Қазақстанда генетика және селекция ғылымдарының дамуы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қазақстанда генетиканың дамуын екі кезеңге бөледі

Бірінші кезеңі

Бірінші кезеңі — ерте заманнан бастап XIX ғасырдың 10—20-жылдарын қамтиды. Бұл кезеңді халықтық селекциялық жұмыстардың кезеңі дейді. Халық қолында бар малдың асыл тұкымын, өсімдіктердің сорттарын сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа беріп жалғастырып отырды. Мысалы, қазақтың атақты Еділбай қойы, қаракел қойлардың түрлері, бидайдың жергілікті сорттары: ақбидай, қожабидай, көжебидай, сырбидай, т.б.

Қазақстанда 1910 жылғы мағлұматтар бойынша, қойдың саны 18,4 млн, басқа түліктер 11 млн болған. Өсімдіктер селекциясында сұрыптау жолымен алынған тарының сортынан Шығанақ Берсиев әр га-дан 210 ц өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасады.

Қазақстанда селекциялық жұмыстар бұдан 100 жылдай бұрын (1901— 1910 ж.) басталды. Алғашқы Красноводопад селекциялық станциясы 1906 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында құрылды. Ал 1930—1956 жылдары Қазақтың мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу институты (Алматы облысы) және Қазақтың астық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты (бұрынғы Ақмола облысы, Шортанды) ұйымдастырылды. Сонымен қатар облыс орталықтарында мемлекеттік селекциялық станциялар жұмыс істей бастады.

Қазақстанда мал тұқымын асылдандыру 1930 жылдан бастап қолға алынды. Жергілікті мал тұқымын шет мемлекеттен әкелінген асыл тұқымды малдармен будандастырды. Бұл үшін АҚШ-тан америка рамбульесі қой тұкымы, Германиядан прекос қой тұкымы, Англиядан линкольн, гемпшир, широпшир қой тұқымдары әкелінді.

Ірі қара мал тұқымынан: Голландиядан голштин, Эстониядан қара ала, Даниядан қызыл, Шотландиядан айршир, Швейцариядан симменталь, Англиядан герефорд, шортгорн, Франциядан шароле, АҚШ-тан Санта Гертруда асыл тұкымдары әкелінді. Осы аталған асыл мал тұқымдарын жергілікті (қара ала, әулиеата, қырдың кызылы, қазақтың ақбасы, т.б.) тұқымдармен будандастырудың және сұрыптаудың нәтижесінде қазір елімізде бар малдардың асыл тұқымдары шықты.

Осымен қатар генетика және селекция ғылымдарымен айналысатын мамандар даярланды. Абай атындағы Қазақ ұлттык педагогикалық университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттык университетінде, Қазақтың аграрлық университетінде кафедралар ашылып және басқа да жоғары оқу орындарда жас мамандар даярланды. Жоғары квалификациялық мамандарды дайындауда Мәскеу, Санкт- Петербург, Киев пен Новосибирск университеттері мен ғылыми зерттеу институттары көп еңбек сіңірді. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының экспериментальдық биология институты түгелдей жануарлар генетикасы және селекциясымен айналысты. Ботаника институтында, Микробиология және вирусология институттарында генетика және селекция ғылымының зерттейтін бөлімдер жұмыс істеді. Қазақстанда генетика жөне селекция ғылымының дамуына көп үлес косқан Ұлттык ғылым академиясының академиктері Ф.М. Мұхамедғалиев, Г.З. Бияшев, Б.Дарқанбаев, М.Ә. Айтқожин, Н.Я. Удольская, т.б. ғалымдар болды.

Жануарлар селекциясының генетикалық негізін қалыптастыруда Ресей ғалымдары: М.Ф. Иванов, А.С. Серебровский, П.Н. Кулешов, Б.Н. Басин, В.А. Бальмонт, С.Н. Боголюбский, т.б. үлкен үлес қосты. Өсімдіктер селекциясында: А.П. Шехурдиннің, В.Н. Мамонтованың, П.П. Лукьяненконың, Ф.Г.Кириченконың, В.Н. Ремеслоның еңбектерін ерекше атауға тұрарлық. Генетиканың басқа ғылымдармен байланысы және практикадағы маңызы.

Генетика және медицина

Тұқым қуалаудың заңдылықтары барлық тірі организмдерге, оның ішінде адамға да ортақ. Адамның көптеген белгілерінің тұқым қуалауы Мендель заңдарына сәйкес жүреді. Адамның тұқым қуалайтын ауруларының саны 4 мыңға жуық. Бұл аурулар адам жасушасындағы хромосомалар санының, құрамының, құрылысының өзгеруіне немесе гендердің өзгеруіне байланысты. Тұқым қуалайтын және туа пайда болатын аурулардың шығу себептерін анықтау, олардың алдын алу және болдырмау, емдеудің жолын қарастыру мәселелерімен медициналық генетика айналысады.

Генетика және экология

Адам өз тіршілігінде қоршаған орта және оның құрамды элементтерімен (өлі табиғат пен тірі организмдер) өзара тығыз байланыста болады. Экологияда болып жатқан алуан түрлі өзгерістер тірі организмдерге қандай жолмен болмасын әсер етеді. Олардың тұқым қуалаушылың қасиетіне жаңа өзгерістер туғызуы мүмкін. Қоршаған ортаға таралған зиянды заттар адамның дене, жыныс жасушаларындағы мутацияны көбейтеді. Адамда көптеген жазылмайтын жаралардың, болашақ ұрпақтарда тұқым қуалайтын аурулардың пайда болуына әкеліп соғады. Сонымен экологиялық мәселелерді шешуде генетиканың жаңа бір саласы ретінде экологиялық генетика пайда болды. Қазір Республика аумағындағы қоршаған орта және жеке аудандардың зиянды заттармен ластануына байланысты экологиялық-генетикалық бақылау жасау жұмысын ұйымдастыру мәселесі қойылып отыр.

Генетика және селекция

Генетика — жануарлар, өсімдіктер және микроорганизмдер селекциясының теориялық негізі болып саналады. Жануарлардың асыл тұқымын, өсімдіктердің жаңа сорттарын, микроорганизмдердің түрлі штаммаларын шығару барысында селек ционерлер генетиканың әдістерін: будандастырулардың түрлерін, мутацияны қолдан тудыру, гетерозисті және полиплоидті өсімдіктер алу, т.б. амал-әдістерді пайдаланады.

Генетика және педагогика

Жеке адамның қалыптасуында әлеуметтік жағдайлар және тәрбие жұмысымен қатар генетикалық фактордың да мәні зор. Балалардың қабілеттілігі, мінез-кұлқы, психологиялық ерекшеліктері ата-анадан берілетін қасиет. Педагогикалық генетиканың зерттейтін мәселесі — баланың ақыл-ой кабілеттілігі мен психикасына талдау жасау. Баланың ерекшеліктерін ерте біліп, оны одан әрі дамытып қалыптастыру және кәсіптік бағдар беру.

Педагогикалық генетиканың басты мақсаты — баланың жеке басына тән белгілер мен қасиеттерін тәрбиенің түрлі формаларымен ұштастыру. Олардың қалай өзгеретінін зерттей отырып, педагогикалық, психологиялық түрғыдан тиімді ұсыныс жасау. Адам үшін әлеуметтік орта шешуші рөл атқарады. Тәрбие әлеуметтік орта әсерінің ырғағын, ерекшелігін реттеп отырады. Психологиялық процестер (сезу, қабылдау, ойлау және тітіркену) тұқым қуалайтын қасиет, ал жеке тұлға әлеуметтік ортаның қозғаушы күштерінің әсерінен және тәрбиенің формалары арқылы қалыптасады.

Генетика және география

Қазіргі таңда, генетика, география, эволюция жөне тарих ғылымдары дамуының нәтижесінде ғылымның жаңа саласы геногеография пайда болды. Бұл терминді 1928 жылы ресейдің ғалым-генетигі А.С. Серебровский енгізген. Геногеографияның негізгі зерттейтін мәселесі жер бетіндегі материктерді мекендеген халықтар тектерінің шығуы, олардың таралу тарихы. Кейбір гендердің жасы ондаған және жүздеген миллион жылға жетеді. Олар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, ғасырдан-ғасырға өтіп, өзгеріп отырады.

  1. Қазақстанда генетика ғылымының дамуы екі кезеңнен тұрады. Халықтық селекциялық және жергілікті мал тұқымын шеттен әкелінген асыл тұқымды малдардың әлемдік кұнды тектерімен байыта отырып, олардың тұқымын асылдандыру.
  2. Тұкым қуалаушылық жөне өзгергіштіктің заңдылықтарын анықтауда гибридологиялық, цитогенетикалық және математикалық әдістер қолданылады.
  3. Генетика ғылымының тұкым қуалайтын аурулардың себептерін анықтауда, олардың алдын алуда, қоршаған орта ластануының тірі организмдерге әсерін болжауда, сондай-ақ адамның жеке басына тән белгілері мен қасиеттеріне талдау жасауда зор маңызы бар.<ref>Сартаев А., Гильманов М. С22 Жалпы биология: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2006. ISBN 9965-33-634-2</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}Үлгі:Biosci-stub