Қоректік заттардың катаболизмі
Жалпылама ұғым
Адамның қалыпты тіршілік əрекеті үшін энергия, ауыстырылмайтын амин қышқылдары, эссенциалды май қышқылдары, витаминдер, минералды заттар жəне су керек. Энергияны көмірсулар, майлар жəне аздап ақуыздар береді. Олар өте күрделі молекулалы қосылыстар, ферменттер əсерінен гидролизденіп, соңғы өнімдерге дейін ыдырайды жəне бос энергия бөлініп шығады.
Ыдырауы
Жалпы қоректік заттар үш кезеңде ыдырайды
Бірінші кезең
Бірінші кезеңде ірі молекулалар айырылып, ұсақ молекулаларға бөлінеді. Мысалы, полисахаридтер - гексозаға, пентозаға; майлар - май қышқылына, глицеролға; ақуыздар - амин қышқылдарына ажырайды. Ыдырауыдың мұндай процесі ас қорыту жолында іске асады.
Екінші кезең
Екінші кезеңде бұрын түзілген ұсақ молекулалар жасушаға енеді де, цитоплазмада əрі қарай ыдырайды. Қанттар жəне амин қышқылдарының бір бөлігі пируватқа айналады, ол митохондрияға енеді де, тотығып ацетил-А-коферментіне айналады. Май қышқылдары мен глицерол пируватқа айналмайды, олар ß-тотығу процесі арқылы ацетил-А-коферментін береді.
Үшінші кезең
Үшінші, қорытынды кезең митохондрияда өтеді. Бұл кезде қоректік заттардың энергиясы босап шығады. Мұнда ацетил-А-коферменті түгелдей тотығып, СО2 мен Н2О айналады. Босап шыққан энергияның бір бөлігі АТФ молекуласында жиналады да, екінші бөлігі жылу түрінде бөлініп шығады. АТФ бос энергиясы гидролизден кейін пайдалы жұмыс атқаруға қолданады. Кəдімгі жасушаның ішінде 1 млрд шамасындай АТФ молекуласы болады.
Дереккөз
<ref>Биохимия. Медицина университеті баспасы. Алматы</ref>