Ұшық

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Ұшық, герпес — адам терісі мен шырышты қабықшаларына тұтасқан көпіршіктердің шығуынан болатын вирусты ауру. Инфекция көзі — ауырған немесе вирус таратушы адам. Ұшық көп жағдайда жылдың салқын мезгілдерінде, организмнің ауруға қарсыласу қабілеті нашарлап, гиповитаминоз дамығанда; әртүрлі жұқпалы аурулармен (тұмау, пневмония, безгек) ауырғанда, кейде жаздың ыстық мезгілінде күн көзіне көп қыздырынғанда шығады. Ұшықтың 2 түрі ажыратылады.

  • Жай ұшық, оның бірнеше түрі бар: тері ұшығы, ауыз қуысы ұшығы, жыныс ұшығы, көз ұшығы, т.б. Аурудың бұл түрі нәрестеге алғашқы күндері-ақ жұғады, бірақ сәбидің анасынан алған иммунитетінің нәтижесінде бір жасқа дейін ауру белгісі білінбейді. Баланың бұл қорғаныш қасиеті бір жастан кейін әлсірейді де, өзіне қолайлы жағдай туса болды, вирус күшейіп, ауру туғызады. Организмге түскен жай ұшықтың вирусы адамның денесінде өмір бойы сақталады. Аурудың белгісі: ұсақ, тұтасқан, түссіз көпіршіктер. Ұшық негізінен ерінге, мұрын ұшына, ауыз қуысының шырышты қабығына (қараңыз Стоматит<ref>Стоматология терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. – Алматы, Қазақстан, 1991. ISBN 5-615-00789-3</ref>), көзге (қараңыз Коньюнктивит), жыныс органдарына шығады. Көпіршіктер пайда болған жер аздап қышиды немесе теріні күйдіргендей болады, кейде адам тоңады, әлсіздік байқалады, асқазан-ішек жолдарының қызметі бұзылады (әсіресе балаларда). Өте сирек жағдайда сәбилердің ішкі органдарының, жүйке жүйесінің қызметі бұзылады. Бұл кезде балалардың дене қызуы көтеріліп, жалпы әлсіздік пайда болады.
  • Белдеме ұшығы (кейде мұны белдеме теміреткісі деп атайды), ол жел шешек вирусының жұғуынан шығады. Ұшықтың бұл түрімен тек үлкен адамдар ғана ауырады. Дерттің қоздырғышы тек адам терісін ғана емес, жүйкені де зақымдайды, сондай-ақ бұл кезде бас ауырады. Вирус түскен жерге жақын жатқан лимфа түйіндері ісінеді, науқастың қызуы көтеріліп, адам әлсізденеді. 6 — 8 күннен кейін көпіршіктер кеуіп, қабыршақтана бастайды. 2 — 5 аптадан кейін ауру толықтай жазылып кетеді. Емі: ұшықтың жеңіл түрінде жасыл бриллиант ерітіндісін пайдалану керек; организмнің көп жері зақымданған жағдайда 6 мл адам иммунноглобулинін егеді; ал ұшық асқынып, іріңдесе, антибиотиктер қолдану қажет. Ұшықтан алдын ала сақтану үшін дене тазалығын сақтап, организмді шынықтыру керек.

<ref>"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том</ref>

Дереккөздер

<references/>Үлгі:Medsci-stub