйесі 1922 жылы Генуэ халықаралық экономика конференциясында үкіметаралық келісіммен ресімделді. 2 дүниежүзілік соғыстан кейін Бруттен Вуд келісімі негізінде 3 Әлемдік валюта жүйесі құрылды. Бұл келісім Бреттен Вудтта өткен валюталық қаржылық конференцияда (1944 жылы) қабылданды. Онда доллардың үстемдігіне негізделген долларлық стандарт бекітілді. Бреттен Вуд валюталық жүйесі әлемдік сауда мен өндірістің дамуына 25 жылдай септігін тигізді. Бұл жүйенің дағдарысы 1960 – 70 жылы басталды. Валюталық дағдарыстан шығу жолын ұзақ іздестіру нәтижесінде 1976 – 78 жылдары Ямайка валюталық жүйесі құрылды. 1999 жылы Еуропа экономикалық қоғамдастығына мүше елдер аймақтық Еуропа валюталық жүйесін құрды. Ол Әлемдік валюта жүйесі нің құрамдас бөлігі болып табылады. <ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, X том</ref>

Дереккөздер

<references/>