Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Kassym-Jomart Tokayev.jpg
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев (2012)

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев (17.06.1953 Алматы) - мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.

Өмірбаяны

Әкесі Кемел Тоқаев (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қазақ жазушысы болған. Анасы Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдер педагогикалық институтында жұмыс істеген.

1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірісімен КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарып, Сингапур Республикасындағы кеңестік елшілікке жолданды. 1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына қайта оралды. 1983 жылы Пекин лингвистикалық институтындағы тіл курстарына қатысу үшін Қытай Халықтық Республикасына аттанды. 1984-1985 жылдары Сыртқы істер министрлігінде қызметте болды. Одан кейін Пекиндегі кеңестік елшілікке жолданып, онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарын атқарды. 1991 жылы Мәскеудегі КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының дипломатиялық басшы кадрлар біліктілігін арттыру курстарына түсті.

1992 жылы Қ-Ж.Тоқаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ол 1993 жылы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары және 1994 жылы Сыртқы істер министрі болды. 1999 жылдың наурыз айында Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. 1999 жылдың қазан айында, Парламенттің келісімімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Премьер-министр лауазымына тағайындалды. 2002 жылдың қаңтарында отставкаға кетіп, кейіннен Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Сыртқы істер министрі ретінде 2007 жылдың қаңтарына дейін қызмет атқарып, кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.

Сыртқы істер министрі ретінде Тоқаев ядролық қаруды таратпау ісіне белсене атсалысты. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың 1995 және 2005 жылдардағы шолу конференцияларына қатысқан. 1996 жылы ол Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ), ал 2005 жылы Семейде – Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа (ОАЯҚААШ) қол қойды. Қ-Ж.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының он сессиясының жұмысына атсалысты. Қ-Ж.Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері Кеңесінің Төрағасы болып сайланған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық рангі берілген.

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы ретінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-Президенті болып сайланған.

2011 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Тоқаевты Бас хатшының орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Қарусыздандыру жөніндегі конференциядағы жеке өкілі рангінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы Бөлімшесінің Бас Директоры етіп тағайындау туралы шешімін жария етті. Сонымен қатар, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын иеленеді. Ол БҰҰ-ның Швейцариядағы қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты аға лауазымды тұлға болып табылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси ғылымдар докторы. Халықаралық қатынастар сұрақтары бойынша тоғыз кітап пен бірқатар мақалалардың авторы. Ол Бүкіәлемдік гуманитарлық және жаратылыс ғылымдары академиясының мүшесі, Мюнхен қауіпсіздік конференциясының «Даналар» кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ, Шэньчжэнь университетінің құрметті профессоры (ҚХР), Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры және докторы, әрі оның Қамқорлық кеңесінің мүшесі. Женева дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің Құрметті деканы. Ол ҚР СІМ Нәзір Төреқұлов және РФ СІМ А.Горчаков атындағы естелік медальдарымен, Женева Университетінің «Академикус» грамотасымен, сондай-ақ, С.Н.Рерих атындағы естелік медалімен марапатталған.

Қазақстанның саяси құрылымына қатысты көзқарасы: «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беруші Үкімет» (2014 жылғы 24 қарашада Астанада өткен парламенттік конференцияда мәлімденген).

2016 жылғы 29 сәуірде Сенатта өткен тыңдауларда Қазақстандағы жерді жалға беру мен сату жөнінде Жер кодексіне енгізілген жанжалды түзетулерге қатысты мәлімдемесінен: «Ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайтынын түсіндіріп қою жеткіліксіз. Біз әртүрлі айла-тәсілдер схемасын қолдана отырып, заңның осы талабын айналып өтуді болдырмайтын құқықтық және басқа да құралдар арқылы осынау маңызды ережені жүзеге асыруға тиіспіз. Ең бастысы Елбасының жерге қатысты, ұлттық юрисдикциясына қатысты және жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру туралы тапсырған міндетін жүзеге асыруға тиіспіз».

Қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін біледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев 13 жыл бойы Қазақстанның Үстел теннисі федерациясының Президенті болды. 2016 жылғы 26 желтоқсанда Үстел теннисі федерациясының Президенті болып қайта сайланды.

Жеке өмірі

Тоқаев үйленген, баласы Тимур Тоқаев 1984 жылы Мәскеуде дүниеге келіп, Швейцариядағы «Коллеж дю Леман» және Вебстер университетінде білім алған. Саяси ғылымдар кандидаты. Жары, Надежда Тоқаева 1957 жылы туған, Мәскеу тарих-мұрағат институтының түлегі.

Дереккөздер

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

Үлгі:Commonscat Үлгі:Navbox