Әдепсіздерден «әдеп» үйрену

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

  О баста журналистік мамандықты таңдаған өзі. Енді міне аяғынан тозып сұқбат алу үшін бүгін де бір кісіге баруы керек. Атағы дардай бұл өнер адамын бірнеше рет хабарласып жатып әрең көндірген. Онсыз да танымалмын, атағым жер жарып тұр дей ме, жоқ көкірегіне нан пісіп дандайси бастағандыкі ме әйтеуір сұқбат алу үшін хабарласа қалса, уақыты жоқтығын айтып бастарын алып-қашатын осындай кісімсымақтарға іштей зығырданы қайнайды. 
  Бүгін өзінің аса көңіл күйі де жоқ. Кешегі үйдегі ұрыстан әлі де қабағы ашылар емес. Әйелі де кешегіден тарқай қоймаған ашуымен ертеңгі шайын зілдене отырып берді. Қайынатасының қалаға емделем деп келіп, үйде біраз жатып қалғанын жақтырмаған келіні не болса содан ұрыс шығарып жүр. Кеше кешкісін балабақшаға барып жүрген баласына қарадан қарап тиісіп, келіні демде шу көтерді. «Қаршадай баланың не жазығы бар?» деп немересін қорғаштамақ болып араға түскен атасына да ауыр-ауыр сөздер айтты. «Әрі-беріден кейін сақалыңызды сапситып неғып жатырсыз?! Ауырсаңыз, менің үйім емхана ма екен, ауруханаға барыңыз» деп салды. Бұл - келіннің үй менікі, балаңыз келіп қолыма кірген дегенді бетке басқаны ма, жоқ әлде енді жетпегені әкесін қоса қолыма кіргізіп алмағаным ба дегені ме, әйтеуір атасы келсе болды, бір қонғаннан-ақ келіннің арқа терісі құрысып, шеке-басы тырысып, алакөзденіп, мазасы қаша бастайтын әдеті. Емханада орын болмаған соң, қарт байғұс жалғыз ұлының үйін жағалай тұрмағанда, басқа қайда барсын. Әйтпесе, науқасынан онсыз да ас-суға тәбеті жоқ адам олардың қайбір ырысын кемітіп жатыр дейсің.  

- Әй, сен оңбассың, шалдың сақалын сыйласаң қайтеді, денсаулығы сәл жақсарса өзім-ақ ауылға апарып тастаймын, кешегіндей шайпау мінезіңді қой!- деген ертеңгі шай үстіндегі күйеуінің ызғарлы сөзіне де бетбақтырар емес. Демде түтігіп шыға келді. «Мен ешкімді шақыртып алғаным жоқ. Тегі қонақ күткен дегенді суқаным сүймейді. Өз әкем болса да бір күннен кейін шығарып салғанша асығам. Олардың онсыз да келмейтінін білесің. Маған келмегені жақсы. Әкеңе анық жаның ашыса, инесі мен дәрі-дәрмегін алып ауылға неге апарып тастамайсың, кемпірі бар ғой қарайтын». Күйеуін қоса өзі тапқандай долданып отырған бұл бетпақпен ұрысып береке таппайсың, «Дауылға жолыққанда да бір, долыға жолыққанда бір» деген рас. Бұл ұрысса бір адамды емес, бар адамды жеңеді, бір үй емес бір ауыл түгел торығады деп іштей күйінген күйеуі сағатына қарап, одан да әлгі жұмысымды бітіріп қайтайын деп үйден шығуға ыңғайланды. Келін болып түскелі бері әдеп-иба дегеннен жұрдай, шаш-тырнағын жасатумен алысып, телесериал көргеннен басқаны білмейтін осының несіне қызықтым екен деп кіжінген күйі киініп үйден шықты.

  Күн сәл бұлыңғырлау. Байқамаса көктемнің ызғары бойдан өтіп кетеді. Әнебір қыздардың жаз түскендей ашық-шашық киінгені несі екен, ей! Ышқырынан іш киімдері көрініп барады. Денесі жалаңаштанған сайын жан дүниесінің де соншалықты жалаңаш, жұтаң екендігін байқатып алатындықтарын өздері сезбейді-ау деймін. Ешкімнен қысылып-қымтырылу деген жоқ, әй, бірақ біздің мектептерде де қазір тәрбие төмендеп кетті ғой! 
  Аялдамаға жетті. Бір топ адам тұр. Сонадай жерде құшақтасып, бір-біріне өліп-өшкен бір жас жігіт пен қызды көрді. Санына жабыстырып қысқа шалбар киген, жалбыр шашты қыз аянбай боянып алыпты. Қолдарында бір-бір бөтелке сыра. Арасында шалқалап тұрып жұтып-жұтып қояды. Арттарынан бір топ адамның өздеріне көз салып тұрғанын елер емес. Махаббат деген осы деп ұғады-ау шамасы. 
 Автобусы келді. Ел жама-тармағай жүгіріп, түсетіндерге де жол берместен кимелеп кіріп барады. Мінерде сөмке-сөмке заттары бар бір әжейді сүйесе кірді. Ішке кіргенде қарт әже орын іздеп алақтап қалды. Ешкім әдейі-ақ көз қырын салар емес. Қалт-құлт етіп тұрып, бүгіліп заттарын ыңғайлап қоям деп жатып автобус бір ырғалғанда ұшып түсе жаздады. Әбүйір болғанда, бұл сүйеп үлгерді. Орын беретін ешкім жоқ па дегендей әжей маңайына бүгежектей қарағыштап, тағы да құлап кетпейін дегендей тұтқадан мықтап ұстауға әрекет жасап жатыр. Мына бір екі студент жастар құлақтарын тығындап алып музыка тыңдап отыр. Өйткені шыңғырған шетелдік рок музыка бұларға да естіліп тұр. Ара-арасында бастарын шайқап-шайқап, сандарын ұрып-ұрып қояды. Ал ана бір орындықта отырған екі оқушы бала бұлар кіргеннен-ақ сазарып, дереу терезеге үңіліп, қадалып қалған. Қастарына жақындағанда да қозғалмаған. Әлден уақытта біреуі «Мына кісіге орын береміз бе?» деп ымдап еді, екіншісі «Ұяла берсең, көп нәрседен құр қаласың. Неғыласың, көрмегенсіп отыра бер» деп сыбырлады. Әжейге басқа бір ересектеу кісі орын берді. 
  Кондуктор «Дереу жолақысын төлейміз!» деп құлақ түбінен қатты дауыстап қайта-қайта ескерткен соң, қолын қалтасына сұқты. Қайта майда ақшасы бар екен. Әйтпесе өткен жолы  майда ақшасы болмай, ірісін берген біреумен кондуктор қыз елдің көзінше салғыласып, қатты ұрсысып еді. «Майда жоқ деп ірі ақшаны әдейі беріп тұрсың. Төлемей кетуге жасаған қулығың ғой шамасы. Тоқта, мынаны түсіріп кетейік» деп айтпағанды айтқан. Ақыр аяғында бәрібір қоймай майдалап, әлгінің екі уысын майда тиындарға толтырған. Содан бері автобусқа отырарда қалтасындағы майда ақшасын бір түгендеп алуды өзіне әдетке айналдырды. Ол осыны ойлап тұрғанда, кенет қатты шайқатылған автобустың кесірінен қасындағы еңгезердей біреудің бұның аяғын басып кетпесі бар ма?! Еркек басымен құлағына сырға тағып алғаны тегі ерсі көрініп тұр. Аяғын қатты ауыртты. Тура жаны көзіне көрінді. Ұятты кісімен кездесуге барам деп үйден шығарда аяқкиімін майлап шыққаны бекерге кетті. Ал кешірім сұрар деп күткен әлгі кісі болса, оған көлікжүргізушісі кінәлі дегендей алдыңғы жаққа бажбиып бір қарады да, сағызын шайнап міз бақпай тұра берді. Не деген арсыздық! Жүргізуші де адамды көбірек толтыру үшін қайта-қайта автобусты шайқап, бірді-бірге соғылыстырып іштегі елдің ашу-ызасын тудырды. «Бұларға ақша тапса болды, адамды адам екен демейді», «Төбемізге шығарасың ба, қайтесің?», «Ақшаны ойлаған адамда ұят бола ма?» деген секілді елдің ашынған, ұрысқан дауыстары естіліп жатты. Бірақ оны елер кондуктор жоқ. «Ұнамаса, түсіп қалыңдар! Маған не қыл дейсіңдер? Қу ақша үшін жүрмегенде не үшін жүрміз?! Мен ұятты ойласам, бала-шағамды кім бағып береді? Ұяттың заманы өткен баяғыда». Тілінің ащысы-ай мынаның. «Ұяттың заманы өткен» деп қояды. Ұяттан айрылғандағы пұшпаққа жеткен түрі мынау ма сонда. Ұяттан айрылған адамның түрі де ұсқынсыз болып кете ме, қалай өзі?! Тағы да кейіді. Түсіп қалып кері қайтқысы келді. Бірақ бармасқа болмай тұр. Өйткені бүгін дереу барып, сұқбатын алып алмаса, бір-екі күнде бұл кісінің шетелге кетем дегені есінде. Оның үстіне журналдың айлық жоспарына сол кісімен сұқбаттың берілетіндігі енгізіліп қойған. Айтпақшы қазір бұл кісі қызметте көтеріліп, мәдениет жағын басқарып отырған жайы бар. Алдын ала әуелі шағын журналистік зерттеу жүргізіп, ол кісінің соңғы уақыттарда басқа газеттерге берген сұқбаттарын бір қарап шығып еді. Құдай салмасын, берген сұқбаттарында мін жоқ. Патриоттығын, өзінің әлі де ашылмаған қырлары көп екенін, халықты қалтқысыз құрметтейтіндігін жиі тілге тиек етіпті. 
  Қоятын сұрақтарын көкейіне түйіп, әне-міне дегенше әлгі кісінің қызмет орнына да келіп жетті. Хатшы қызға телефон шалдыртып, келіскен уақытта келіп, кіруді күтіп отырғанын білдіртті. Көп кідірместен ішке кірді. Көк түтіннің ортасында креслода шайқатылып отырған, галстук таққан бұжыр бет кісінің ымдауымен қарсы алдындағы үстелді жағалай қойылған орындықтардың біреуіне отырды. Қол созып амандасам ба деп еді, оған ыңғай бермеді. Өзі темекіні үсті-үстіне тұтатып әлек. Сонадай жердегі теледидардан көз алар емес. Мазасыз ба, қалай өзі? Көздері ісіңкі, аузынан да жағымсыз иіс шығатындай. Қайта-қайта басын ұстап, маңдайын уқалап қояды. Әуелгіде түтінге бұл да қақалып қала жаздады. Жыбырлап қоя берген тамағы бір-екі жөткірініп барып әрең ретке келді. Мынандай кабинетте тұншықпай қалай отыр деп ойлады. Қалам-қағаз, диктафонын шығарып дайындығын жасай бастады. Әңгімені бастасақ дегенді білдіріп қозғалақтап қойды. Анау болса енді ғана пультпен теледидардың даусын бәсеңдетіп, назарын бері аударды. Сөйтті де жақтырмаған қалып танытып «Осы сендер-ақ адамның қыр соңынан қалмай қоясыңдар. Бүгін біраз басым да ауырып тұр еді. Осы мен жайлы шыққан мақалалар көп қой, солардың бас-аяғын құрастырып, бір мақала жасай салсаң қайтеді?» деп сұқбат беруге аса құлқы жоғын аңғартты. Дегенмен жаңа қызметіне қатысы бар екі-үш сұраққа жауап беруге келісті. Бірақ ол қойған сұрақтардан ауытқып, өзінің ел үшін атқарған ұшан-теңіз еңбектерін санамалап, өзін жер-көкке сыйғызбай мақтаумен болды. Айтқандарын тыңдап отырса, ол болмаса өнер саласы әлдеқашан қожырап, дамымай қалғандай екен. Сөз арасында қызды-қыздымен «Кімнен сұрасаң да осы менің мендігімнен, күн-түн демей жұмыс істегендігімнен өнер саласының белгілі бір деңгейге көтерілгенін естисің. Енді мәдениет саласын дамытуға аянбай күш салып жатқан жайым бар» деді. «Бұйырса, осы жолғы шетелдегі демалысымды жақсы өткізіп келсем, тың күшпен кірісем бе деп отырмын» дегенді де қосып қойды. Сөз ауаны мәдениет тақырыбына ауысқанда, журналистік әуестікпен оқыстан бір сұрақ қоюды жөн көрді. «Сіз адамның жеке бас мәдениеті дегенді қалай түсінесіз?». Темекінің тұқылын күл салғышқа қадап, мыжғылап отырып: «Жеке бас мәдениет дейсің ба?- деді көзін сығырайтып. Өңі бұрыннан сұп-сұр ма еді, жоқ қазір осылай көрініп кетті ме ол жағын айыра алмады. Дегенмен бұл сұрақты ұнатқан секілді, жауап бермек болып ойланып отыр. -Ол енді былай.. мәселен, ресми кездесулерге кешікпей бару, ол жерде өзіңді маңғаз ұстай білу. Шақырған кештерден қалмау... Жарасымды әрі сапамен киіну... Керекті адамыңмен тіл табыса білу... Сыйлы кісілермен ресторанға тамақтануға барғанда, қасықты қай қолға ұстап, шанышқыны қалай қолдану керек екенін білуің». Бұл осы тақырыпқа кеңірек тоқталса деп ойлап еді. Өкінішке орай ол осыдан аса алмады. Шыр ете түскен қалта телефонымен тағы да сөйлесіп кетті. Әлден уақытта хатшы қызға звондап «Кофе әкелші?» деді. Сірә, журналисті сыйламақ болған шығар деп ойлады. Күн де салқындау екен, жақсы болар еді. Негізі бұл да бір мәдениеттілік қой, өркениетті елдерден үйренгені шығар деп қойды іштей. Алайда кофе әкелінгенде, жіпсіген маңдайын сүрткен ол қайта-қайта ұрттап, өзі ғана ішіп отырды. Біраз әңгімелескеннен кейін кофесі таусылып қалғанын байқап, тағы да алдыртты. Тағы да өзі ішіп тауысты. Алдымда қонақ отыр-ау деп, я болмаса журналистке де бір кофе алдырту оның есіне кіріп-шықпады. Мәдениет жағын басқарып отырған, өзін аса мәдениеттімін деп санаған адамның мына қылығы неткен таяздық еді?  Бұдан жеке бас мәдениет туралы сұрап, оңған жауап күтіп отырған мен де ақымақпын деп ойлады. Алған сұқбатының да бас-аяғы болмай берекесі кетті. Бойын реніш биледі. Дереу кеткісі келіп жинала бастады. Бастық оның неге аяқасты кетпек болғанына көңіл аудармастан, «жақсы, рұқсат» дегендей ым қақты да терезеге қарап телефонмен сөйлескен күйі қала берді. 
  Көшеге шықты. «Уф» деді. Әлгі жерден тезірек кеткені дұрыс болды. Әйтпесе тым тынысы тарылып кетті. Таза ауа жұтты. Ойға беріліп келеді. Бүгінгі азаннан бері надандық исі мүңкіген бірнеше қылыққа куә болғанына қатты қынжылды. Апыр-ай, әдеп қайда кеткен? Ұят қайда? Кісілік қайда?! 
  Жұмысқа көше бойымен жүріп баруды қалады. Жолай есіне биыл танысының үйіне ауызашарға барғандағы әңгімелер түсті. Иә, сол жолы танысы біраз қонақтардың басын қосыпты. Келген қонақтар өте сыпайы әрі мәдениетті екен. Араларынан біреуі руханияттан, діннен хабары мол, парасатты жан болып шықты. Көпшілік көбіне соның сөзіне құлақ салып отырды. Оның тағылымды әңгімелерін естіген сайын жан дүниесі нұрланып, бұл да тағы ести түссем деп құмартқан. Сонда ол жігіт көркем мінез, ұят, әдеп туралы көп айтып еді. Бір данышпаннан «Осынша әдептілікті қайдан үйрендіңіз?» деп сұрағанда, «Әдепсіздерден» деп таңғалдырыпты. «Өйткені әдепсіздердің әрбір жағымсыз қылығынан бір сабақ ұғуға болады» деп жауап берсе керек. Басқаның қателігінен сабақ алуды қандай әдемі ұқтырған! 
  Тағы бір әңгімесінде Жәләладдин Руми атты әулиенің мына сөзін келтіріп еді. Жүрек ақылдан «Иман деген не?» деп сұрағанда, ол «Әдептілік» деп сыбырлапты. Әдепсіз жан өзіне ғана кесірін тигізбей, әдепсіздігімен жүрген жерін түгел ластайды екен.  
  Сол жолы әлгі жігіт құлақ құрышын қандырып, біраз жайттардан хабардар етті. Аят-хадистерді талдады. Айтқандары сол күйі есінде. Даусы да тым әуезді екен. 

«Аллаһ Тағала әдепті құлдарын жақсы көреді. Ұятты құлдарын сүйеді. «Әр діннің бір мінезі болады, исламның мінезі - ұяттылықта» деген Мұхаммед пайғамбарымыздың әдептілігінде мін болмаған. Ол өте көркем мінезді жан болған. «Мені Жаратушы ием өзі тәрбиеледі. Ең тамаша тәрбиемен» дейтін. Ар-ұяттылықтың үлгі-өнегесін паш етті. Бөгде әйелдің жүзіне тіктеп қарамайтын. Ешкімге қатты сөз айтпайтын. Сахабалардың айтуынша, ол әлі ұзатыла қоймаған жас қыздан бетер ұятты еді. Серіктерін де әдептілікке тәрбиелеп, «Ұят – иманнан келеді», «Ұят тек абыройға бөлейді», «Үлкендеріне құрмет, кішілеріне ізет көрсетпеген - бізден емес», «Ата-анасын сыйлап, жүзіне мейірлене қараған кісіге, Аллаһ Тағала да мейіріммен қарайды» деп отыратын».

 ...Сыйласаңдар кәріңді, жарылқармын бәріңді... 

Көнекөздердің тәрбиесі деп бұл да соның айтқаны.

  ...Сахабалардан хазіреті Османның да өте бір әдепті әрі ұятты кісі болғандығына тоқталған. Тіпті Яссауи мен Ғұмар Қараштың өлеңдері деп тебірене отырып бір-бір шумақ өлең оқығаны есінде қалыпты.  

«Үлкен-кіші адамдардан әдеп кетті, Қыз-келіншек, нәзік жаннан ұят кетті. «Ұят барда - иман бар» деп Расул айтты, Арсыз қауым бүлдіріп кетті, достар!» ...«Жігіттер, жаның жаста әдеп үйрен, Қаш жырақ, әдебі жоқ істен жирен. Сүйкімді әдеп тұтпай бола алмассың, Әдепсіз, жоқ мінезі Тәңірі сүйген!».

 Шынында да, әдепсіз адамда Тәңірі сүйетін қандай жақсы қылық болсын?!    

Ғұламалардан Абдуллаһ ибн Мүбарак деген кісі айтқан екен деп мына бір мағыналы сөзді де қосқаны бар: «Біз көп білімдіден гөрі, аз да болса, әдептіге зәруміз!». Рас-ау, аз да болса әдептіге, тәрбиелі кісілерге зәруміз. Әдеп..тәрбие..

  Ол ойға беріліп келе жатып, бір мезет күннің салқындай түскенін сезді. Денесі тоңазығандай. Кішкене бой жылытқысы келіп қиылыстағы кафелердің біріне бас сұқты. «Қош келдіңіз!» деп күлімдей қарсы алып, жылы шырай білдіре ішке бастаған даяшы қыздың ибасын көргенде, іштей сүйсініп қалды. Атын, затын сұрағысы келіп кетті, бірақ «Қой, әдептен озбайын» деп өзін тез тежеді. Орындыққа жайғасқанда, қасына ізетпен жақындаған даяшы қызға «Кофе әкеліңізші?» деді жай ғана.  

Құдайберді Бағашар, дінтанушы

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}