Құсты баптап, қайыруға қажетті құрал-жабдықтар

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сүзу жіп

Қашып кетпес үшін құстың қанат, құйрығына байланатын, қабаттап ширатылған жібек мата жіп. Жіпті инеге сабақтап, бүркіттің шеткі ұзын шалғылығына, құйрығының қауырсындарының ортасын ала өткізіп қояды. Аңға ұшырарда сүзу жіппен ұзын шалғыларының төрт-бес талын, немесе құйрығын тұтастай буып, байлап үшырады. Кейде оң қанат құйрығын байлап тастайды. Осылайша құйрығы "байланған" құс ұшқанда қанат құйрығын еркін жаза ал майтындықтан ұзақ, шырқау биікке жете алмайды, тар аяда қалып, көкке самғай да, алыстап ұша да алмайды. Сүзуді асау құс етене жақын бауыр басып, жуасып үйренгенше ғана қолданады. Ал жатбауыр бүркітті аңға ұшырғанда қашып кетпес үшін құйрығын «сүзіп» қояды.

Ырғақ

Түзден ұсталған асау құсты, икемге келтіруге арналған әткеншек тәрізді орнықсыз, ұдайы «ырғақтап» қозғалып тұратын, құс жуасытатын құрал. Оның екі тұрі бар: қарапайымы - арасы үш-төрт құлаштай, биіктігі кісі бойындай екі қадаға керіліп байланған арқан, екіншісі - бүркіт шеңгелі толарлықтай,ұзындығы бір құлаш келген жұмыртаяқшаның екі басына жіп байлап аспақтатқан, алтыбақан тәрізді қимылдап тұратындай етіп керген әткеншек. Томаға кигізіп, ырғаққа отырғызған асау құсты ұдайы тербеп қозғап отырса, оңды-солды бұлтылдап ойнақшыған кезде құламас үшін құс қарманып әрекеттеніп әбігерге түседі, ақыры қалжырап болдырады. Сол кезде жуасып, құсбегінің ырқына көне бастайды. Ондайда кешкісін тамақтанып кезде саптаяқты көрсе дегбірсізденіп, бас салатындай халге жетеді.

Шырға

Құсты қолға, аңға түсуге баулығанда міндет атқаратын аңның жасанды бейнесі. Шырға сөзі айла, шырғалау, айласын асырып алдау деген мағына береді. Оның тулып, кеп, шырға, далбай деген бір-біріне ұқсас тұрлері бар. құстың қанаты, түлкі құйрығы, қоян терісі сияқты кептірген заттарды көрсетіп сүйретіп, тәжірибесіз жас балапанға алдыратын тұрі далбай аталады. Ал құс пен түлкі, қоян тәрізді аңның терілерін бітеу сойып, ішіне шөп, сабан тыққан тұрін кеп дейді. Ал кең таралған тұрі - ішіне жұмсақ жүн, шөп кептеп, бас бейнесіне түлкінің, қасқырдың, қарсақтың біреуінің құлағын салып, түлкінің құйрығын тағып көзге түлкіге ұқсатып жасағаны - шырға. Шырғаның тұмсығынан бұлдірге шығарып, оған жіңішке шыжым бау тағып, атпен немесе жаяулап та іркіп тартып сүйретеді, яғни "шырға тартады". Оны көріп қызыққан құс келіп түскенде құстың аяғына түсірмей жіпті оңды-солды тартып, бұлталақтатып, іркіп тартып әрекет етеді. Оны ұстауға әдіс іздеген балапан құс аң аулауға машықтанады. ұстап бас салған кезде құсқа иесі аздап жасырын жем алып, сол шырғаның еті тәрізді етіп, үстінен жұлғызып жегізеді. Осы әдіспен дәндеп дағдыланған бүркіт аң алып жедім деп сезініп, аң аулауға бейімделеді. Уақыт өте келе тірі құсқа, қоянға, аузы байланған, аяғы шідерленген жыртқышқа түсіріп баулиды. Шырғаның бұл тұрі «тірі (шырға)» аталады. құсты шырғалап қолға түсіру үшін де тірі пайдаланады. Оған кез келген құс, тазқара, тоғысай жеке байланады немесе қоян мен сауысқан жақын бір жерге байланады. Айналасына құрылған торға жоғарыдан шүйліккен құс келіп қолға түседі. Шырғаны шыжым бауға орап ердің қанжығасына байлап алыпжүреді. Сондай-ақ адасып, айырылып қалған құсты қайтару үшін де шырға сүйретіп іздейді.

Түтік

Бүркітті қайтарып баптаған кезде құстың көмейіне жүгіртіп қолданатын, тырна, қарақұс немесе малдың жіліншік сүйегінен немесе өзекті ағаштан дайындалған аспап. ұзындығы шамамен 30 см, жуандығы саусақтай болады. Жіліншік сүйек түтіктің екі басын тұжырып, сыртын егеп, доғалдап, ысып майдалап, екі ұшын жұп-жұмыр етіп өңдейді. Өзекті жұмсақ ағашты жарып, өзегін ойып, қайта жапсырып, сыбызғы тәрізді етіп те жасайды. Түтікпен семіз тоқ құстардың ішін шаю, салқындату, арытуға және ішін тазалауға, саңғытуға қолданады. Ол үшін түтіктің жіңішке басын бүркіттің өңешіне, әріге жемсауына қарай жүгіртіп, сыртқа шығып тұрған екінші ұшынан салқын су, қара шай құяды.<ref>Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы. - Алматы: "Алматыкітап", 2007. - 208 бет, суретті. Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. ISBN 9965-24-813-3</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}