Үйектегіш микроскоп

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үйектегіш микроскопминералдар мен тау жыныстарын зерттеуге арналған оптикалық құрал. Үйектегіш микроскопты алғаш ағылшын ғалымы Р.Сорби жасаған (1858). Биологиялық микроскоптан айырмашылығы оның құрылысында мөлдір Исландия шпатынан жасалған екі призма (николь) бар. Оның біреуі микроскоп үстелшесінің астында орналасқан үйектегіш, ол жарықты бір жазықтықта үйектейді. Үйектелген жарық тастілімге түскенде, құрылыс ерекшелігіне қарай тербеліс бағытын өзгертпейді немесе тербелістері бір-біріне перпендикуляр және жылдамдықтары әр түрлі екі сәулеге бөлінеді. Бұл сәулелер объективтің үстіндегі екінші призмаға (талдағыш) келгенде бір жазықта тербеліп, бір-біріне әсер етіп, қосарланып сыну шамасына сәйкес интерференциялық түс береді. Үйектегіш микроскопты пайдаланып, тау жыныстарының минералдық құрамын, мөлшері мен өлшемін, пішіні мен бір-бірімен қарым-қатынасын, өзгерістерін, құрылымын, қалыптасуын, т.б. анықтауға болады. Минералдарды шоқталған жарық көмегімен үйектегіш микроскопта зерттеу үшін үйектегіштің үстіне Лазо линзасы, ал оптикалық қасиеттерін кеңістікте зерттеу үшін Федоров үстелшесі орнатылады.

Сілтемелер

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}