Қидан мемлекетінің тарихы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

"Қидан мемлекетінің тарихы" (қытайша - Ци-дань Го Чжи, "齊 - 進貢過之" ) - 1180 жылы жазылған тарихи шығарма. Авторы Е Лун - Ли (Юйлинь) - Сун патшалығының лауазымды қызметін атқарған адам. Ол оңтүстік Сун императоры Сяо - Цзунның (1163 - 1189) бұйыруымен Ляо мемлекетінің тарихын баяндап, осы кітапты жазды. Бұл өзге мемлекеттің тарихына арналған қытайлық бірінші шығарма болатын.

Шығарма 27 тараудан және қосымша 5 толықтырулардан тұрады. Онда қидандардың тарихта таныла бастауы; хронологиялық реттілікпен берілген танымал тоғыз билеушінің өміріндегі маңызды оқиғалар; қидан императорларының шығу тегі шежіресі; Ляо империясының географиялық картасы және Сун императорына арнап құрастырылған мәліметтер келтірілген.

Алғашқы он екі тарауында қидан императорларының мемлекеттік іс-шаралары, Абаоцзи көсемнің қидан мемлекетін 907 жылы құруы мен оның 1125 жылдан кейін құлдырауы баяндалады. Одан кейінгі жеті тарауда (13 - 19) қидан билеушілерінің отбасы жөнінде, қызметкерлері жайында (қидандарға қызмет еткен қытайлықтар жайлы) айтылады. 20-тарауда Цзинь және Сун әулеттері арасындағы мемлекетаралық құжаттар, 21-тарауда қидан және Сун әулетінің арасындағы сый - сыяпат, тарту-таралғылар алмасу және қидандарға тәуелді иеліктерден әкелінген дүниелер жайлы мәліметтер, 22 және 23-тарауларда қидандардың географиялық орналасуы, 24 және 25 тарауларда қидан жеріне барған қытай саяхатшыларының қолжазбалары берілген. 26-тарауда қидандармен көршілес иеліктер жайында айтылса, 27-тарауда қидандардың салт-дәстүрі туралы сөз болады. <ref>Алтын Орда: Қазақ хандығы (I бөлім). Қазақстан балалар энциклопедиясы / Т. Жұмаханов, Б. Жұматаев, Т. Шаңбай. - Алматы: "Аруна" баспасы, 2007. - 224 бет, илл. ISBN 9965-26-042-7 </ref>

Дереккөздер

Үлгі:References