Қазіргі Қазақстандағы Ислам дінінің жағдайы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Біздің қазақ халқымұсылман, діні – ислам екендігі үнемі Елбасшымыз Н.Ә.Назарбаев биік мінбелерден тектен текке айтып жүргені жоқ. Сан ғасырлар бойы исламдық жолды ұстанған ата-бабаларымыз осы дінге лайықтап өз әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, наным-сенімін қалыптастырған, әрі оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отырған. Өкінішке орай, кешегі «қызыл империя» ата-бабаларымыз қасиеттеген, түпкі табиғи болмысына айналдырған ислам дінін мансұқтап, ұрпақтарына құбыжық еткен атеистік тәрбие сәл болмағанда алтын діңгегінен ажыратып, мәңгүрт ете жаздады. Құдайға шүкір, қазір тәуелсіздігіміз өз қолымызда, егеменді елміз. Халқымыз ислам дінімен қайта қауышып, көпшілік имандылыққа бой ұруда.

Қазіргі жаһандану дәуірінде «бәле қайда? Бассаң аяқ астында» дегендей, бізді сақтануға шақыратын мәселелер жетерлік. Еліміздіегі экономикалық қиындық көптеген келеңсіз жайттердің бой көтеруіне жол ашып берді. Бір формациядан екінші формацияға өту, әрине, көптеген қиындықтарды қоса әкеледі. Бұл қиындықтардан рухани біртұтастық қиналдырмай алып шығаруы хақ. Ал, рухани күйзеліске ұшырау, әртүрлі жіктерге бөлініп, дағдарысқа ұшыратады. Қазіргі Қазақстан халқы рухани дағдарыстарды басынан кешіруде. Алпауыт империялар ең алдымен жаһандану дәуірінде кез келген елдің рухани бірлігіне нұқсан келтіруді тектен текке көздемейді. Рухани тұтастығынан айырылған елді өнбіс етіп алу ежелден келе жатқан дәстүр. Әсіресе, ұйқыдан енді оянған нәрестедей қазақ халқын азғыру, соңына ерту оңайдың оңайы. Тәуелсіздігімізден бергі он жыл ішінде жарты миллиондай қара көздеріміз басқа діннің шылауында кетуі осыны айғақтайды. Дәл осылайша үнсіз кете беретін болсақ, алдағы 15-20 жыл ішінде қазақтың тең жартысы өзге діндерге өтуі ғажап емес.

Сондықтан да, әлі де кеш емес, мемлекеттік тұрғыдан маңыз беріп, дін саясатына ерекше көңіл бөлу, мемлекеттің басым көпшілігі мұсылмандардың (Қазақстан Республикасында қазір мұсылмандар ресми дерек бойынша 70%) мүддесін, ауыз бірлігін сақтайтын заңдар қабылдау, исламдық этикалы мектептер мен жоғарғы оқу орындарында оқыту, миссионерлік іс-әрекеттерге тыйым салу қажет. «Иегово куәлері» үстіміздегі жылы Украинада конференция өткізіп, оған Қазақстаннан барған 500 делегаттың 350-і өзіміздің қара көздер екені көп нәрсені білдірсе керек. Қаншама қара көздеріміз «кришна» дініне еніп, мінез-құлықтары адамдық сипаттан алшақтап кеткенін де жақсы білеміз. Ислам дінін үгіт-насихат етушілерден гөрі өзге, дінімізге жат діндерді насихаттаушылар көп. Олар қалалардағы көше-көшелерді, тіпті ауыл-ауылдарды аралап, тегін діни кітаптарын таратып, жұртты азғыртып жүр. Қайта, міне осы миссионерлердің өздері адам құқығын бұзып, отбастарымызға ылаң салуда. Қазір Республикамызда үш жүз елуден астам діни секталар мен ағымдар білгенін істепм жатыр. Олардың қатарында исламдық ағымдар мен «Ахмади» секілді теріс жолдағы ағымдар да бар.

Біздің қазақ сан ғасырлар бойы ислам дінінің «Имам Ағзам» деп аталатын Ханифилік жолды ғана ұстанып келген. Бұл жол нағыз демократиялық, суниттік жол. Ханифилер өзінің көнімпаздығымен, ізгілікті сипаттарымен ерекшеленеді. Мұны жақсы біле білген ата-бабаларымыз осы ағымды ҮІІІ ғасырдан бері нық ұстап, арасына жік түсірмей келген еді. Ислам дінінің берік орныға қоймау себебін біз республикамыздағы жалпақшешейлік діни саясаттан көреміз. Көпұлтты Ресейде зайырлы мемлекет бола тұра, заңдарында ежелден келе жатқан христиан дінін құрметтеп, оған басымдылық беретінін айдан анық жазып көрсетеді. Ал, біздерде әлемдегі барша дін, ағым, секталарға есік ашық. Ағамыз қазақ «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен имандылықты бойына сіңіру, мектепте де жоғарғы оқу орындарында да мұны талассыз жүргізіп отыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Бұл көкейкесті мәселелерді шешуге мемлекетіміз де, діни басқармамыз да, бүкіл мұсылмандар да атсалысып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керек. Қазақстанды мекендейтін мұсылмандар 70% астам. Әрине, бұл үлкен күш. Бәріміз осы күшті бірітірсек, адамгершілік, әділеттілік, имандық жолын тез қалпына келтірер едік. Мемлекетімізде халықтар татулығы нығайып, нағыз азаматтық қоғам құру жеңілдер еді. Өйткені, құқықтық-демократиялық мемлекеттің қайнар көзі де осы исламда, ата-баба қағида-ережелерінде жатыр. Парламентіміз заңдарды құрастырып, бекітіп, қабылдап отырғанда бұларды көзінен таса қалдырмаулары тиіс. Барша өркениетті елдер өздерінің түп-тамырларына, өткеніне сүйенеді. Жапония да, АҚШ та, Қытай да, Ағылшындар да, Немістер де, Үнділер де дәл солай, қазіргі заңдары өткенінен нәр алған. Ал, біздердің заңымыз сырттан әкелінгендіктен, қаншама сұлу, әдемі көрінгенімен дінімізге, руханиятымызға сіңбейді. Сол үшін де заңдарымыз көпшілік көңілінен шықпай жүр. Оған бірер мысалдар келтіре кетейін:

біріншіден, ата-бабаларымыз кез келген іс-әрекет, ой-ниетті адал-арамға, жақсы-жаманға, обал-сауапқа, дұрыс-бұрысқа бөлген. Бірін—жақсы, екіншісін—күнә дейді. Күнә нәрселер адам баласына зиян келтіреді. Сондықтан да ондай іс-әрекеттер қылмыс, жөнсіз жасалып, кез келген қоғам мүшесі ондай әрекеттерден аулақ жүрген;

екіншіден, күнә жасаушылар болмауын қоғамның өзі қадағалап, бола қалған жағдайда оның шығу себебін анықтап, оның жайылып кетпеу жағы қарастырылады;

үшіншіден, күнә жасаушы міндетті түрде жазасын тартуы, жасаған күнәсіна өкініш білдіруі, екінші рет істемеуге шешім қабылдауы және қылмыс пен күнәнің кешірілуі көзде тұтылады;

төртіншіден, мұны жүзеге асырушы билер, ақсақалдар және билік басындағылар жақсы біліп қана қоймай, оларды жаман жолдан қайтарып, имандылыққа жетелеген;

бесіншіден, кез келген қылмысты іс, дау-дамай жариялы түрде, халық алдында өткен. Сөйтіп, жазаның әділдігі өзгелер алдында анықталып, оның үстіне өзгелерге сабақ, үлгі (сот шешімдері) болған./15/ Өкінішке орай, осындайнағыз демократиялық принциптер құқық қорғау органдары қызметкерлерінде жеткіліксіз. Ал осы принциптерді мықты ұстанған мұсылман елдерінде түрмелер бос, қаңырап тұр. Айтылған кінараттар нәтижесінде республикамызда түрмелердің толы болуы, біздерде салауаттық пен имандылықтың жоқтығын көрсетеді. Елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар нәтижелі болуы—имандылық пен әділеттілкте жатыр. Ал, имандылық пен әділеттілік тек ислам діні мен ата-бабаларымыздың біздерге қасиеттеп қалдырған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінде жатыр. Мұны мықтап қолға алмасақ, бармақ тістеуге де шамамыз келмей қалары анық.

Дереккөздер

1. Нұралы Өсерұлы. Ислам және Қазақстан. //Руханият. –Алматы 2003 ж.

2. Ислам және Қазақстан. // Руханият, - Алматы 2003 ж. 701-б.

3. Шүлембаева Қ. Ислам дінінің топтық және әлеуметтік мәні. –Алматы 1970 ж.

4. Доржанов С.Б. Ислам және қазіргі кезең. –Алматы 1985 ж.