Қазақ тарихындағы ұлы шайқастар

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Аңырақай шайқасы

Аңырақай шайқасы (1729 ж., кей деректерде 1730 ж.) — біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі.[1] Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 жылы бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде жоңғарлар қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды. Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды. Шайқас солтүстігі Балқаш, оңтүстігі Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы жерлерде өткендігін осы өңірлерде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Аңырақай аталатын да осы өңір. Бұл шайқаста (40—45 күн) қазақтар ірі жеңіске жеткен. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр хан жүзеге асырды. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, Орта жүз қолын Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Кіші жүзді Тама Есет, Шекті Тайлақ т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Шайқасқа болашақ қолбасшы Шапырашты Наурызбай да қатысқан. Бұл шайқаста көптеген батырлар жекпе-жекке шықты. Бұл соғыста көптеген атақты батырлар қаза тапты. Соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты. Қазақтар бұл соғысты әрі қарай дамыта алмады. Оған шайқастың соңында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін басталған тақ үшін талас кедергі келтірді. Көпшілік Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті қолдады. Бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын Ырғыз арқылы батысқа алып кетті. Орта жүз қолы Сәмеке хан соңынан солтүстікке бет алды. Бірақ Аңырақай шайқасындағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті. Халқымыз үшін Аңырақай шайқасының маңызы орыстардың Бородино даласындағы, Еуропаның біріккен қолының Ватерлоо, КСРО халықтарының Ұлы Отан соғысындағы Сталинград түбіндегі жеңістерімен бірдей.

Бұланты Шайқасы

Бұланты шайқасы- 1727 ж. Ұлытау өңіріндегі Бұланты және Білеуті өзендері аралығында қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларымен болған шайқасы. 1723-1725 жж. қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірін басып алған жоңғарлар Ұлытауға қарай бет бұрды. Осы қауіпті кезеңде Ордабасы жиынында біріккен бүкіл қазақ қолының бас қолбасшылығына Әбілқайыр хан сайланды. Бұл жоңғарларға қарсы ұйымдасқан шабуылға шығуға мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде Ұлытау өңіріне енуді көздеген жоңғарлар 1726 ж. Шұбар теңіз шайқасында қазақ жасақтарынан ойсырай жеңіліс тапты. Мұның артынша Бұланты мен Білеуті өзендері арасындағы кең жазықта шешуші ұрыс болды. Ол тарихқа Бұланты шайқасы деген атпен енді. Онда қазақ жасақтары жеңіске жетіп, жоңғарлар Ұлытауға жеткізбей тоқтатылды. Сол жеңістен кейін майдан кіндігі болған төбе «Қалмаққырылған» атанды. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ұсынысымен соғыста қаза болған қазақ жауынгерлерінің денесі таудың басына шығарылып жерленді. Өзінің маңыздылығы жөнінен Бұланты шайқасы 1941 ж. Мәскеу түбіндегі жеңіспен барабар. Осы оқиғадан кейін жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталды. 1723-1725 жылдары қазақ жерінің біраз өңірін басып алған жоңғарлар Ұлы тауға қарай бет бұрды. Азаттықты аңсаған, елдің басын қосып, бірлік болмай, тірлік болмайтынын ұғынған қазақ халқы бардың басын қосып, жиын өткізді. Ордабасы жиынында біріккен қазақ қолының бас қолбасшылығына Әбілқайырды хан сайлады. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілхайыр бастаған қалың қол 1726 жылдың соңы мен 1727 жылы жоңғарларға қарсы соғыс ашты. 1726 жылы Шұбар теңіз шайқасында қазақ жасақтарынан ойсырай жеңілген жоңғарлар кейін шегіне бастады. Бұның артынша Бұланты мен Білеуіті өзендері аралығындағы шешуші ұрыста қазақ қолы жоңғарларды Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Бұл ұрыс тарихқа Бұланты-Білеуті шайқасы деген атпен енді. Осы жеңістен кейін майдан кіндігі болған төбе Қалмаққырылған аталып кетті.

Орбұлақ шайқасы

Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтеді. Жәңгір жоңғарлардың жолын кесу үшін білтелі мылтықпен қаруланған 600 сарбазбен қарсы аттанады. Әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық Орбұлақ шайқасында осы 600 қазақ сарбазы 50 мың жоңғар қолын тас-талқан етіп жеңеді. 600 адамның 50 мың адамды жеңуі бізге аңыз секілді көрінгенмен, шындық солай. Отандық тарихнаманың осы айтулы оқиғасы қалай болды? Жеңіске жету үшін Жәңгір хан қандай қосымша тактика қолданды? Осы жайды зерттеп жүрген тарих танымгері, өлкетанушы, шежіреші Асан Оразханұлы Тұрабаевты әңгімеге тартқан едік.

Байырғы дұшпан Хото Батор Хонтажы бастаған ойрат-қалмақ елу мың қолмен қазақ елін жаулап алуға аттанғаны жөнінде Салқам Жәңгір өз шолушыларынан мәлімет алады. Орбұлақтағы ойрат пен қазақтың тектілері Қарахан патшаның тұсында «Арамызды шаhар байласын, шаhар байламаса, заhар шайнасын»деп анттасқан көрінеді. Маруан-Аhра би «Орбұлақ тектілердің ат-тізгінін тартып тоқтаған тәтті жері еді. Ойраттар анттан аттады. Орбұлақтың бойында улы жебемен қарсы алыңдар. Бұл жерге қылыш көтеріп келгендер өз қанына өзі тұншығады. Ойраттар елу мың болса да 800 сарбазың жетеді. Қостоқты бастаған қолың, Сүлеймен бастаған сексен мергенің бар, қия тұмсықты біз барғанша төтеп беріңдер» деп Салқам Жәңгірге хабар жібереді.

Жәңгір бастаған қазақ қолы Орбұлақтың қия беткейіндегі 800 қойтасты паналап ор қазып алып, жауын улы жебемен қарсы алады. Сонымен қатар Сасықтекенің түтінін де пайдаланады. Улы жебе адамға жанап кетсе болды, безгек тигендей мәңгілікке сұлап түседі екен. Ал Сасықтеке деген гүл таутекелер күйлеген кезде иіскейтін және сол уақытта гүлдейтін болса керек. Соны суға қайнатып, оған шүберек малып кептіреді де, жағып жіберсе түтіні жан-жануарды уландырып тастайды. Салқам Жәңгір әскерінің бас қолбасшысы Қостоқты батыр 800 сарбазын із суытар жерге тастап, ойраттардың алдынан өзі шығады. Оларды алдаусыратады да «Сасықтеке» түтініне ұрындырады. Қазақ қолының аз екенін білетін жау жапырып тастамақ болып лап бергенде улы түтінге, онан соң улы жебеге ұрынады. Міне, осындай амал-айла арқасында қалмақ қолы ойсырай бастайды.

Аузы-басын тұмшалап, ешкінің майымен майлап алған қазақ жауынгерлеріне улы түтін әсер ете қоймайды. Уланғандары қымыз бен меңдуананы араластырып ішіп, құсады да тазарып аман қалады. Ал аттары уланса тұмсығына құйрық маймен ұрып тазартады. Алғашқыда не болғанын түсінбей қалған ойраттар мәнісін кейіннен біледі. Он мыңдай жасағынан айырылған олар кейін шегініп ақылдаса бастайды. Осы кезде жиырма мың қолымен Жалаңтөс Баhадүрдің қолы тықсыра бастайды, сол кезде қырық мың қолымен Алатау батыр, ішінде азғана қырғыз жасағы бар, сегіз мың қолымен Арқадан Малдас би жетеді. Алатау батырдың сол кездегі жетпіс жетіден асып шау тартып қалған шағы екен. Ақыл-кеңес беріп, бастап келген жасағы соғысқа араласпады.

Осы соғыс ұмытылмас ерлік ретінде тарихқа жазылды. Жалаңтөс Баhадүр, Жиенбет жырау, Қарасай батыр, Қөкі батыр, Жақсығұл батыр, Сүлеймен мерген, Жаманбай батыр, Шілмекенұлы Қостоқты батырлар өшпестей із қалдырды. Салқам Жәңгір ұрыстан соң қалмақтың жас батырымен жекпе-жекке шығып қаза тапты.