Қазыбек Жарылқасынұлы Иса

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қазыбек Жарылқасынұлы Иса (1962 жылы туған, Мақтаарал ауданы Бірінші май ауылы) – ақын.

Өмірбаяны

1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы (бұрынғы Киров ауданы) Бірінші май ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Қызылқұм ауылындағы орта мектепті аяқтайды. 1984 жылы Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПУ) көркемсурет-графика факультетін бітіреді. 1984-1990 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Қызылқұм орта мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. 1991 жылы қаңтар айында Алматыдағы алғашқы демократиялық басылым «Жас қазақ» газетіне бөлім меңгерушісі болып ауысады. 1993 жылы «Өркен» газетінде бөлім редакторы болып істейді. 1998 жылы «Қазақпарат» баспа корпорациясында вице-президент болып қызмет етеді. 2000 жылғы 2 мамырдан бастап, «Жас қазақ үні» газетінің тұңғыш бас редакторы – директоры болып еңбек етеді. 2009 жылы «Жас қазақ үні» газеті Бас директоры – Редакторлар кеңесі төрағасы. Сонымен қатар «Жұлдыздар құпиясы» журналы бас редакторы және «Тұран» баспасының директоры. 2012 жылдан “Ақ жол” Қазақстанның демократиялық партиясы төрағасы орынбасары. Сонымен бірге “Қазақ үні” ЖШС президенті – Редакторлар кеңесі төрағасы.

Шығармалары

Ақынның жырлары «Аудитория»(1984) «Тоғыз перне» (1988) атты ұжымдық жинақтарға енген. 1996 жылы «Керімсал» деген жеке кітабы шығып, әдеби қауымның жоғары бағасын алды. 2002 жылы «Қызыл жыңғыл» кітабы шықты. 2008 жылы «Тәтті шөл» жыр кітабы жарық көрді. 2014 жылы – Мәскеуден шыққан “Независимый Казахстан: Антология современной литературы” (Издательство "Художественная литература") жинағында бір топ өлеңдері орыс тілінде жарық көрді.

Жетістіктері

Иса 1998 жылғы республика Президенті стипендиясының иегері, Қ.Сәтбаевтың 100 жылдығына байланысты өткен мүшәйраның бас жүлдегері, Түркістанның 1500 жылдығына орай өткен халықар. мүшәйраның жүлдегері. 2011 жылғы "Шығыс шынары" халықаралық мүшәйрасының бірінші жүлдегері. 2008 жылы “Тәтті шөл” кітабы үшін Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты атанды. 2009 жылы Қазақстанның Мәдениет қайраткері атағына ие болды. 2011 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2011 жылы «Тіл жанашыры» Құрмет белгісіне ие болды.. 2014 жылы Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық – "Алтын күз" орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері. 2014 жылы "Ақпарат ісінің үздігі" атағына ие болды. 2015 жылы – "Қазақ хандығына -550 жыл" мерекелік медалымен марапатталды. <ref>Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса - Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009 жыл</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер